Билер 7
7
Гедеон бидің шағын топпен Мадиянның әскерін жеңуі
1Содан соң Еруб-Бағал (деп те аталған Гедеон)#7:1 6:32. және онымен бірге бүкіл жасақ ерте тұрып, Харод бұлағының жанында қостарын тікті. Мадияндықтардың тұрағы олардан солтүстікте, Море төбесінің маңындағы аңғарда болатын. 2Жаратқан Ие Гедеонға былай деп тапсырды: «Мадияндықтарды қолдарына тапсыруым үшін сенімен бірге шыққан жасақ тым көп. Әйтпесе кейін исраилдіктер «Өз күшіміз бізді жау қолынан құтқарды» деп Менің алдымда мақтанып жүрер. 3Сондықтан жасақтың алдында: «Кім жүрексініп тұрса, осы Ғилақад төбесінен кетіп, үйіне қайта берсін!» деп жарияла». — Гедеон солай істегенде, жиырма екі мың адам үйлеріне қайтып, он мыңы ғана қалды.
4Бірақ Жаратқан Ие: «Сарбаздар әлі де тым көп. Оларды төменге қарай, суға алып бар. Сол жерде Мен оларды іріктеймін. Содан кейін кімнің баратынын, кімнің бармайтынын Өзім саған анықтап айтып беремін», — деді. 5Осылайша Гедеон жасақты төменге, ағып жатқан су көзіне ертіп алып барды. Жаратқан Ие оған нұсқап былай деді: «Суды ит сияқты жалап ішкендерді бір жаққа, тізерлеп ішкендерді басқа жаққа бөлекте!» — 6Сонда суды алақанымен ұрттап, жалап ішкендердің саны үш жүз болды, ал қалған сарбаздардың барлығы суды тізерлеп жатып ішті. 7Мұнан кейін Жаратқан Ие Гедеонға уәде беріп: «Мен осы үш жүз адаммен сендерді құтқарып, мадияндықтарды қолыңа тапсырамын. Ал қалғандары үйлеріне қайта берсін», — деді.
8Гедеон үш жүз сарбазды бөлек тұрғызып, қалғандарының азық-түліктері мен кернейлерін алып қалып, өздерін қостарына қайтарып жіберді. Мадияндықтардың тұрағы төменде, аңғарда болатын.
9Сол түні Жаратқан Ие Гедеонға былай деп бұйырды: «Орныңнан тұрып, ылдилап мадияндық жасақшылардың тұрағына аттан! Себебі Мен оны сенің қолыңа тапсырдым. 10Ал егер шабуыл жасаудан қауіптенсең, көмекші Пурахты ертіп аңғардағы Мадиянның тұрағына білдіртпей түс. 11Сол жерде олардың айтқан сөздеріне құлақ түр. Сонда естігендерің арқылы жігерленіп, жасақшылар тұрағына шабуыл жасауға батылданасың».
Содан Гедеон көмекшісі Пурахпен тұрақ шетіндегі бір жасақшылар тобына таяп барды. 12Ал күллі мадияндықтар, амалектіктер және шығыстың басқа да көшпелі тайпалары аңғарда шегіртке үйірлеріндей қаптап, түйелері де теңіз жағалауындағы құм түйіршіктеріндей сансыз көп болып жатыр екен.
13Гедеон таяп келгенде, бір адам өзінің көрген түсін жолдасына айтып жатты:
— Мен мынадай түс көрдім: бір таба арпа наны мадиянның тұрағына домалап құлап түсіпті. Ол бір қосқа соғылып, оны аударып түсіріп, жермен-жексен қылған екен. — 14Жолдасы:
— Бұл түс сол исраилдік Жоғас ұлы Гедеонның семсері туралы ғана болуы мүмкін! Құдай Мадиянды және оның бүкіл тұрағын соның қолына тапсырған болса керек! — деп жауап қайтарды.
15Гедеон осы түсті әрі оның жоруын естіген соң, Жаратқан Иеге басын иіп ғибадат етті. Исраилдің тұрағына қайта оралғаннан кейін ол: «Тұрыңдар! Жаратқан Ие Мадиян жасағының тұрағын сендердің қолдарыңа тапсырды!» — деп әмір берді.
16Гедеон үш жүз адамын үш топқа бөліп, әрбір адамның қолына бір-бірден керней және ішінде жанып тұрған алауы бар бос құмыраларды ұстатты да, 17оларға былай деп бұйырды: «Маған қарап, істегендерімді қайталаңдар! Мен тұрақтың шетіне жеткенде дәл менің істегенімдей сендер де істеңдер! 18Мен және қасымдағылар дабыл беріп керней тартқан кезде сендер де тұрақты айналдыра кернейлеріңді тартыңдар! «Жаратқан Ие үшін әрі Гедеон үшін (семсер)!» деп айқайлап ұран да салыңдар!»
19Түн ортасында, екінші күзет енді ғана басталған кезде Гедеон қасындағы бір жүз адамымен тұрақтың шетіне жетті. Олар кернейлерін тартып, қолдарындағы құмыраларын сындырып тастады. 20Сонда үш топтың күллі адамдары да кернейлерін тартып, құмыраларын сындырды. Олар сол қолдарымен жалындаған алауларын, оң қолдарымен кернейлерін ұстап тұрды да, «Жаратқан Ие үшін әрі Гедеон үшін семсер!» — деп ұрандаумен болды. 21Әр адам жаудың тұрағын айналдыра өз орнында тұрды. Сонда тұрақтағылардың барлығы да сасқалақтап жүгіріп бара жатып, қатты айқайлап тым-тырақай қаша жөнелді.
22Осы үш жүз адам кернейлерін тартқанда, Жаратқан Ие жау тұрағындағы адамдардың бәрін бір-біріне қарсы шығарып, семсерлерімен өзара шайқастырып қойды. Қалған жасақшылар (Иордан өзеніне қарай) Сәрераның жанындағы Бет-Шиттаға, Табаттың маңындағы Әбел-Мехоланың шекарасына дейін қашып кетті. 23Алайда Исраилдің Нафталим, Ашир және бүкіл Манаса руларының адамдары шақырылып, олар мадияндықтардың соңынан қуып кетті.
Гедеон бидің ефремдіктерге берген дана жауабы
24Гедеон бүкіл Ефрем руының таулы аймағына да хабаршыларын жіберіп: «(Иордан алқабына) төмен түсіп барып, мадияндықтарға қарсы шығыңдар! Бет-Бараға дейінгі су көздерін және өзендердің өткелдерін қолға түсіріп, жауды соларға жақындатпаңдар!» — деді.
Сонда Ефремнің бүкіл адамдары шақырылып, Бет-Бараға дейінгі су көздерін және Иордан мен басқа да өзендердің өткелдерін қолға түсіріп, жауды соларға жақындатпады. 25Ефремдіктер Мадиянның артынан қуып, олардың екі әміршісі — Ориб пен Зипті тұтқындады. Содан Орибті Ориб құзының, Зипті Зиптегі жүзім сыққыштың маңында өлтіріп, бастарын Иорданның жағасынан Гедеонға алып барды.
Currently Selected:
Билер 7: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.