Еремия 3
3
Исраилдің опасыздығы
1«Егер біреу әйелімен ажырасып, әйелі басқа біреуге тисе, оның бұрынғы әйеліне қайтадан үйленуіне болмайды ғой. Өйткені бұдан осы ел түгелдей арамданар еді. Ал сен, Яһуда халқы, көптеген ашынамен көңілдес болған әйел сияқты болып келесің. Енді Маған қайта оралмақсың ба?#3:1 Заң 24:1-4; 4:29-31; Леу 18:24-28; Иш 55:6-9. — дейді Жаратқан Ие. 2— Жан-жағыңа қарап, тақыр төбелерге назар аударшы! Солардың қайсысында жалған тәңірлерге табынып, азғындық жасамадың? Сен иен далада жолаушы торуылдаған қарақшыға ұқсап ашыналарыңды тосып жол бойында отырдың. Өзіңнің азғындығың әрі зұлымдығыңмен елді арамдадың.
3Сол себепті әдеттегідей нөсер құймай, көктемгі жаңбыр да жаумады.#3:3 Заң 11:13-14; Леу 26:19. Бірақ сен бәрібір бетің шімірікпей, ұялу дегенді білмейсің. 4Оның үстіне әлі де Маған: «Әкем-ау, жастық шағымнан бері мені жетелеп келе жатқан досымсың ғой! 5Сен әрдайым маған қаһарлана бермексің бе? Қаһарың мәңгілікке жалғаса бере ме?» деп жалынасың. Міне, осылай дей тұра, сен қиқарлықпен зұлымдықтың бәрін жасай бересің».
Құдайдың өз халқын қайтып келуге тағы да шақыруы
6Жосия патшаның заманында Жаратқан Ие маған былай деді: «Тұрақсыз Солтүстік Исраилдің не істегенін көрдің бе? Ол әрбір биік төбеге шығып, әрбір саялы ағаштың түбіне барып, жалған тәңірлерге табынып азғындық жасады.#3:6 Пат4 17:7-12,15-17. 7Осының бәрін істегеннен кейін оны Өзіме қайтып оралатын шығар деп ойлаған едім. Бірақ ол оралмады. Оның үстіне, опасыз сіңлісі Яһуда да мұны көріп тұрды. 8Мен тұрақсыз Солтүстік Исраилге жасаған барлық азғындықтары үшін талақ хатын жазып беріп, оны қуып жібердім.#3:8 3:1; Заң 24:1,3; Пат4 17:6; 18:9-11. Әйтсе де бұдан оның опасыз сіңлісі Яһуданың еш қорықпағанын, тіпті өзінің де азғындыққа салынғанын көрдім.#3:8 3:11; Пат4 17:19; Езк 16:46-47; 23:11; Ош 4:15. 9Сол жеңіл жүрісі өзіне түк емес болып көрініп, ол тас пен ағаштан жасалған тәңір мүсіндерімен рухани азғындық та жасады. 10Ал осының бәріне қарамай Солтүстік Исраилдің опасыз «сіңлісі» Яһуда Маған шын жүрегімен емес, өтірік қайтып келді!» — дейді Жаратқан Ие.
11Жаратқан Ие маған былай деді: «Опасыз Яһудаға қарағанда тұрақсыз Солтүстік Исраил әділірек. 12Сондықтан бар да, солтүстікке қарай мына хабарды жарияла: Уа, тұрақсыз Исраил, Маған қайтып кел! Бұдан былай сендерге қабақ түйіп қарамаймын, өйткені Мен рақымдымын! — деп уәде береді Жаратқан Ие, — Менің қаһарым мәңгілікке ұласпайды. 13Алайда өз кінәңді: Құдайың Жаратқан Иеге қарсы бас көтеріп, әрбір саялы ағаштың түбінде бөгде тәңірлерге беріліп, Менің даусыма құлақ салмағаныңды мойындауың қажет!»#3:13 2:20; 3:2,25; 14:20; Заң 12:2; 30:1-3. — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
14«Қайтыңдар Маған, уа, тұрақсыз балаларым! — дейді Жаратқан Ие. — Өйткені Мен сендердің қожайындарыңмын. Әр қаладан біреуден, әр рудан екеуден таңдап алып, сендерді Сионға әкелемін. 15Сонда Мен сендерге өздеріңді біліммен және түсінікпен жетелеп жүретін, көңілімнен шыққан бағушыларды беремін».
16Жаратқан Ие тағы мына уәдені береді: «Сендер өсіп-өніп, елдегі сандарың көбейген күндер келгенде, адамдар Жаратқан Иенің Келісім сандығы туралы айтпайтын болады. Олар тіпті ол жайында енді ойламайды да, оны естеріне алып, аңсамайды да, не басқа бір Келісім сандығы жасалмайды да. 17Сол заман келгенде Иерусалим «Жаратқан Иенің жер бетіндегі тағы» деп аталып, барлық ұлттар Жаратқан Иенің есімін дәріптеу үшін Иерусалимде жиналатын болады. Бұдан былай олар өздерінің зұлым жүректерінің қыңырлығымен жүрмейді. 18Сол заман туғанда Яһуда халқы Солтүстік Исраил халқына қосылып, екеуі (жер аударылған) солтүстіктегі елдерден#3:18 1:13-15; 16:15; 23:8; Пат4 17:6; 18:11; 25:11. Мен өздерінің ата-бабаларына мұралық меншікке берген елге қайтып келеді.
19Мен сендерді рухани балаларым ретінде құшақ жая қарсы аламын деген болатынмын. Көптеген халықтар тамашалаған осы керемет елді сендерге мұралық меншікке табыстауға ниеттенген едім. Сендер Мені «Әке» деп атап, Менен ешқашан бас тартпайсыңдар деп ойладым. 20Бірақ өз күйеуіне опасыз болған әйел сияқты, сен де, уа, Исраил халқы, Маған опасыздық жасадың», — деп ескертеді Жаратқан Ие.
Исраилдің үрім-бұтағының жалынуы
21Тақыр төбе бастарынан бір дауыс естіліп тұр. Бұл өздерінің теріс жолдарымен адасып кетіп, Құдайлары Жаратқан Иені ұмытқан исраилдіктердің зарлы үні.
22— Қайтып келіңдер Маған, ей, тұрақсыз халық! Мен сендерді опасыз қылықтарыңнан арылтып сауықтырамын.
— Иә, біз Саған қайтып келеміз, өйткені Сен біздің Құдайымыз Жаратқан Иесің! — дейді Солтүстік Исраилдің халқы. — 23Шынында, тау-төбелердің бастарында жиналып, жалған тәңірлерге табынып, азғындыққа салынуымыз алдамшылық, көз бояушылық. Исраилдің құтқарылуы шынымен тек Құдай Иемізден ғана! 24Жастық шағымыздан бері сол масқара тәңірсымақтар#3:24 Ош 9:10. ата-бабаларымыздың еңбектерінің жемісін — ірілі-ұсақты малдарын, тіпті ұл-қыздарын да жалмап келді.#3:24 2:26-28; 11:13; 32:35; Пат4 17:17. 25Ұятымызға бола біз жерде жатырмыз әрі масқараның астында қалдық. Өйткені өздеріміз де, ата-бабаларымыз да Құдай Иемізге қарсы күнә жасадық. Жастық шағымыздан күні бүгінге дейін Құдайымыздың айтқандарына құлақ аспай келеміз.
Currently Selected:
Еремия 3: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.