Еремия 2
2
Құдайдың Исраил халқын Өзіне қайтуға шақыруы
1Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді: 2«Барып, мынаны Иерусалимге естірте жарияла: сенің Мені қалыңдық іспетті сүйіп, тіпті құнарсыз иен далада соңымнан еріп жүрген жас кезіңдегі адалдығың есімнен шықпайды. 3Өнімнің алғашқы үлесі сияқты, Исраил де Маған, Жаратқан Иеге, бағышталған халық еді. Сондықтан оны жалмап құртпақ болғандар айыпталып, апатқа душар болатын, — деп ескертеді Жаратқан Ие».
4Уа, Жақыптың үрім-бұтағы — Исраилден тараған барлық рулар, Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар!#2:4 Пайғамбар осында Исраилді және басқа халықтарды Құдайдың алдына келіп, сотталуға шақырады (Иш 1:10). 5Жаратқан Ие мынаны айтады: «Осыншама алшақтап кететіндей ата-бабаларың Менен қандай кінә тапты? Түкке тұрғысыз тәңірсымақтардың жолына түсіп, өздері де түкке тұрғысыз болып кетті.#2:5 Пат4 17:15; Жыр 113:16.
6Олар былай деп сұраған жоқ: «Бізді Мысыр елінен бастап алып шыққан Жаратқан Ие қайда екен? Ол бізді қуаңшылық пен қара түнек жайлаған, шөл далалары мен шұңқырлары бар, ешкім аяқ баспайтын да, мекендемейтін де құла түзбен жетелеп алып жүрді емес пе?!»
7Мен сендерді мол өнімінің қызығын көрулерің үшін осы шұрайлы елге алып келдім. Бірақ сендер бұл елімді күнәларыңмен арамдадыңдар! Менің өздеріңе тапсырған меншікті жерімді жиренішті еттіңдер! 8Тіпті діни қызметкерлер «Жаратқан Ие қайда?» деп сұрамады, заңды үйретіп билік айтатындар Мені жақыннан танып білмеді. Халықтың жетекшілері Маған қарсы шықты,#2:8 Яки: Заң мұғалімдері Мені білмеді, бағушылар Маған қарсы шықты (18:18; Заң 33:10). пайғамбарлар Бағалдың атынан пайғамбарлық сөз айтып, еш пайдасыз тәңірсымақтардың жолын қуып келеді.
9Сондықтан Мен бұдан былай да сендерді айыптаймын, әрі балаларың мен немерелеріңді де кінәлаймын, — деп ескертеді Жаратқан Ие. — 10Теңізді кесіп өтіп, батыстағы аралдарға барып, қараңдар, не шығыстағы Қидар еліне барып, жақсылап байқаңдар! Мынадай нәрсе бұрын-соңды болған ба еді: 11сондағы бір халық өзінің табынатын тәңірлерін басқаларға ауыстырып па екен? Ал олардың тәңірлері шынайы Құдай емес қой! Бірақ Менің халқым өзінің даңқты Құдайын еш пайдасыз тәңірсымақтарға ауыстырып кетті!
12Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: Уа, көк, бұған наразылана аңтарыл, қатты жиреніп дірілде!#2:12 «Көк», яғни ондағы Құдайдың нөкерлері (періштелері) Оның Исраилмен жасаған Келісіміне куә болған еді, енді осы «сотқа» айғақ ретінде шақырылады (Заң 4:26; 32:1,8-9; Иш 1:2). 13Себебі Менің халқым екі түрлі зұлымдық жасады: олар Мені, «тірі судың қайнар көзін»,#2:13 17:13; Жыр 35:9-11. тастап кетті және өздеріне арнап «құдықтар» қазып алды. Сол «құдықтарының» жырық тесіктері болғандықтан, оларда су сақталмайды.#2:13 2:11; Жыр 145:3-4; 113:12-16; Иш 46:6-7; 55:2.
14Исраил сатып алынған құл ма? Әлде қожайынының үйінде туған басыбайлы малай ма? Әрине, жоқ! Ендеше, неге ол басқаның қолында олжа болып кетті? 15Ассурлық жаулар арыстандай ақырып, оған қарсы дауыс көтерді. Олар оның жерін қаңыратып бос қалдырды. Қалалары өртеліп қирап, елсіз қалды.
16Мысырдың Мемфис пен Тахпанхес#2:16 Мемфис Көне патшалық дәуірінде (б.з.д. 2686-2160 жж.) Мысырдың астанасы болған еді. Басқа аты — Ноф. Тахпанхестің аты Тафнис деп те айтылады. қалаларынан аттанып келген жасақшылары «Исраилдің төбесін тақырлап», оны салтанатынан жұрдай қылды. 17Өзіңді ізгі жолмен жетелеп келген Құдай Иеңнен безіп, осы пәлелердің бәрін өз басыңа өзің тілеп алған жоқсың ба? 18Енді несіне Мысыр мен Ассурға барып, одақ құрасың? Ніл#2:18 Яки: Шихор (Шеж1 13:5). мен Евфрат өзендерінің суын ішкеннен саған не пайда? 19Өз зұлымдығың саған жаза тартқызады, өз опасыз қылықтарың сені айыптайтын болады.
Содан ойланып, мынаны біліп ал: Менен, өзіңнің Құдайың Жаратқан Иеден, бас тартып, Мені еш қастерлемеуіңнің арты қандай жаман да күйінішті болатынына көзіңді жеткіз!» — Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие осыны нық айтады.
20«Баяғыда Мен мойныңа салынған мойынтұрықты сындырып, бұғауларыңды үзіп, өзіңді құлдықтан азат еткен едім. Алайда: «Жоқ, мен қызмет етпеймін!» дедің. Ал шынында сен көрінген биік төбенің басында, әрбір саялы ағаштың түбінде жалған тәңірлерге табынып опасыз әйел іспетті азғындыққа салындың.#2:20 3:6-10; Мыс 34:14-16; Иш 1:2. 21Сені жемісі құнды асыл тұқымды жүзім бұтасы деп отырғызған едім. Қалайша енді бөгде жүзім бұтасының жабайы сабақтары болып шыға келдің?!#2:21 Иш 5:2; Заң 32:32-33.
22Тіпті сілтімен жуынып, көп сабын жұмсап тазалансаң да, күнәңнің сенде қалдырған дағы әлі де Менің көз алдымда болады, — деп ескертеді Жаратушы Тәңір Ие. — 23«Мен таза жүріп келемін, жалған тәңір Бағалдың мүсіндеріне табынған емеспін» деп қалай ғана айта аласың? Аңғарда#2:23 Бұл Бен-Хенном аңғары болса керек (7:31-33; 19:1-7). не істеп жүргеніңе көңіл бөл, қылықтарыңды ойла! Кімге табынсам екен деп, күйлеген жүйрік іңгендей#2:23 Яғни ұрғашы түйедей. тыным таппайсың. 24Сен күйлеп, жел иіскейтін ұрғашы құланға да ұқсайсың. Оның құмарлығына кім тосқауыл бола алады? Шағылысқысы келгендерге оның соңынан қуып шаршаудың да керегі жоқ, күйлеген айында оны дереу тауып алады!
25Жалған тәңірлердің артынан жалаң аяқ жүгіріп, аяғыңды жарақаттап қанатпа! Шөлден тамағыңды кептірме! Алайда сен: «Мен үшін әуре болма! Бөтен тәңірлерге ғашықпын, солардың жолымен жүремін!» дейсің.
26Ұры қолға түскенде масқара болатынындай, бүкіл Исраил елі: халық пен оның патшалары, әміршілері, діни қызметкерлері мен пайғамбарлары да масқара болады. 27Себебі олар ағаш мүсінге: «Сен әкемсің!», тас бағанаға: «Мені туған сенсің!» деп табынады. Осылайша олар беттерін Менен теріс бұрып, сырт айналып кетті. Ал бастарына пәле түсе қалса: «Келіп, бізді құтқара гөр!» деп Маған жалынады. 28Сонда өзіңе жасап алған тәңірсымақтарың қайда? Құтқара алса, басыңа пәле түскенде келіп, сені құтқарып алсын! Өзіңде қанша қала болса, сонша тәңірге табынасың ғой, Яһуда-ау!
29Мені несіне кінәлайсыңдар? Маған қарсы барлығың бас көтердіңдер! — деп жариялайды Жаратқан Ие. — 30Мен сенің халқыңды бекер жазалаппын, олар одан бәрібір тәлім алмады. Қайта, араларыңдағы пайғамбарларымды жыртқыш арыстандай семсермен қырып жойдыңдар».
31Уа, осы ұрпақтың адамдары, Жаратқан Иенің мына сөздері туралы терең ойланыңдар: «Мен Исраил еліне шөл даладай, яки қара түнек басқан елдей болып па едім? (Әрине, жоқ.) Ендеше неге халқым Маған: «Біз өз бетімізбен жүруге еріктіміз. Енді Саған қайтып оралмаймыз» дейді? 32Бойжеткен қыз әшекейін, қалыңдық тойда тағатын белдігін ұмыта ма? (Жоқ, ұмытпайды). Ал халқымның Мені ұмытқанына ұзақ уақыт болды. 33Өзіңе ашына іздегенде қандай ептісің! Тіпті ең тіс қаққан сайқалдың да#2:33 Яки: ең тәжірибелі опасыз әйелдің де. сенен алар тәлімі көп.#2:33 Шеж2 33:9; Езк 16:47,51-52.
34Үйіңе бұзып кірмесе де, сен өлтірген жазықсыз кедейлердің қаны етегіңде қатып қалған. Бірақ сонда да: 35«Мен кінәсізбін, шүбә жоқ, Құдай маған ашулы емес» дейсің. Сондықтан біліп қой: «Күнә жасаған жоқпын!» деген сөзің үшін Мен сені соттап, жазалаймын.
36Неліктен сен жүрген жолдарыңды оп-оңай өзгерте саласың? Ассурдың өзіңді масқара қылғанындай, Мысыр да сені масқараға қалдыратын болады. 37Сол жерден де бұғауланған екі қолыңды басыңа қойып алып жер аударылып кетесің. Себебі сенің сенім артқан одақтастарыңнан Жаратқан Ие теріс бұрылып, олардан еш пайда көрмейсің».
Currently Selected:
Еремия 2: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.