YouVersion Logo
Search Icon

Билер 9

9
Әбумәліктің жауыздықпен патшалық құра бастауы
1Бірде Еруб-Бағал (яғни Гедеон) ұлы Әбумәлік шешесінің Сихем қаласындағы аға-інілеріне#9:1 8:31. барып, оларға және бүкіл нағашы жұртына былай деп тіл қатты: 2«Сихемнің күллі азаматтарына былай деңіздер: Сіздерге қайсысы пайдалы: Еруб-Бағалдың барлық ұлдары — жетпіс адамның билік жүргізгені ме, әлде тек біреуінің ғана ма? Оның үстіне мен сіздердің қандас туысқандарыңызбын#9:2 Сол заманда Сихем тұрғындарының көпшілігі қанахандық Хамордан тарап, Жаратқан Иеге сиынбайтын (9:28). ғой, соны да ұмытпаңыздар!»
3Сонда шешесінің төркіндері Сихемнің өзге азаматтарының алдында Әбумәліктің сөзін сөйледі. Бұлардың көңілдері де Әбумәлікке ауды, өйткені олар: «Ол біздің қандас туысымыз», — десті. 4Сихемдіктер оған Бағал-Беріттің#9:4 8:33. ғибадатханасынан жетпіс мысқал күміс табыстады. Әбумәлік күміске ар-ұяттан безген, ешкімді менсінбейтін адамдарды жалдап алып, олар оған ілесіп жүретін болды. 5Әбумәлік сол сарбаздарын ертіп Офраға, марқұм әкесі Еруб-Бағалдың әулетіне аттанып барып, оның жетпіс ұлын — өзінің туған бауырларын тұтқындап, бір дәу тастың үстінде өлтіртіп тастады.#9:5 Осы сұмдық ісімен ол туған бауырларын жалған тәңірге арнап құрбандыққа шалған іспетті болды (13:19-20; Пат1 14:33-34). Тек Еруб-Бағалдың кенже ұлы Жотам ғана тығылып аман қалды.
6Содан соң Сихемнің басқарушылары әрі Бет-Миллоның күллі азаматтары жиналып, Сихемдегі бағананың маңындағы емен ағашының қасына барып, сол жерде Әбумәлікті патша етіп тағайындады.
«Ағаштар патшасы» жайлы астарлы әңгіме
7Осы оқиға туралы Жотам#9:7 9:5,21,57. естігенде, Гәризим тауының басына шығып, бар даусымен айқайлап былай деді: «Сихемнің басшылары, сөзіме құлақ түріңдер! Сонда Құдай сендерге құлақ сала көрсін! 8Бір күні ағаштар өздеріне патша тағайындамақ боп шешіпті. Сол себепті олар зәйтүн ағашына:
— Бізге патша бол! — депті.#9:8 8:22. 9Ал зәйтүн ағашы оларға:
— Басқа ағаштардың үстінен бұтақтарымды шайқау үшін ғана тәңірлер мен адамдарға құрмет сыйлайтын майымды өндіруді доғаруым керек пе? — деп жауап қайтарыпты. 10Сонда ағаштар інжір ағашына:
— Онда сен келіп, бізге патша бол! — депті. 11Бірақ інжір ағашы оларға:
— Басқа ағаштардың үстінен бұтақтарымды шайқау үшін ғана дәмді де тәтті жеміс беруімді доғаруым керек пе? — деп жауап беріпті. 12Содан соң ағаштар жүзім бұтасына:
— Сен біздің патшамыз бола гөр! — депті. 13Бірақ жүзім бұтасы оларға:
— Басқа ағаштардың үстінен бұтақтарымды шайқау үшін ғана тәңірлер мен адамдардың көңілін көтеретін шырын беруімді доғаруым керек пе? — деп жауап қайырыпты. 14Сонда ағаштардың барлығы тікенді бұтаға:
— Ендеше сен патша бол! — депті. 15Тікенді бұта оларға:
— Егер сендер мені шынымен өздеріңе патша қылғыларың келсе, онда келіп, менің көлеңкемді паналаңдар. Ал егер алдап тұрсаңдар, онда тікенді бұтадан от лап етіп шығып, тіпті Ливанның самырсындарын да өртеп жіберсін! — депті. 16Ендеше, егер сендер Әбумәлікті патша етіп тағайындаған кезде адалдық пен ізгі ниет көрсеткен болсаңдар, яғни Еруб-Бағал марқұм мен оның әулетіне жақсылық жасап оның істегеніне лайықты іс-әрекет жасаған болсаңдар, онда жақсы. 17Ал Еруб-Бағал кезінде сендер үшін өз басын қатерге тігіп, шайқасып, сендерді мадияндықтардан аман-есен құтқарып қалған болатын. 18Бірақ сендер бұл күндері әкемнің отбасына қарсы бас көтеріп, оның жетпіс ұлын бір дәу тастың үстінде қырып тастадыңдар, ал оның күңінен туған ұлы Әбумәлікті өздеріңе туысқан болғандықтан Сихемнің азаматтарының үстінен патша етіп қойдыңдар. 19Егер сендер осыны істегенде шынайы да адал ниетпен әрекеттенген болсаңдар, онда Әбумәлік сендерді, сендер Әбумәлікті қуантыңдар. 20Ал егер солай істемеген болсаңдар, онда Әбумәліктен от лап етіп сендерді: Сихем мен Бет-Миллоның азаматтарын жалмап қойсын, әрі сендерден де от лап етіп, Әбумәлікті жалмап қойсын!»
21Жотам осыны айтып болған соң, ағасы Әбумәліктен бас сауғалап Бегер жағына қашып барып, сонда тұрды.
Әбумәліктің жеңіліп, жойылуы
22Әбумәлік Исраилге үш жыл бойы басшылық етті. 23Алайда Құдай Әбумәлік пен Сихем азаматтарының арасына араздық туғызатын жын#9:23 Яки: арам рух (Пат1 16:14; 18:10; Пат3 22:22-23; Иш 19:2,14). жіберіп, Сихемнің адамдары Әбумәлікке қарсы опасыздық жасады. 24Осылайша Ол өз ағайындары — Еруб-Бағалдың жетпіс ұлына зорлық жасаған Әбумәліктің мойнына және мұнысын қолдаған Сихемнің азаматтарының мойындарына солардың төгілген қанын салып, олар әділ жазаларын тартулары керек болды. 25Сихемдіктер Әбумәлікке қарсы шығып, қырат бастарына тосқауыл қойып, сол жерден өткендердің бәрін тонайтын. Бұл туралы Әбумәлікке хабар тиді.
26Сол екі арада Ебед ұлы Ғағал өзінің ағайындыларымен бірге Сихемге көшіп келіп, қала азаматтарының сеніміне ие болды. 27Сихемдіктер жүзімдіктерінің өнімін жинап, жүзім шырынын сығып болған соң, көңілді мереке өткізді. Сонда олар өздерінің табынатын жалған тәңірлері Бағалдың#9:27 8:33; 9:46. ғибадатханасына барып, сонда ішіп-жеп, Әбумәлікті қарғап-сіледі. 28Ебед ұлы Ғағал сол жерде отырып былай деді: «Біз — Сихемнің азаматтары оған қызмет ететіндей, Әбумәлік деген кім еді өзі? Ол — Еруб-Бағалдың ұлы, әрі Зебул — оның орынбасары емес пе? Ендеше сендер (арғы аталарың) Сихемнің әкесі Хамордың#9:28 Жар 33:19. ұрпақтарына ғана қызмет етіңдер! Біз неге исраилдіктерге қызмет етуіміз керек, ә? 29Осы халық менің қол астымда болса ғой, шіркін! Онда мен Әбумәлікті қуып жіберер едім! Әбумәлікке: Бүкіл жасағыңды шақырып алып, шайқасқа аттан! — дер едім».
30Осы сөздер қаланың әкімі Зебулге жеткенде, ол қатты ашуланды. 31Зебул Арумада жүрген Әбумәлікке құпия хабаршыларын жіберіп былай деді: «Тақсыр, Ебед ұлы Ғағал өзінің ағайындарымен Сихемге көшіп келіп, енді халықты сізге қарсы айдап салып жүр! 32Сондықтан қасыңыздағы жасақпен бірге түнде аттанып, далада тосқауыл құрыңыздар! 33Таңертең ерте, күн шыға салысымен қалаға бас салыңыздар. Ғағал қасындағы адамдарымен қаладан сізге қарсы шыққанда, оған қалағаныңызды істей көріңіз!»
34Осылайша Әбумәлік қасындағы бүкіл жасағын ертіп, түнде жолға шықты да, Сихемге жетті. Олар төрт топқа бөлініп, қалаға қарсы тосқауылдар құрды. 35(Келесі күні таңертең) Ебед ұлы Ғағал қаладан шығып, қала қақпасының алдында тұрған кезде, Әбумәлік пен оның адамдары жасырынған орындарынан тұтқиылдан шыға келді. 36Ғағал оларды көргенде Зебулге:
— Анаған қараңыз, қырат бастарынан адамдар түсіп келе жатыр! — деді. Бірақ Зебул оған жауап қайырып:
— Қыраттардың көлеңкесін адам екен деп көріп отырсың, — деді. 37Ғағал қайтадан тіл қатып:
— Жоқ, қараңызшы, елдің жоғарғы жағынан адамдар ылдилап келе жатыр! Көріпкелдер емені жағынан да бір топ адам келе жатыр! — деді. 38Зебул оған:
— Онда сенің: «Біз оған қызмет ететіндей, Әбумәлік деген кім еді өзі?» деп мақтанғаның қайда?! Сенің менсінбеген адамдарың осылар емес пе? Енді шығып, олармен шайқасып көр! — деді.
39Ғағал Сихемнің азаматтарын бастап алып шығып, Әбумәлікпен шайқасты. 40Әбумәлік Ғағалдың артынан қуып, Сихемнің көптеген адамдары қашып кетіп, қала қақпасына жетпей қаза болды. 41Бұдан кейін Әбумәлік Арумаға қайта оралды, ал Зебул Ғағал мен оның ағайындарын Сихемнен қуып шықты.
42Келесі күні Сихемнің көптеген адамы қаладан далаға шықты. Бұл туралы хабар Әбумәлікке жетті. 43Ол өз адамдарын үш топқа бөлді де, далада тосқауыл құрып оларды күтіп тұрды. Қаланың адамдарының таяп келе жатқанын көргенде, Әбумәлік орнынан шыға келіп, оларға бас салды. 44Әбумәлік қасындағы тобымен алға ентелеп, қала қақпасының маңын басып алды. Ал қалған екі топ далада қалғандарды қырып-жоюмен болды. 45Әбумәлік күні бойы қалаға шабуыл жасап, ақырында оны басып алып, ондағы адамдардың көздерін құртты. Қаланы жермен-жексен қылып қиратып, үстіне тұз сеуіп шашты.#9:45 Бұл әрекеттің астарлы мағынасы — бұдан былай ешкім осы жердің өнімін мәңгі бақи көрмесін дегенді білдіреді (Заң 29:23; Жыр 106:33-34).
46Сихемнің мұнарасының тұрғындары осыны естігенде, Ел-Беріт#9:46 Ел-Беріт: яки Бағал-Беріт (8:33). Мұнара: яки қорған. деген жалған тәңірдің ғибадатханасының астына бас сауғалап кіріп алды. 47Олардың сонда жиналғаны туралы Әбумәлік те естіді. 48Ол барлық адамдарымен бірге Салмон төбесіне көтерілді де, балтамен бір құшақ бұтақ кесіп, иығына салып, көтеріп алды. Қасындағы адамдарына: «Мен не істесем, сендер де жылдамдап соны істеңдер!» — деп бұйырды. 49Сонда бүкіл адамдары бұтақтар кесіп алып, Әбумәліктің соңынан еріп, қалаға қайтты. Бұтақтарын қамалдың айналасына үйіп, от қойып, өртеп жіберді. Осылай Сихем мұнарасының барлық тұрғындары: әйелі бар, еркегі бар шамамен бір мың адам қаза тапты.
50Содан соң Әбумәлік Тебеске барып, оны қоршап, басып алды. 51Ал қала ішінде бір мықты мұнара бар болатын. Қаланың бүкіл азаматтары: еркектер мен әйелдер сол мұнараға бас сауғалап қашып барды. Олар бекініп алып, мұнараның жалпақ төбесіне шықты. 52Әбумәлік шабуылдамақ болып мұнараға қарай беттеп, от қою үшін мұнара қақпасына жақындай берді. 53Сонда бір әйел мұнара төбесінен Әбумәліктің үстіне қол диірменнің үстіңгі тасын тастап жіберіп, оның басы жарылып қалды.
54Әбумәлік өзінің қару-жарағын көтеріп жүретін нөкерін дереу шақырып алды да: «Семсеріңді суырып ал да, мені өлтір. Жұрт: «Оны әйел өлтірді» деп жүрмесін!» — деді. Сонда жаңағы жас жігіт оған семсерін сұғып алып, Әбумәлік жан тапсырды. 55Исраилдіктер Әбумәліктің қайтыс болғанын көргенде, барлығы үйлеріне қайтып кетті.
56Әбумәліктің өзінің жетпіс аға-інісін өлтіріп әкесіне қарсы жасаған сұмдық ісінің есесін Құдай осылайша қайтарды. 57Құдай Сихемнің адамдарына да сұмдық істеріне бола жазаларын тартқызып, Еруб-Бағал ұлы Жотамның қарғысы олардың бастарына түсті.

Currently Selected:

Билер 9: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in