Жоқтау 1
1
Қаңырап бос қалған қаланың қайғысы
1(Пайғамбар:)
Беу, бір кезде халқы мол болған қала
Жападан-жалғыз отыр қазір қалайша!
Ол сыйлы болатын халықтар арасында,
Ал енді жесірдей болды тым бейшара.
Аймақтарды басқарған ақсүйек ханша
Жай күңдей қазір ауыр жұмыс жасауда.
2Түнде ол еңіреп жылап жатады,
Көз жасы бетінен төмен ағады.
Ашына болғандардың ешқайсысы#1:2 Яки: Оның бұрынғы көңілдес одақтастарының (яғни одақтас мемлекеттерінің) ешқайсысы (1:19; Ерм 4:30; 22:20-22; 30:14).
Жұбату үшін қасында қалмапты,
Опасыз болып достарының барлығы да
Айналып кетті оның жауларына.
3Көп азап шегіп, езгіге салынып,
Яһуданың халқы кетті айдалып,
Халықтардың арасын мекендейді,
Ал сол жерде тыныштықты білмейді,#1:3 Жаратқан Ие мұны алдын ала ескерткен еді: Заң 28:65.
Жау қуып жетті оны мүшкіл күйінде.
4Сионға апаратын жолдар қайғыруда,
Өйткені келер ешкім жоқ мейрамдарына,
Қаңырап бос тұр оның қақпалары да,
Діни қызметкерлер күңірене жоқтауда,
Қызметші қыздары қайғырып жылауда,
Оның өзі де қатты қиналуда!
5Жау айналды қаланың қожайынына,#1:5 Заң 28:44.
Бірақ жағдай жақсы қарсыластарында.
Қаланың күнәлары тым көп болғаннан
Қайғыға ұшыратты оны Жаратқан,
Халқын жау айдап әкетті қаладан.
6Сион шаһары#1:6 Немесе: Қыз Сион. Яки: Иерусалим (2:1; Иш 1:8; Ерм 4:31). бар сәнінен айырылған,
Оның күллі әміршілері ұқсас болған
Бұғыларға жайылым таппай ашыққан,
Әлсіреп қашуда олар жау алдынан.
7Иерусалим қиналып, ел кезіп жүргенде
Бұрынғы мол байлығын сақтайды есінде.
Халқы оның дұшпанның қолына түскенде,
Көмектесер ешкім болмады өзіне.
Жаулар қарап, күлді оның күйрегеніне.
8Иерусалим күнәға терең батып,
Осылай жексұрын болды арамданып.
Бұрын оны құрметтеп сыйлағандар да
Абыройының ашылғанын табалауда,
Ал өзі сырт бұрылып, аһылауда.
9Зор күнәсінен қала арамданып қалды,#1:9 Немесе: «Оның етегінде былғаныш болды». (Демек, қаланың халқы жалған тәңірлермен және басқа халықтармен «көңілдес» болып, сөйтіп ата-бабаларымен Келісім жасаған Жаратқан Иеге опасыздық жасап «былғанған» еді: 1:2,8; Ерм 2:25-27; 13:27; Езк 24:12-13.)
Соңында не боларын ол еш ойламады.#1:9 Иш 47:7.
Сондықтан да қала қатты құлдырады,
Оны жұбататын ешкім де болмады.
«Назар салшы азабыма, уа, Жаратқаным, —
Дейді ол, — Тым мақтанады қас дұшпаным!»
10Жау қол сұқты бар қымбат қазыналарына,
Бөтен жұрт кіріп алды ғибадатханасына,
Ал Сен бұйырдың: «Олар кірмесін жамағатқа!»
11Бүкіл халқы нан іздеп аһ ұруда,
Азық үшін бар дүние-мүлкін сатуда.
(Иерусалим:)
«Қорланғаныма назар салшы, уа, Жаратқан!»
12«Бұл сендерге әсер етпей ме, ей, қасымнан
Өтушілер, жан-жаққа қарап, Жаратқан
Қаһары лап еткенде, мені қайғыртқан
Кезде тартқан жазамды басқа кім тартқан?
13Көктен Тәңірім бойыма от жіберді,
Өрт жалмады күйретіп сүйектерімді.
Аяғыма тұзақ құрып, мені кері бұрды,
Ием мені қаңыратып бос қалдырды,
Күн сайын шаршатып-шалдықтырды.
14Күнәмді қолымен жіптей есіп шығарды,
Жармадай етіп мойныма салды оларды,
Жаратқан мені қуатымнан айырды,
Қарсы тұра алмайтын жауыма тапсырды.
15Жасақшыларымды Ием менсінбеді,
Жас ерлерімді құртуға қол жинап әкелді.
Жүзімнің сыққышта тапталатыны секілді
Сүйікті Яһуда халқын#1:15 Немесе: Қыз Яһуданы (2:2,5; Ерм 14:17). таптай берді.
16Сондықтан жылап, көз жасымды төгудемін,
Жұбатып, маған күш беретін жоқ ешкім.
Жау жеңіп, күйреді халқым менің».
(Пайғамбар:)
17Сион қол созса да, жоқ жұбатушылары,
Ал Жаратқан Ие былай деп бұйрық шығарды:
«Жақып елін#1:17 Немесе: Жақыпты (Жақып, яғни Исраил, Яһуда халқының түп атасы болған: Жар 32:28; 49:1,8-10). қоршауға алсын дұшпандары!»
Олар үшін Иерусалим арам затқа айналды.
(Иерусалим:)
18«Жаратқан Ие әділ, — дейді Иерусалим. —
Мен Оның айтқанына бағынбаған едім.
Бар халықтар, тыңдап, қараңдар азабыма,
Жас жігіт-қыздарым менің кетті айдауға!
19Шақырып ем көмекке көңілдестерімді,#1:19 Яки: одақтастарымды (1:2).
Алайда олар сатып кетті өзімді.
Діни қызметкерлерім мен ақсақалдарым
Қаза тапты аралап Иерусалим
Қаласын азық іздеп жүріп өлмес үшін.
20Менің қанша азап шегіп келгеніме
Аударшы назарыңды, уа, Жаратқан Ие!
Мен саған бағынбай, қарсы шыққандықтан,
Жан дүнием менің алай-дүлей болған,
Жүрегім де әбден тынышсызданған.
Жол бойы семсер халқымды жалмауда,
Үйлердің ішіне де ажал таяуда!
21Жұрт естісе де ауыр күңіренгенімді,
Жұбататын ешкім жоқ қасіретімді.
Жауларымның барлығы басыма түскен
Ғаламат азабым туралы естіген,
Сенің солай істегеніңе жұрт көңілденген!
Сен алдын ала айтқан сот күнің келсін,
Олар да мен сияқты бола берсін!
22Бар сұмдығы әшкереленсін алдыңда,
Мені жазаладың көп күнәма бола,
Дәл солай жазалай гөр оларды да!
Көп аһ ұрып, жүрегім қан жылауда».
Currently Selected:
Жоқтау 1: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.