YouVersion Logo
Search Icon

Еремия 15

15
Үкім кесілді: халық жазалануға тиіс
1Сонда Жаратқан Ие маған тіл қатып былай деді:
— Тіпті Мұса мен Самуил осында Менің алдымда тұрып, олар үшін өтініш жасаса да,#15:1 Мыс 32:11-14; Рул 14:13-19; Пат1 7:9; 12:23; Жыр 98:6; 105:23. бәрібір бұл халыққа жаным ашымас еді. Халықты Менің көз алдымнан қуып жіберіңдер, кетсін! 2Ал егер: «Қайда баруымыз керек?» деп сұраса, сен оларға былай де: Жаратқан Ие мынаны айтады: Әркім өзіне бұйырылғанына барсын: індеттен өлуге бұйырылғаны індетке, семсерге бұйырылғаны семсерге, аштыққа бұйырылғаны аштыққа, жер аударылуға бұйырылғаны жер аударылуға кетсін! 3Мен оларды төрт түрлі өліммен жазалаймын: өлтіру үшін семсер, жұлмалап боршалау үшін иттер, жалмап жоқ қылу үшін аспанның жыртқыш құстарын және жердің аңдарын жіберемін. Мен, Жаратқан Ие, осыны нық айтамын. 4Яһуданың патшасы Езекия ұлы Манасаның Иерусалимде істеген зұлым істері үшін#15:4 Пат4 21:1-16; 23:26-27; 24:3-4. Мен оларды жер бетіндегі барлық патшалықтардың алдында қорқынышты көрініс етемін.#15:4 25:9,11,18; Заң 28:37.
5«Сонда сені кім мүсіркейді, ей, Иерусалим? Қайғыңа кім ортақ болады? Халіңді сұрап саған кіріп-шығатын біреу бола ма? 6Сен өзің Мені менсінбей, бас тарттың, — дейді Жаратқан Ие. — Менен кері бұрылып кете бересіңдер. Сол үшін Мен саған қарай қолымды созып көзіңді құртамын. Енді саған рақым көрсете алмаймын».
7Мен халқымды оның қала қақпаларындағы қырмандарында бидайды желпуші диқандай күрекпен желге ұшырамын. Халқым теріс жолдарынан кері қайтпағандықтан, оны ұл-қыздарынан айырып, қырып-жоямын. 8Олардың жесірлері Менің көз алдымда теңіз жағалауындағы құм қиыршықтарынан да көп болады. Тал түсте кенеттен халықтың жас жігіттерінің шешелеріне қырып-жоюшы жауды жіберіп, бойларын қорқыныш пен үрейге билетемін. 9Сонда жеті баланың анасы әлсіреп, соңғы демін шығарады. Оның күні күндізгі уақытта-ақ батып кетеді. Ол балаларынан айырылып, масқара болды. Ал халықтың тірі қалғандарын жауларының семсерімен өлтіртемін, — деп ескертеді Жаратқан Ие.
Еремияның өмірден түңілуі және Жаратқан Иенің уәдесі
10— Қайран шешем-ай, неге маған жарық көрсеттің? Бүкіл елмен айтысып-таласып жүрген адаммын ғой! Ешкімнен аласым, ешкімге бересім жоқ, әйтсе де бәрі мені жек көріп қарғайды, — дедім.
11Жаратқан Ие жауап беріп былай деді:
— Мен сені ізгі ниетпен нығайтамын. Елдің басына апат пен ауыртпалық түскен кезде тіпті дұшпандарыңа да сенен көмек сұратып жалындырамын.
12Адам жай қолымен-ақ темірді, тіпті солтүстіктен келтірілген темірді#15:12 28:14. немесе қоланы сындыра ала ма? 13Уа, халқым, Мен сенің қазына-дәулетіңді жауға тегіннен-тегін олжа етіп бере саламын. Себебі сен бүкіл елің бойынша күнә жасай бердің. 14Өзің бұрын танып білмеген елден жауыңды алып келемін. Өйткені қаһарымнан от тұтанып, ол сендерге қарсы лаулап жатыр.
15— Уа, Жаратқан Ие, Сен бәрін де білесің! Мені есіңде ұстап, назарыңнан тыс қалдырмашы. Қудалаушыларыма лайықты жазаларын тартқыза гөр! Сен аса шыдамдысың,#15:15 Мыс 34:6. опат болуыма жол бере көрме! Осы масқараға Өзіңе бола төзіп жүргенімді#15:15 20:8. жақсы білесің ғой.
16Сөздерің маған жеткен кезде, олардан рухани нәр алып жан дүниеме азық еттім. Сенің сөздерің маған қуаныш әкеліп, жүрегім ләззат тапты. Себебі мен Сенің есіміңмен аталғанмын, уа, Әлемнің Әміршісі Құдай Ие.
17Әжуалаушы адамдармен бірге отырып, сауық-сайран құрған емеспін. Қайта, Сен маған қолыңды қойып тағайындап, ерекше тапсырма бердің. Содан мен жалғыз отырып, (олардың күнәларына бола) ашу-ызаға кенелдім. 18Көретін азабым неліктен басылмайды? Маған түскен жара еш жазылмай ауыра береді. Сен мен үшін кенет пайда болып, кейін тартылып қалатын тұрақсыз бұлақ сияқты боласың ба? — дедім.
19Сонда Жаратқан Ие маған мынаны айтты:
— Егер айтқандарыңа өкініп, Маған қайтып келсең ғана, сені Өзіме қызметшім етіп қайтадан қабылдаймын. Пайдасыз емес, асыл сөз сөйлесең ғана, Менің хабаршым боласың. Сен халыққа емес, халық саған бет бұрсын! 20Мен сені осы халық үшін қабырғадай, иә, бекіністі қола қабырғадай берік етемін. Олар сенімен күрессе де, сені жеңе алмайды, өйткені Мен саған жар болып, өзіңді құтқарып, аман сақтайтын боламын! Осы уәдені берген Мен Жаратқан Иемін.#15:20 1:18-19. 21Сені Өзім зұлымдардың қолынан құтқарып, қатыгез адамдардың шеңгелінен арашалап аламын.

Currently Selected:

Еремия 15: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in