Матай 22
22
Тойға шақырылғандар туралы астарлы әңгіме
1Иса халыққа астарлы әңгімелер арқылы тәлім беруін жалғастырды. Оларға былай деді: 2«Құдай Патшалығындағы жағдайды мынаумен салыстыруға болады: бір патша баласының үйлену тойын өткізуге дайындалыпты. 3Содан ол шақырған кісілерін алып келуге қызметшілерін жібереді. Алайда сол адамдардың келгілері келмейді.
4Патша басқа қызметшілерін жұмсап:
— Шақырылғандарға айтыңдар, мен қонақасымды әзірлеп қойдым, өгіздер мен бордақыланған торпақтар#22:4 Яки: семіртілген бұзаулар (баспақтар). сойылып, бәрі дайын тұр. Тойға келе беріңдер! — дегізеді.
5Бірақ олар шақыруды елемей, біреуі егіндік жеріне, біреуі саудасына кетіп қалады. 6Тағы басқалары қызметшілерін ұстап алып, қорлап, өлтіріп тастайды. 7Мұны естіген патша қаһарланып, әскерін жұмсап, әлгі кісі өлтірушілердің көздерін құртып, олардың қаласын өртеп жібереді. 8Содан кейін қызметшілеріне:
— Той дайын, ал шақырылғандар оған лайықсыз болып шықты. 9Енді жол тораптарына барып, кімді кездестірсеңдер, соларды тойға шақырып, алып келіңдер! — деген жарлық береді.
10Жан-жаққа аттанған қызметкерлер кімді кездестірмесін — жаманын да, жақсысын да бәрін жинап алып келеді. Той болған үй адамдарға лық толады.
11Патша келгендерді көруге кіргенде, тойға сай киім#22:11 Патша тойға келгендерге арнайы киім сыйлағанмен, бұл адам киюден бас тартты. Мұндағы той киімі Құдайдың күнәкарды кешіріп, оған әділдік сыйлағандығын астарлап бейнелейді (Иш 61:10; Зәк 3:4; Аян 7:14; 22:14). кимеген біреуді көріп, 12одан:
— Достым, мұнда той киімінсіз қалайша кірдің? — деп сұрайды. Ол үндемейді. 13Патша нөкерлеріне:
— Мынаның аяқ-қолын байлап, сыртқа, қара түнекке#22:13 Яки: тозаққа (8:12; Пет2 2:17). лақтырыңдар! — деп бұйырады. — Сонда ол зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады.
14Себебі шақырылғандар көп, ал таңдап алынғандар аз».#22:14 Яки: шақырылғандардың көбі келуден бас тартып, тойға қатыса алу мүмкіндіктерінен айырылады (20:8; Нқл 1:24; Аян 3:5).
Шетелдік патшаға салық төлеу және қиямет туралы сұрақтар
15Парызшылдар сол жерден кетіп, Исаны өз сөзінен ұстаудың жолын іздеп ақылдасты. 16Оған Иродтың жақтастарымен#22:16 Римдік патша тағайындаған аймақ әміршісі Ирод Антипастың сөзін сөйлеушілер (Мар 3:6). бірге өз шәкірттерін жіберіп, мынадай қитұрқы сұрақты қойғызды:
— Ұстаз, Сіздің әділ екеніңізді білеміз. Жұртты шынымен Құдай жолына үйретіп, біреуге жағыну ниетінен аулақсыз, ешкімнің де бет-жүзіне қарамайсыз. 17Енді бізге айтыңызшы, қалай ойлайсыз, Рим патшасына алым-салық төлеуіміз дұрыс па, әлде бұрыс па?#22:17 Немесе: Цезарьға алым-салық төлеуіміз (Құдай бұйырған Таурат заңы бойынша) рұқсат етілген бе, жоқ па? (Көптеген яһудилер өз елдерін жалған тәңірлерге табынатын римдіктердің басқарып, салық төлеуді талап еткеніне қатты наразы еді. Сондықтан басшылар осы саяси тұрғыдан айрықша маңызды қитұрқы сұрақ арқылы Исаны өз сөзінен сүріндіруге тырысты: Лұқ 20:20; 23:2.) — 18Олардың арам ойларын білген Иса:
— Екі жүзділер, Мені азғырып сынамақсыңдар, ә? 19Маған салыққа төлейтін бір күміс теңгені көрсетіңдерші! — деді. Олар Оған бір күміс теңге әкеліп берді. 20Иса:
— Мына сурет пен жазу кімдікі? — деп сұрады. 21Олар:
— Рим патшасынікі, — деп жауап берді. Сонда Иса:
— Олай болса, патшаға тиістісін патшаға, ал Құдайға тиістісін Құдайға беріңдер! — деп тұжырымдады.
22Мұны естіген олар таңданып, Исаның қасынан кетіп қалды.
23Саддукейлер#22:23 (3:7; 16:1; Мар 12:18; Лұқ 20:47; Елш 23:6-8; Түсіндірмені де қараңыз.) Яки: Садықшылдар. өлімнен қайта тірілу жоқ дейтін. Сондықтан саддукейлер ұйымының кейбір мүшелері сол күні Исаға келіп, мына сұрақты қойды:
24— Ұстаз, Мұса пайғамбар бізге (Тауратта) мынадай бұйрық берген: Егер үйленген біреу артынан бала қалдырмай өлсе, онда жесіріне ағасы не інісі үйленіп,#22:24 Яки: ағасы не інісі әмеңгер болып (Заң 25:5-6; Рут 4:5). марқұм бауыры үшін ұрпақ қалдырсын! 25Арамызда жеті ағайынды жігіт бар еді. Солардың тұңғышы үйленіп, соңынан бала қалдырмай өлді. Жесіріне екіншісі әмеңгер болып үйленді. 26Ал мұнымен де, үшіншісімен де, тіпті жетеуінің бәрімен де дәл осы сияқты болды. 27Ақыры бәрінің соңынан әйел де көз жұмды. 28Ендеше, қиямет күні қайта тірілгенде әйел осы жетеудің қайсысынікі болады? Ол солардың бәрінің де әйелі болған еді ғой! — 29Бірақ Иса былай жауап қайырды:
— Киелі жазбаларды және Құдайдың құдіретін ұқпағандықтан жаңылып жүрсіңдер! 30Себебі өлімнен қайта тірілгеннен кейін адамдар әйел алмайды, күйеуге де шықпайды. (Сол жағынан) олар көктегі Құдайдың періштелері іспетті болады.#22:30 Лұқ 20:35-36; Қор1 15:42-50. 31Ал өлгендердің қайта тірілуі жайында Құдайдың (Тауратта): 32«Мен Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайымын»#22:32 Мыс 3:6. дегенін оқымап па едіңдер? Демек, Ол — өлгендердің емес, тірілердің Құдайы!#22:32 Егер ежелде қайтыс болған сенушілер о дүниеде тірі болмаса, онда Құдай «Кезінде Маған сенуші болған Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайымын» деген болар еді.
33Мұны естіген халық Исаның тәліміне таңғалды.
Ең маңызды өсиет және Мәсіхтің шынайы болмысы туралы
34Исаның саддукейлерді үндетпей қойғанын естігенде, парызшылдар#22:34 3:7; 16:1; Түсіндірмені де қараңыз. бас қосып жиналды. 35Кейін олардың біреуі, Таурат заңын үйретуші ғұлама,#22:35 Яғни Таураттағы діни заңдарды халыққа үйретуші мұғалім. Исаның ұстанған ілімін сынамақшы болып Оған мына сұрақты қойды:
36— Ұстаз, Таураттағы ең ұлы өсиет қайсысы? — Иса:
37— «Құдай Иеңді#22:37 (Заң 6:5) Яки: Құдайың — Жаратқан Иені. шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!» 38Бұл — ең ұлы да басты өсиет. 39Ал екіншісі де сол сияқты маңызды: «Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!»#22:39 Яки: «Өзіңді қалай сүйсең, басқаларды (яғни өмір жолында Құдай саған кездестірген адамдарды) да солай сүй!» (5:43; 25:34-40; Мар 12:31; Лұқ 10:25-37; Леу 19:18) 40Бүкіл Таурат заңы мен Пайғамбарлар жазбалары осы екі өсиетке негізделген, — деді.
41Қасына жиналған парызшылдарға Иса:
42— Мәсіх туралы не ойлайсыздар, Ол кімнің Ұрпағы болады?#22:42 Немесе: Ол кімнің Ұлы? (1:1; 9:27; 12:23; 21:9,15; Түсіндірмедегі «Дәуіттің ұрпағын» да қараңыз.) — деген сұрақ қойды. Олар:
— Дәуіттің Ұрпағы! — деді. 43Сонда Иса:
— Ендеше неліктен Дәуіт Киелі Рухтың жетелеуімен Мәсіхті «Ием» деп атады? Ол: 44«Жаратқан Ие менің Иеме былай деп айтқан: Мен жауларыңды табаныңның астына салып бергенімше отыр оң жағымда», — деген ғой.#22:44 Жыр 109:1; Елш 2:34-35. 45Сонымен, Дәуіт (пайғамбар) Мәсіхті «Ием» деп атаса, қалайша Ол «Дәуіттің Ұрпағы» ғана болады? — деп сұрады.#22:45 3:17; 16:16; 17:5; 24:30; 26:64; 28:18-20; Мар 12:37.
46Ешқайсысы Исаға жауап беріп, бір сөз де айта алмады. Бұдан кейін тағы басқа сұрақтар қоюға ешкімнің де батылы бармады.
Currently Selected:
Матай 22: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.