Еремия 52
52
Иерусалимнің жау қолына түсуі әрі Седекиях патшаның үкімделуі
1Седекиях патша болғанда жиырма бір жаста еді, ол Иерусалимде он бір жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні либналық Еремия қызы Хамутал болатын. 2Кезінде ағасы Жохақым істегендей, Седекиях та Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді. 3Жаратқан Ие Иерусалим мен Яһуданың халқына қатты қаһарланғандықтан, оларды ақырында Өзінің қасынан аластатты.#52:3 Яғни оларды Өзінің жер бетіндегі тұрағы — Иерусалимдегі киелі үйінен алыс жерге айдатып жіберді (Пат4 23:27; 24:20; 25:20).
Сол кезде Седекиях Бабыл патшасына қарсы бас көтерді.
4Седекияхтың патшалық құрған тоғызыншы жылының оныншы айының оныншы күні#52:4 (39:1) Б.з.д. 588 ж. 15-қаңтар. Бабыл патшасы Набуходоносор бүкіл әскерімен Иерусалимге қарсы аттанды. Олар қаланы қоршауға алып, оның қамалынан өрлеп өту үшін жан-жағын айналдыра тас-топырақ үймектер жасады. 5Иерусалим Седекияхтың патшалық құрған он бірінші жылына дейін қоршауда болды.
6Сол жылғы төртінші айдың тоғызыншы күні#52:6 Б.з.д. 586 ж. 18-шілде. азық-түлік атаулы бітіп, қаланы аштық қатты жайлап тұрған еді. 7Осы кезде жау қала қабырғасының бір жерін тесіп, ішке кірді. Сонда (Седекиях пен) барлық яһуди жасақшылары қашып кетуге тырысты. Халдейлер әскері#52:7 Яғни бабылдық әскер (Пат4 25:4). қаланы қоршап тұрғанмен, олар түн ішінде патша бағының маңында екі қабырғаның арасында орналасқан қақпадан сытылып шықты. Содан олар Иордан аңғарындағы елсіз далаға қарай бет алды. 8Алайда халдейлер әскері Седекиях патшаның соңынан аттанып, оны Иерихонның маңайындағы елсіз далада қуып жетті. Седекияхтың бүкіл жасағы оның қасынан бытырап кеткен болатын.
9Седекиях халдейлердің қолына түсіп, Хамат еліндегі Рибла қаласына Бабыл патшасының алдына апарылды. Ол Седекияхқа үкім шығарды. 10Бабыл патшасы сол Риблада Седекияхтың ұлдарын оның көз алдында түйреп өлтірді. Ол, сондай-ақ, Яһуданың барлық әміршілерін де түйреп өлтірді. 11Мұнан кейін Бабыл патшасы Седекияхтың екі көзін ойып алып, қол-аяғына қола шынжыр салып, оны Бабылға айдап әкетті. Өлген күніне дейін Седекияхты сондағы зынданға тастады.#52:11 32:3-5; 39:6-7.
Бабылдықтардың Жаратқан Иенің киелі үйін тонап, қиратуы
12Набуходоносор Бабылға патшалық құрған он тоғызыншы жылдың бесінші айының оныншы күні#52:12 Б.з.д. 586 ж. 17-тамыз. оның бір нөкері — патша ұландарының әміршісі Набузар-Адан Иерусалимге келіп жетті. 13Әмірші Жаратқан Иенің киелі үйіне, патшаның сарайына және Иерусалимдегі барлық үйлерге от қойып, үлкен ғимараттардың бәрін де өртеп жіберді. 14Әміршіге еріп келген бүкіл бабылдық әскер#52:14 Яки: халдейлер жасағы. Иерусалимді қоршаған қабырғаларды түгелімен қиратып тастады. 15Ұландардың әміршісі Набузар-Адан халықтың кедейлерінің бірнешеуін, қалада қалып қойған басқаларды, қолөнершілер мен өзге шеберлердің қалғандарын және Бабыл патшасының жағына өтіп кеткендерді#52:15 38:2-3. тұтқындап, айдап әкетті. 16Әмірші тек ең кедей тұрғындардың біразын ғана жүзімдіктер мен егіндіктерді күту үшін елде қалдырды.
17Халдейлер Жаратқан Иенің ғибадатханасында тұрған екі қола бағананы, жылжымалы қола тұғырларды және теңіз деп аталатын дәу қола қазанды#52:17 Шеж2 3:15-17; 4:2-4,12-15. бөлшектеп сындырып, солардың барлық қоласын Бабылға тасып әкетті. 18Олар (киелі үйдегі құрбандық үстелін тазалауға арналған) күлсалғыштар мен күрекшелерді, білте түзеткіштерді, (су не қан бүркуге арналған шағын) тостағандарды, табақтарды және ғибадатханада Жаратқан Иеге құрбандықтар мен сый-тартулар ұсынғанда қолданылған басқа да қола ыдыс-аяқтар мен аспаптардың барлығын алып кетті. 19Ұландардың әміршісі табақтарды, шоқ салынатын табаларды, тостағандарды, қазандарды, шам қойғыштарды,#52:19 (Пат3 7:49; Шеж2 4:20) Яки: шырағдандарды (шамдалдарды). аяқтарды,#52:19 (Мыс 25:29; Рул 4:7; Пат3 7:50) Немесе: шөміштерді. сұйық тартуларды ұсынуға арналған тостағандарды және саф алтын не күмістен жасалған барлық басқа бұйымдарды да алып кетті.
20Сүлеймен патша кезінде Жаратқан Иенің киелі үйіне арнап жасатқан екі бағананың, дәу қазанның және оның астындағы өгіз бейнелі он екі тұғырдың қоласы таразыға салып, салмағын өлшеуге тым ауыр болды. 21Екі бағананың әрқайсысының биіктігі он сегіз шынтақ, діңінің айналдыра ұзындығы он екі шынтақ еді.#52:21 Яки: периметрі 8,1 м еді. Бағаналардың іштері қуыс, қабырғаларының қалыңдығы төрт елі болды. 22Әр бағананың үстіңгі иығындағы қоладан жасалған үлкен тостаған кейпінің биіктігі бес шынтақ болды. Сол кейіптерге айналдыра шынжыр және анар тәрізді қола әшекейлер ілінген еді. 23Бағананың жақтарында тоқсан алты әрі иықтарында жалпы саны бір жүз анар тәрізді әшекей болды.
Яһуда халқының Бабылға жер аударылуы
24Ұландардың әміршісі бас діни қызметкер Сераяхты, одан кейінгі лауазымды діни қызметкер Софонияны#52:24 21:1; 29:25; 37:3. және ғибадатхананың үш қақпа күзетшісін де тұтқындады. 25Қалада әлі де қалып қойғандардан ол жасақшылардың басшысын, патшаның кеңесшілерінің жетеуін, елдегі ер адамдарды әскери қызметке тіркеген қолбасшының хатшысын және елдің тағы алпыс тұрғынын қолға түсірді. Бұлар да қаладан табылған болатын. 26Ұландар әміршісі Набузар-Адан олардың бәрін Хамат еліндегі Рибла қаласына, Бабыл патшасының алдына алып барды. 27Сол жерде Бабыл патшасы оларды өлімге бұйырды.
Осылайша Яһуда халқы өз елінен басқа жаққа жер аударылып кетті.
28Набуходоносор жер аударған халықтың жалпы саны: оның патшалық құрған жетінші жылы — үш мың жиырма үш яһудалық, 29оның он сегізінші жылы — Иерусалим қаласынан тағы сегіз жүз отыз екі адам, 30әрі жиырма үшінші жылы — тағы жеті жүз қырық бес яһудалық болды. Бұларды ұландар әміршісі Набузар-Адан Бабылға айдап әкетті. Осылайша барлығы төрт мың алты жүз адам болды.
Ехониях патшаның Бабылда ақталып, абыройлы болуы
31Ал Яһуда (елінің бұрынғы) патшасы Ехониях#52:31 (Шеж2 36:9) Оның басқа аты Ехойәкін болды, ол Иоакин және Иоаким деп те жазылады. болса, ол Бабылға жер аударылып кеткеннен#52:31 Пат4 24:12,15. кейінгі отыз жетінші жылы Еуил-Меродах Бабылға патшалық құра бастады. Жаңа патша сол жылдың он екінші айының жиырма бесінші күні#52:31 Б.з.д. 561 ж. 31-наурыз (Пат4 25:27). Яһуда патшасы Ехонияхты мейірімділікпен босатып, түрмеден шығарды. 32Еуил-Меродах онымен жылы сөйлесіп, Бабылда өз қасында болған барлық басқа патшаларға қарағанда Ехонияхты ең жоғарғы орынға отырғызды. 33Осылай Ехониях түрмедегі киімдерін ауыстырып, бұдан былай ұдайы патшамен дастарқандас болып, бірге тамақтанып жүрді. 34Ехониях көз жұмған күнге дейін бүкіл өмір бойы оның күнделікті мұқтаждарын Бабыл патшасы қамтамасыз етіп отырды.
Currently Selected:
Еремия 52: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.