Еремия 14
14
Қуаңшылық, ашаршылық, семсер
1Жаратқан Иенің қуаңшылық туралы Еремияға арнаған сөзі мынау:
2— Яһуда елі қайғырып, қалалары шөлден әлсіреп жатыр. Адамдар аза тұтып жерде отыр, Иерусалимнен зарлы дауыстар шығып жатыр. 3Байлар қызметшілерін суға жібергенде, олар құдықтарға барып, су таба алмайды. Бос ыдыстарын көтеріп, абыржып, күдерлерін үзген олар бастарын жауып қайтып келеді. 4Жаңбыр жаумай, жер қаңсып жарылып кеткендіктен, диқандар да қуаңшылыққа қайғырып, бастарын жабады. 5Тіпті елік жаңа туған төлін шөптің жоқтығынан далаға тастап кетеді. 6Жабайы есектер тақыр төбелерде тұрып, шибөрідей алқына тыныстайды. Шөптің жоқтығынан олардың көздері қарауытып жөндеп көрмейді.
7— Күнәларымыздың көптігі бізге қарсы айғақ болса да, уа, Жаратқан Ие, өз есіміңнің даңқы үшін бізді құтқара көрші! Опасыздығымыз шегінен шыққан, Сенің көз алдыңда күнәға баттық.
8Уа, Исраилдің үміті, қиын-қыстау кезіндегі Құтқарушысы! Неге Сен осы елде жат жұрттық адамдай, бір-ақ күн түнеп шығатын жолаушыдай болып тұрсың? 9Неліктен Сен таңырқап абыржыған кісіге, құтқара алмайтын жауынгерге ұқсайсың? Уа, Жаратқан Ие, Сен арамыздасың, біз Сенің есіміңмен аталған халқыңбыз, бізді тастап кете көрме!
10Осы халық туралы Жаратқан Ие мынаны айтады:
— Олар Менен алшақ кетіп қаңғырғанды қатты сүйеді, аяқтарын аңдып баспай жүре береді. Сондықтан да Мен, Жаратқан Ие, оларды енді қайтадан қабылдамаймын, істеген зұлымдықтарын есіме алып, оларды күнәлары үшін жазалаймын.
11Содан соң Жаратқан Ие маған тағы былай деді:
— Бұл халықтың игілігін тілеп Маған сиынба! 12Олар ораза ұстаса да, жалбарынышына құлақ аспаймын! Құрбандықтар мен астық тартуларын өртеп ұсынса да, соларын қабылдамаймын! Мен оларды семсер, ашаршылық және індет арқылы қырып-жоямын.
Жалған пайғамбарлардың әшкереленуі
13Сонда мен былай дедім:
— Уа, Жаратушы Тәңір Ие! Ал пайғамбарлар оларға: «Жаудың семсерін көрмейсіңдер, ашаршылық та болмайды! Қайта, Мен сендерге бұл жерде амандық пен тыныштық сыйлаймын дейді Жаратқан Ие», — дей береді. — 14Жаратқан Ие маған былай деп жауап берді:
— Сол пайғамбарлар Менің атымнан сөйлегенсіп жалған айтып жүр. Мен оларды жіберген де жоқпын, сондай бұйрық берген де жоқпын! Оларға тіл қатқан да емеспін. Олар сендерге жалған аяндар мен болжамдарды білдіріп, түкке тұрғысыз түстері мен өздері ойлап шығарған әңгімелерін айтып жүр.
15Сондықтан Мен, Жаратқан Ие, Өзімнің атымнан хабарларын жеткізіп жүрген пайғамбарлар туралы мынаны айтамын: Мен оларды жіберген емеспін. Бірақ олар: «Бұл елге не семсер, не ашаршылық жуымайды!» деп жариялап жүр. Расында дәл осы пайғамбарлардың өздері семсерден қаза тауып, аштан өледі! 16Олардың пайғамбарлық сөздері жеткен басқалар да семсер мен ашаршылықтан қырылып, мәйіттері Иерусалимнің көшелеріне лақтырылады. Олардың өздері мен әйелдерін, ұлдары мен қыздарын қабірге қоятын ешкім болмайды. Осылайша Мен лайықты пәлелерін бастарына төгемін!#14:16 2:17-19; 4:18; 13:22,26; Нқл 1:31.
17Енді оларға мына хабарды жеткіз: «Күні-түні көз жасым ағылып тоқтамасын! Себебі ежелде пәк қызымдай болған Менің халқым қатты соққы жеп, ауыр жарақаттанды. 18Далаға шықсам көретінім — семсерден қаза тапқандар, қалаға кірсем — аштықтан өлермен болғандар. Діни қызметкер де, пайғамбар да өздері білмейтін елге жер аударылып кеткен».
Халықтың Жаратқан Иеден рақым етуін өтінуі
19— Онда Яһудадан толығымен бас тартқаның ба? Сиондағы қала да Саған жек көрінішті болып кеткені ме? Енді қайтып сауықпайтындай қылып бізге неге соққы бердің? Амандық пен тыныштықты күтіп келеміз, бірақ жақсы еш нәрсе болмады. Сауығатын кезімізді тосып келеміз, бірақ басымыздан өткені қорқыныш! 20Өз күнәларымызды, ата-бабаларымыздың зұлымдығын мойындаймыз, уа, Жаратқан Ие! Біз шынында да Сенің алдыңда күнә жасадық.
21Ұлы атыңның шығуы үшін бізден кері бұрыла көрме! Жер бетіндегі салтанатты тағың — киелі үйіңнің#14:21 17:12; Пат4 19:14-15. қорлануына жол бере көрме! Бізбен жасаған Келісіміңді есіңде ұстап, бұза көрме!
22Басқа ұлттардың түкке тұрғысыз жалған тәңірлері жаңбыр жібере ме? Әлде аспан өзінен-өзі нөсерді жаудыра ма? Жоқ, соны істейтін тек Сен ғана, уа, Құдайымыз Жаратқан Ие! Саған үмітімізді артамыз, өйткені осының бәрін де жасайтын Сенсің!
Currently Selected:
Еремия 14: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.