YouVersion Logo
Search Icon

Матай 23

23
Екі жүзді діндарларға қатаң ескерту
1Содан кейін Иса жиналған көпшілікке және Өзінің шәкірттеріне былай деді:
2— Дін мұғалімдері мен парызшылдар Мұса пайғамбардың орнын басты.#23:2 Немесе: Мұсаның орындығына отырды. (Олар халыққа Таурат заңын уағыздайтын.) 3Сондықтан олардың айтқандарын түгелдей орындаңдар, бірақ істегендеріндей істемеңдер! Себебі сол айтқандарын олардың өздері іс жүзінде орындамайды. 4Олар ыңғайсыз, тым ауыр борыштарды халықтың мойнына байлап артып қояды.#23:4 Яки: Олар халықты көптеген дін ережелері мен рәсімдерін орындауға мәжбүрлейді (11:28-29; Елш 15:10; Ғал 6:13). Бірақ өздері соларды көтеру үшін саусақтарының ұшын да қимылдатпайды.
5Олар барлық діни жоралғыларды жұрттың көзіне түсу үшін ғана орындайды. Маңдайлары мен қолдарына байлайтын, Таурат аяттары жазылған қайыс қалталардың көлемін үлкейтіп, шапандарының шашақтарын#23:5 Шашақтар Құдайға берілгендіктің белгісі болатын, ал көптеген парызшылдар жұрттың назарын өздерінің тақуалықтарына аудару үшін шашақтарын әдейі ұзартатын. ұзартады. 6Қонақасыларда төрге жайғасуды әрі мәжілісханаларда сыйлы орында отыруды жақсы көреді. 7Базарларда жұрттың өздеріне сәлем беріп құрмет көрсетіп, «ұстаз» деп атағандарын қатты ұнатады.
8Алайда сендер «ұстаз» деп аталмаңдар! Ұстаздарың Біреу-ақ, ал сендердің бәрің өзара бауырлассыңдар.#23:8 Яки: өзара бірге туған іспеттісіңдер (12:49; 25:40; 28:10,20; Жох 1:11-12; 20:17; Рим 8:29; Евр 2:11-12). 9Жер бетіндегі ешкімге «әке» деген рухани атақ бермеңдер! Бірден-бір рухани Әкелерің көкте ғой. 10Өздеріңді «тәлімгер»#23:10 Яки: «жетекші» (Рим 2:19-20). деп те ешкімге ататпаңдар! Тәлімгерлерің Біреу-ақ, Ол — Мәсіх.
11Араларыңдағы ең ұлыларың бәріңе де қызмет ете берсін! 12Себебі өзін-өзі жоғарылатқан әркім төмендетіледі, ал өзін төмен ұстаған жоғарылатылады.
13Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар!#23:13 Яки: Құдайдың қаһарына ұшырайсыңдар. (Халық үшін) Құдайдың Патшалығын халықтан жауып құлыптап қоясыңдар: өздерің де кірмейсіңдер, кіргісі келгендерге де жол бермейсіңдер!#23:13 Лұқ 11:52.
14(Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Жесір әйелдердің үй-жайын ішіп-жеп тауысып, әдейі көзге түсу үшін ұзақ мінажат етіп жүрсіңдер. Сол үшін де бәрінен бетер қатаң жазаланатын боласыңдар-ау!)#23:14 6:5; Лұқ 20:47.
15Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Бір-ақ адамды болса да дінге кіргізу үшін жиһан кезіп, су кешесіңдер. Ал кіргізген соң оны өздеріңнен екі есе бетер теріс жолға салып, тозаққа түсетін қыласыңдар!#23:15 Яғни яһуди дініне кіргендерге адам ойынан шыққан діни парыздарды тым қатаң ұстандырып, жүректеріне жалған қауіпсіздік пен мақтаншақтық ұялатасыңдар (23:25-28).
16Көр соқыр жетекшілер, сендер қасіретке қаласыңдар! Себебі былай деп үйретесіңдер: «Біреу киелі үйдің атымен ант етсе,#23:16 Яки: киелі үйдің атын атап ант берсе. (Сол заманда адамдар айтқандарының шынайылығын көрсету үшін қасиетті нәрселерді атап ант беруді дәстүрге айналдырған еді: 5:33-37.) сол мұнысын орындауға міндетті емес. Ал егер киелі үйдегі алтынмен ант етсе, онда ол сол антын орындауға міндетті». 17Ей, соқыр да надандар-ай! Не артық, алтын ба немесе алтынды қасиетті ететін киелі үй ме?#23:17 Яки: алтынның Құдайдың қызметіне бағышталғандығына себепші болған киелі үйдің өзі ме? 18Сендер тағы: «Кім құрбандық үстелімен ант етсе, сол мұнысын орындауға міндетті емес. Ал егер ол соның үстіндегі құрбандықпен ант етсе, онда ол сол антын орындауға міндетті» дейсіңдер. 19Ей, соқырлар-ай! Қайсысы артық: құрбандық па, әлде соны қасиетті қылатын құрбандық үстелі ме? 20Ендеше, құрбандық үстелімен ант еткен сол үстелмен және оның үстіндегілердің бәрімен де ант береді ғой. 21Сол сияқты, киелі үйдің атымен ант еткен, киелі үймен және онда тұратын Жаратқан Иенің атымен#23:21 Яки: киелі үймен және оны жер бетіндегі тұрағы еткен Құдай Иенің атымен (Мыс 15:17; 40:34-35; Шеж2 6:18,41; 7:1-3). де ант береді. 22Сондай-ақ, көктің атымен ант еткен, Құдайдың тағымен және тақ үстінде отырған Оның Өзінің атымен де ант береді.
23Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Тіпті (бақшадан жиналған) жалбыз, аскөк, зире#23:23 Яки: мята, анис, тмин. сияқты майда-шүйде дәмдеуіш шөптердің құнының да оннан бір бөлігін садақаға бересіңдер. Бірақ та Таурат заңының әділдік, мейірімділік және адалдық туралы маңызды қағидаларына көңіл бөлмей келесіңдер. Біріншісін істеп, екіншісін де қалдырмағандарың дұрыс болар еді. 24«Масаны сүзіп алып тастап, түйені жұтып қоятын» соқыр жетекшілер-ай!
25Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Ыдыс-аяққа сыртқы тазарту рәсімін орындай бересіңдер. Бірақ олардың іші алдамшылықпен әрі ашкөздікпен тартып алған тағамдарыңа толы.#23:25 Немесе: іші алдамшылық пен дүниеқоңыздыққа толы. 26Соқыр парызшылдар! Сыртының да таза болуы үшін, алдымен ыдыс-аяқтың ішін тазартыңдар!
27Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Әктелген молаларға ұқсайсыңдар: олар сыртынан әдемі болып көрінеді, бірақ іштері өліктердің сүйектері мен түрлі шірікке толы. 28Солар сияқты сендер де сырттарыңнан әділ болып көрінгенмен іштерің екіжүзділік пен күнәға лық толы!
29Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Пайғамбарларға әдемілеп мазар салып, әділдердің ескерткіштерін әшекейлеп безендіресіңдер. 30Және: «Біздер ата-бабаларымыздың заманында өмір сүрген болсақ, олар сияқты пайғамбарлардың қанын төкпеген болар едік» дейсіңдер. 31Сол арқылы сендер пайғамбарларды өлтіргендердің үрім-бұтағы екендеріңді мойындап, өздеріңе қарсы куәлік келтіресіңдер. 32Осылайша ата-бабаларыңның жауыздық істерінің мөлшерін толықтыра түсесіңдер!#23:32 23:34. 33Ей, жыландар, улы жыланның ұрпағы! Сендер сотталып, тозаққа түсуден қалай құтылмақсыңдар? 34Сол үшін де тыңдап алыңдар: Мен сендерге Құдайдың хабарын жеткізушілерді, дана адамдарды және киелі жазбаларды үйретуші ғұламаларды жіберемін.#23:34 Немесе: сендерге пайғамбарларды, дана ақылшыларды және (киелі жазбаларды үйретуші) дін мұғалімдерін жіберемін (Қор1 12:28; 3:18; Мат 13:52). Бірақ сендер солардың біреулерінің көздерін құртып, кейбіреулерін айқышқа шегелетіп өлтіріп, тағы басқаларын мәжілісханаларыңда дүрелеп сабап, қаладан қалаға қудалайтын боласыңдар. 35Сол үшін де кінәсіз Әбілден бастап, өздерің киелі үй мен құрбандық үстелінің арасында өлтірген Барақияхтың ұрпағы Зәкәрияға дейін жер бетінде төгілген күллі әділдердің қандарының#23:35 Жар 4:8; Шеж2 24:18-22; Лұқ 11:50-51. құны сендердің мойындарыңа жүктелетін болады!
36Сендерге шындығын айтамын: мұның барлығы да осы ұрпақтың мойнына жүктеледі!
Мойынсұнбаған Иерусалимнің күйрейтіні туралы қайғыру
37Ей, Иерусалим қаласы, пайғамбарлардың көзін құртып, Құдай саған жіберген хабаршыларды тас лақтырып өлтіретін Иерусалим-ай! Балапандарын қанатының астына алған құс сияқты, Мен де сенің халқыңды қанша рет жинамақшы болдым. Бірақ сендер одан бас тарттыңдар! 38Сондықтан үйлерің қаңырап, бос қалдырылады.#23:38 Құдай киелі үй мен қаланы тастап кетпек (24:15; Лұқ 21:20-24). 39Сендерге шындығын айтайын: бұдан былай, «Жаратқанның атынан келе жатқан (Патша) жарылқанған!» деп шақырған уақыттарыңа дейін, Мені қайтып көрмейсіңдер.#23:39 21:9; 24:30; Жыр 117:26.

Currently Selected:

Матай 23: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in