YouVersion Logo
Search Icon

Билер 8

8
1Ал ефремдіктер Гедеонды қатты сөгіп:
— Неге бізге осылай істедің? Мадияндықтарға қарсы соғысуға аттанғаныңда неге бізді шақырмадың? — деді. 2Гедеон оларға жауап беріп:
— Сіздермен салыстырғанда мен қазір қандай жетістікке қол жеткізіппін? Ефрем руының терген масақтары Әбиезер әулетінің бүкіл жинағанынан әлдеқайда артық емес пе? 3Құдай сіздердің қолдарыңызға Мадиянның екі әміршісі Ориб пен Зипті#8:3 7:24-25; Жыр 82:12. түсірді! Сіздермен салыстырғанда мен қандай жетістікке қол жеткізе алдым? — деді. Гедеонның жауабын естігенде, ефремдіктердің ашуы басылды.
Гедеон бидің қол ұшын бермегендерді жазалауы
4Гедеон және оның қасындағы үш жүз адамы Иордан өзеніне жетіп, оның шығыс жағына өтті. Өздерінің шаршап-шалдыққандарына қарамастан, олар мадияндықтарды қууын жалғастыра берді. 5Гедеон Соқот қаласына жеткенде, оның адамдарына:
— Мына жасақшыларыма біраз таба нан берсеңіздер екен. Олар қатты ашығып тұр! Мен Мадиян патшалары Зебей мен Салманның соңына түсіп келе жатыр едім, — деп өтініш жасады. 6Бірақ Соқоттың басшылары:
— Біз сенің тобыңа тамақ беретіндей, Зебей мен Салманды қолыңа түсіріп пе едің? — деп кекетті. 7Гедеон оларға:
— Жарайды. Жаратқан Ие Зебей мен Салманды қолыма түсіргеннен кейін мен қайтып келемін. Сонда сендерді даланың тікенек-ошағанымен осқылап тілгілеймін! — деп жауап қатты.
8Содан Гедеон Пенуелге де өрлеп барып, дәл сондай өтініш жасады. Пенуелдің адамдары да соқоттықтар сияқты жауап қатып, көмектесуден бас тартты. 9Сол себепті Гедеон оларға: «Мен аман-есен қайтып келгенімде осы мұнараны қиратып тастаймын!» — деп нық айтты.
10Сол кезде Зебей мен Салман өздерінің жасағы — шамамен он бес мың адаммен Қарқорға#8:10 Өлі теңізден шығысқа қарай жүз алпыс шақырымдай алшақтағы жер. аялдаған болатын. Шығыс халықтарының жасақтарынан жүз жиырма мың семсер асынғандар қаза тауып, одан қалып отырғаны осы он бес мың еді. 11Гедеон өз тобымен шатырда тұратын көшпелі тайпалардың Нобах пен Жогбеганың шығысынан өтетін көш жолымен жүре отырып, жайбарақат отырған жасаққа табан астынан бас салды. 12Зебей мен Салман қаша жөнелді. Гедеон олардың соңынан қуып, қолға түсіріп, мадияндықтардың бүкіл жасағының зәресін ұшырды.
13Жоғас ұлы Гедеон шайқастан қайтқанда Херес тауынан#8:13 1:35. түсіп, 14жолшыбай соқоттық бір жас жігітті ұстап алды. Оған сұрақтар қойып тергеді. Жігіт Гедеонға Соқоттың барлық жетпіс жеті басшысы мен ақсақалының аты-жөндерін жазып берді. 15Гедеон Соқотқа жеткенде, оның адамдарына:
— Мені «Біз сенің шаршаған адамдарыңа тамақ беретіндей, Зебей мен Салманды қолыңа түсіріп пе едің?» деп кекетіп едіңдер. Енді, міне, сендерге Зебей мен Салман! — деді. 16Қала ақсақалдарын ұстатып, олардың денелерін даланың тікенек-ошағанымен осқылап тілгілетіп, Соқоттың адамдарына осылай тәлім берді. 17Бұдан кейін Гедеон Пенуел қаласының мұнарасын қиратып, қаладағы ер адамдардың көздерін құртты.
18Кейін Гедеон Зебей мен Салманнан:
— Сендер Таборда өлтірген адамдар қандай болатын? — деп сұрағанда, екеуі:
— Олар өзіңізге ұқсап, әрбіреуінің сырт көрінісі шетінен ханзада сияқты болатын, — деп жауап берді. 19Сонда Гедеон:
— Бұлардың бәрі де бірге туған ағайындыларым еді ғой! Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдындағы шын сөзім, оларды өлтірмегендеріңде мен де сендерді өлтірмес едім! — деді. 20Тұңғышы Етерге бұрылып: «Тұр, мыналардың көздерін құрт!» — деп бұйырды. Бірақ ұлы әлі де жас болғандықтан, семсерін суырып алып, оларды өлтіріп тастауға бата алмады. 21Сонда Зебей мен Салман: «Бізді өзіңіз-ақ өлтіріңіз. Үлкеннің ісін балаға орындатпаңыз»,#8:21 Немесе: Адам қандай болса, күші де сондай. — деді. Гедеон алдына ұмтылып, Зебей мен Салманды өлтірді де, олардың түйелерінің мойнына салынған айшықты алқаларын шешіп алды.
Гедеонның Исраилді тура жолдан тайдыруы
22Осының бәрінен кейін исраилдіктер Гедеонға:
— Сіз бізді мадияндықтардан құтқардыңыз. Ендеше өзіңіз, содан кейін ұлыңыз және немереңіз бізге басшы болып билік құрыңыздар! — деп ұсыныс жасады. 23Бірақ Гедеон оларға:
— Мен де, ұлым да сіздерге басшы болып билік құрмаймыз. Жаратқан Иенің Өзі-ақ сіздерге билік құрсын! — деп жауап қайтарды. 24Алайда ол: — Менің сіздерден бір өтінішім бар: әрбіреуіңіз жаудан олжалағандарыңыздан бір-бір алтын сырғадан берсеңіздер екен, — деп қосты. Себебі жау сарбаздары ысмағұлдықтар#8:24 Ысмағұлдықтар мен мадияндықтар аталас ағайынды көшпелі тайпалар болатын (Жар 25:1-2,13-18; 37:25-28; Жыр 82:7-10). болғандықтан, құлақтарына алтын сырға тағып жүретін еді. 25Исраилдіктер:
— Әрине, сөзсіз береміз! — деп, бір шапанды жерге жайып жіберді де, әркім соған жаудан олжалаған сырғаларының біреуін тастады. 26Сонда жиналған алтын сырғалардың салмағы бір мың жеті жүз мысқал#8:26 Демек, шамамен 20 кг. болды. Оның үстіне Мадиян патшаларының тағып жүретін алтын айшықты әшекейлері мен алқалары, қырмызы шапандары әрі түйелерінің мойнына асатын алтын шынжырлары да бар еді. 27Сол алтынды Гедеон діни қызметкер киіп жүретін жеңсіз сырт киім#8:27 Мыс 28:6-30; 39:2-26; Леу 8:7; Пат1 2:18. жасауға жұмсап, соны өз қаласы Офраға апарып қойды. Кейін бүкіл Исраил халқы сонда барып, сол «қасиетті» киімге табына бастады. Осылай олар азғындыққа батты. Тіпті Гедеон мен оның әулеті де бұл тұзаққа ілініп қалды.
28Мадиян халқы үлкен жеңіліске ұшырағандықтан, Исраилдің алдында бой ұсынып, оның енді қайтып Исраилге қарсы бас көтеретіндей қауқары қалмады. Гедеонның көзі тірі кезінде елде қырық жыл тыныштық орнады.
Гедеон бидің қайтыс болуы
29Осы оқиғалардан кейін Жоғас ұлы Гедеон (Еруб-Бағал) өз үйінде тұруға қайтып кетті. 30Оның әйелдері көп болғандықтан, өзінен тараған жетпіс ұлы бар еді. 31Оның Сихемде тұратын кәнизагы#8:31 Ол қанахандық басыбайлы малай қызы болған еді (9:18). да бір ұл туып, Гедеон оның атын Әбумәлік (демек, «(көктегі) Әкем — Патша») деп қойды.
32Сөйтіп Жоғас ұлы Гедеон көп жасап, қайтыс болды. Оның мәйіті Әбиезер әулетіне тиісті Офра қаласының маңында әкесі Жоғастың қабіріне қойылды.
33Гедеон қайтыс бола салысымен, исраилдіктер қайтадан азғындап, жалған тәңір Бағалдың мүсіндеріне табынып, Бағал-Берітті#8:33 Яғни «Келісім (жасаған) Ие». (Бұл Жаратқан Иенің таңдап алған Исраил халқымен жасаған Келісіміне еліктеп істегендері еді. Осы есім Ел-Беріт, демек «Келісім (жасаған) Тәңір», деп те айтылатын: 9:46.) өздері құлшылық ететін тәңірлері деп бекітті. 34Осылайша исраилдіктер өздерін айналадағы барлық жауларынан құтқарып келген Құдайлары — Жаратқан Иені естерінен шығарды. 35Еруб-Бағал, яғни Гедеон, Исраилге қанша ізгілік жасаса да, олар оның әулетіне де адалдық танытпады.

Currently Selected:

Билер 8: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

Video for Билер 8