Еремия 16
16
Еремия пайғамбарға бұйырылған ерекше өмір салты
1Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді:
2— Бұл елде енді үйленіп, ұл-қыз сүюіңе болмайды! 3Өйткені Мен, Жаратқан Ие, осы елде дүниеге келген ұл-қыздар мен олардың мұнда тұратын әке-шешелері туралы мынаны айтамын: 4Олар жазылмайтын індеттерден қырылады. Оларды жоқтап, қабірге қоятын ешкім болмағандықтан, сүйектері қи-қоқыс сияқты әр жерде шашылып жататын болады. Ал қалғандары семсерден қаза тауып, аштан өледі; денелері аспандағы құстар мен жердегі аңдарға жем болады.
5Мен, Жаратқан Ие, тағы мынаны айтамын: Сенің қазалы үйге барып, қайғыларына ортақ болып көңіл айтып, дәм татуыңа да болмайды! Себебі Мен бұл халықтан Өзімнің жарылқауым мен рақым-шапағатымды алып қойдым. 6Осы елдің ұлығы да, қарасы да#16:6 Немесе: Бұл елдің үлкені де, кішісі де. құриды. Олар қабірге қойылмай қалады, ешкім аза тұтып жоқтамайды да. Олардың өлгенін жоқтап, өз денелерін тілгілеп жарақаттап, шашын тақырлап алып тастайтын да ешкім болмайды. 7Аза тұтып жатқан адамдарды жұбатып, нан үзіп беретін де, тіпті өлген әке-шешесін еске алғанда жұбаныш сусынын құйып беретін де ешкім болмайды.#16:7 Осы салттарды Құдай тиым салғанмен, сол заманғы исраилдіктер оларды ұстанатын (Леу 19:28; 21:5; Заң 14:1). 8Той болып жатқан үйге кіріп, олармен бірге отырып, ішіп-жеуіңе де болмайды.
9Өйткені Мен — Әлемнің Иесі Исраилдің Құдайы, мынаны айтамын: Бұл елде қуаныш пен шаттықтың үнін, күйеу мен қалыңдықтың көңілді дауыстарын сап тыямын. Сендер соны өз көздеріңмен көресіңдер, себебі бұл іс кейін емес, тірі кездеріңде болады.
10Осының бәрін сен халыққа айт! Олар сенен: «Жаратқан Ие соншама азапты біздің басымызға не үшін төгейін деп отыр? Құдайымыз Жаратқан Иеге қарсы қандай күнә жасадық? Оның алдындағы айыбымыз қандай?» деп сұрайтын болса, 11оларға былай деп жауап бер: «Өйткені сендердің ата-бабаларың Менен бас тартып кетті, — дейді Жаратқан Ие. — Олар бөгде тәңірлердің жолын қуып, соларға қызмет етіп иіліп, табынып кетті. Осылайша Мені тастап кетіп, Таурат заңымды сақтамады. 12Бірақ сендер бұл жағынан тіпті ата-бабаларыңнан да асып кеттіңдер. Әркім өзінің қасарысқан жүрегінің қалауымен жүріп, Мені тыңдаудан бас тартып жүр. 13Сондықтан Мен сендерді осы елден өздерің де, ата-бабаларың да бұрын танып білмейтін бір елге жіберемін. Сол жерде сендер күні-түні бөгде тәңірлерге құлшылық ететін боласыңдар. Ал Мен сендерге еш мейірім көрсетпеймін».
Қиын-қыстау кездегі үміт
14Әйтсе де Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Исраил халқын Мысыр елінен алып шыққан мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын» деп емес, 15«Исраил халқын солтүстіктегі елден#16:15 Яғни Ассур мен Бабыл патшалықтарынан (3:18). және Өзі аластатып жіберген басқа да барлық жерлерден алып келген мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын» деп ант беретін уақыт туатын болады! Өйткені Мен исраилдіктерді ата-бабаларына Өзім табыстаған елге қайта әкелетін боламын.
16Ал қазір Мен көптеген балықшыларды жіберіп отырмын! — дейді Жаратқан Ие. — Сол балықшылар оларды қармап ұстап алатын болады. Мұнан кейін Мен көптеген аңшыларды жіберемін! Аңшылар исраилдіктерді барлық тау-төбелерден әрі жартастардың жарықтарынан іздеп жүріп, ұстап алатын болады. 17Мен халқымның жүрген жолдарының барлығын көріп тұрмын. Олар көзімнен жасырын емес, ешбір күнәлары да Менің назарымнан тыс қалмайды. 18Мен халқымды өз еліне қайтармас бұрын, оны жасаған ауыр күнәлары үшін екі есе қатты#16:18 Яки: жеткілікті мөлшерде (17:18; Иш 40:2). жазалаймын. Себебі олар Менің өздеріне табыстаған елімді жалған тәңірлерінің өлі де жексұрын мүсіндерімен арамдап, жерімді сол жиренішті нәрселерімен толтырып тастады.
Басқа ұлттардың Жаратқан Иеге бет бұруы
19— Уа, Жаратқан Ие, Сен күш-қуатымның қайнар көзісің, басыма күн туғанда паналайтын қорғанымсың. Жердің шет-шеттерінен халықтар Саған келіп: «Ата-бабаларымыз өтірікке алданып, түкке тұрғысыз тәңірсымақтарға табынып келді. 20Адам өзі үшін тәңірлер жасай ала ма? Сондай «тәңірсымақтар» бәрібір шынайы құдай емес қой!» — дейтін болады.
21— Міне, сондықтан да Мен оларға тәлім беремін, құдіретті билігім мен күш-қуатымды жуырда ашып көрсетемін. Сонда олар Менің есімімнің «Жаратқан Ие» екенін білетін болады.
Currently Selected:
Еремия 16: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.