Еремия 13
13
Шіріп кеткен белбеудің мысалы
1Жаратқан Ие маған: «Бар да, бәтес белбеу сатып алып, беліңе байлап ал! Бірақ оны суға малма», — деп тапсырды. 2Мен Жаратқан Ие айтқандай белбеу сатып алып, беліме байлап алдым.
3Жаратқан Ие маған екінші рет сөзін арнап: 4«Сатып әкеліп, беліңе байлап алған белбеуіңді алып, Евфратқа#13:4 Немесе: Ператқа. бар да, оны сондағы бір жартастың жарығына тығып қой!» — деді. 5Мен Жаратқан Иенің айтқанындай барып, белбеуді Евфратқа жақын бір жерге тығып қойдым.
6Көп күннен кейін Жаратқан Ие маған: «Евфратқа қайтып бар да, сонда Өзім саған тығып қой деген жерден белбеуді қайтып әкел!» — деді. 7Мен сол жерге қайта оралып, белбеуді тыққан жерімнен қазып алдым. Бірақ белбеу шіріп, түкке жарамай қалыпты.
8Сонда Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді: 9«Жаратқан Ие мынаны айтады: Дәл осылайша Мен Яһуданың тәкаппарлығын да, Иерусалимнің асқан өркөкіректігін де шірітіп құртамын! 10Мына зұлым халық Менің айтқандарыма құлақ асудан бас тартады. Олар қасарысқан жүректерінің қалауларымен жүріп, бөгде тәңірлерге құлшылық етіп, соларға иіліп табынуда. Сондықтан олар осы белбеуге ұқсап түкке тұрғысыз болып қалады. 11Өйткені белбеудің адам денесіне жабысып тұратынындай, Мен де Исраил мен Яһуданың бүкіл үрім-бұтағын Өзіме жақын тұрсын деп жаратқан едім. Олар атақ-даңқымды асырып, Өзім мақтан ететін таңдаулы халқым болсын дедім. Бірақ олар Мені мүлдем тыңдамай қойды.
Сусынға толы құмыраның мысалы
12Оларға мына сөздерді жеткізіп, былай де: Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Кез келген құмыраны#13:12 Немесе: торсықты. сусынмен толтырады. Ал егер олар: «Әрбір құмыраның сусынмен толтырылатынын өзіміз де білеміз» десе, 13оларға былай де: Жаратқан Иенің сендерге осымен айтпақ болғаны мынау: Біліп алыңдар, Мен елдің барлық тұрғындарын, Дәуіттің тағында отырған патшаларды да, діни қызметкерлер мен пайғамбарларды да, Иерусалимде тұрып жатқан күллі халықты да ішкен адамдай масайтамын.#13:13 25:27; 51:7; Иш 63:6. 14Олардың әкесін де, баласын да бір-бірімен соқтығыстырып, ешқандай мейірім танытпаймын. Оларды есіркеп-мүсіркемеймін, көздерін құртуға аямаймын, — деп ескертеді Жаратқан Ие».
Жер аударылу жайлы алдын ала ескерту
15Құлақ түріп тыңдаңдар! Таңданып, кеуде көтермеңдер! Өйткені Жаратқан Ие сөйлеп тұр. 16Тым кеш болмай тұрғанда Құдайларың Жаратқан Иенің алдында күнәларыңды мойындап, Оған құрмет көрсетіңдер!#13:16 Еш 7:19. Әйтпесе Ол қыраттарды қараңғылыққа батырып, сендер жол жүргенде сүрініп жығыласыңдар. Сендер жарықты күткенде Ол оны көр іспетті қара түнекке айналдырады. 17Сендер тыңдамасаңдар, мен тәкаппарлықтарыңа бола оңашада жылайтын боламын. Көз жасым көл болып ағады, себебі Жаратқан Иенің халқы тұтқындалып, айдалып кетеді.
18Патша мен оның шешесіне#13:18 Бұлар Ехония патша мен оның шешесі Нехушта болса керек (Пат4 24:8). мынаны жеткізіңдер: Тақтарыңнан түсіңдер, өйткені салтанатты тәждерің бастарыңнан құлап түсті. 19Оңтүстіктегі Негев аймағының қалалары жабылып, қақпаларын ашатын ешкім болмайды. Себебі Яһуда халқы түгелдей басқа жаққа әкетіліп, бәрі де жер аударылатын болады. 20Қамқорлығыңа тапсырылған отарың — сен мақтан тұтатын Яһуда халқы қайда, ей, Иерусалим?
Көз салып, солтүстіктен келе жатқан жауларыңа қараңдаршы! 21Сен өзіңе одақтас болуға машықтандырған оларды Жаратқан Ие үстіңнен билеуші етіп қояды. Сонда сен не айтасың? Уа, Иерусалим, толғатып жатқан әйелдей қиналмас па едің? 22Осының бәрі менің басыма неліктен түсті деп іштей толғансаң, біліп қой: Жасаған ауыр күнәларыңның кесірінен жауыңның сені зорлап, абыройыңды төгуіне жол берілді. 23Құштық адам#13:23 Яғни Шығыс Африканың тұрғыны (Иш 20:3; Түсіндірмені де қараңыз). терісінің қара түсін өзгерте ала ма? Қабылан үстіндегі дақтарын кетіре ала ма? Дәл солай жамандыққа әбден құныққан сендер жақсылық істей алмайсыңдар.
24Уа, Иерусалим, құла түзден соққан желдің кебекті ұшырып әкететініндей, Мен де сенің тұрғындарыңды жан-жаққа шашыратып жіберемін. 25Бұл сенің несібең, Мен өзіңе белгілеген үлесің. Өйткені Мені есіңнен шығарып, жалған тәңірлерге сенім арттың, — дейді Жаратқан Ие. — 26Сондықтан да абыройыңның төгілуіне Өзім түрткі боламын. 27(Менімен жасаған Келісіміңе) опасыз жеңіл жүрісіңді, нәпсіқұмарлығың мен арам жезөкшелігіңді анық көріп келемін. Төбе бастарында әрі далада жалған тәңірлерге табынып, жексұрындық жасағаныңды да көріп жүрдім. Уа, Иерусалим, сен қасіретке қаласың! Қашанғы осы арам күйіңде болып, тазармайсың?
Currently Selected:
Еремия 13: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.