Билер 6
6
Мадиян халқының Исраилді тонауы
1Ал исраилдіктер қайтадан Жаратқан Иеге жек көрінішті іс-әрекет жасады. Содан Жаратқан Ие оларды жеті жылға Мадиян халқының қолына тапсырды. 2Мадияндықтар Исраилге тым қатты зорлық-зомбылық көрсеткендіктен, исраилдіктер өздеріне тау шатқалдарында үңгірлер мен бекіністер дайындап алып, сонда бас сауғалады. 3Себебі исраилдіктер жерге егін еккен сайын, мадияндықтар амалектіктермен және шығыстың басқа да көшпелі тайпаларымен бірге оларға шапқыншылық жасай беретін. 4Жау исраилдіктерге қарсы қостарын тігіп, тіпті Газаға дейінгі аралықтағы барлық жердің өнімін құртты. Олар Исраилде ешқандай азық-түлік атаулыны тастамай, не ірілі-ұсақты малдан, не есектерден бірде-біреуін де тірі қалдырмайтын. 5Сол тайпалар малдарымен, қостарымен елді шегірткедей қаптап кететін, себебі адамдары мен түйелері сансыз көп болатын. Олар елге басып кіріп, оның сау тамтығын да қалдырмайтын.
6Осылайша исраилдіктер мадияндықтардың кесірінен қатты күйзеліске түсіп, Жаратқан Иеге жалбарына сиынды. 7Олар мадияндықтарға бола Жаратқан Иеге жалынып мінажат еткендіктен, 8Жаратқан Ие Исраилге бір пайғамбарды жіберді. Ол халыққа былай деді: «Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен Өзім сендерді құлдықта жүрген Мысыр елінен алып шықтым; 9мысырлықтардың қолынан және өздеріңді жәбірлеген басқалардың да барлығынан сендерді құтқардым. Оларды алдарыңнан қуып шығып, жерлерін сендерге табыстадым. 10Өздеріңе былай дегенмін: «Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін. Енді сендер аморлықтардың жерін мекендеп тұрсыңдар, ал олардың жалған тәңірлерінен қорқып, соларға табынбаңдар!» Бірақ та сендер Мені тыңдамадыңдар».
Жаратқан Иенің Гедеон биді тағайындауы
11Бұдан кейін Жаратқан Иенің періштесі Офрадағы дәу еменнің түбіне барып, сонда отырды. Бұл жер Әбиезердің ұрпағы Жоғастың меншігі еді. Сол кезде Жоғастың ұлы Гедеон жинаған бидайының дәндерін мадияндықтардан сақтап қалу үшін оны жүзім сыққыштың ішінде#6:11 Яғни жүзім шырынын сығып алуға арналған шұңқырдың (не үңгірдің) ішінде (Иш 5:2). бастырып жатқан еді. 12Жаратқан Иенің періштесі Гедеонға көрініп:
— Жаратқан Ие саған жар, мықты батыр! — деп тіл қатты. 13Гедеон оған былай деп жауап берді:
— Уа, мырзам, егер Жаратқан Ие бізге жар болса, онда неліктен осының бәрі басымызға түсті? Аталарымыз бізге айтып берген Оның барлық кереметтері қайда кеткен?! Олар: «Халқымызды Мысыр елінен бастап алып шыққан Жаратқан Ие емес пе еді?» дейтін. Ал қазір Жаратқан Ие бізді тастап кетіп, мадияндықтардың қолына бере салды!
14Жаратқан Ие#6:14 Періштесі арқылы Жаратқан Иенің Өзі сөйледі (6:11,21; Жар 16:7,13; 22:11-16; Мыс 3:2-5). Гедеонға бұрылып:
— Сен бар да, осы құдіретіңмен Исраилді мадияндықтардың қолынан құтқарып ал! Сені жұмсап тұрған Өзім емеспін бе?! — деп аманаттады. 15Бірақ Гедеон:
— Уа, Мырзам, мен қалайша Исраилді құтқармақпын? Менің әулетім Манаса руының ішіндегі ең әлсізі, әрі өзім де әкемнің үйіндегі кенжесімін ғой! — деп жауап қатты. 16Жаратқан Ие оған:
— Мен, сөзсіз, сенімен бірге жүріп, жар боламын! Сонда сен жалғыз бір-ақ адамды соққандай, мадияндықтардың барлығына да күйрете соққы бересің, — деп уәде берді. 17Гедеон:
— Уа, Ием, егер Сен маған оң көзбен қарасаң, онда менімен сөйлесіп тұрған шынымен Өзің екенін дәлелдейтін белгі ретінде бір керемет көрсете гөр. 18Енді мен барып, Саған арнап бір сый-тарту алып келгенше алыстап кетпей, осында бола тұрсаң екен, — деп өтінді. Жаратқан Ие:
— Жарайды, сен қайтып келгенше Мен күте тұрайын, — деп келісті.
19Гедеон үйіне барып, бір лақты сойып, етін асты да, бір қапшық#6:19 Шамамен 20 л. ұннан ашытқысыз нан пісірді. Содан соң лақтың етін себетке салып, сорпасын ыдысқа құйып алып, еменнің түбінде періштенің алдына қойды. 20Құдайдың періштесі Гедеонға:
— Ет пен нанды мына тастың үстіне қойып, сорпаны құй! — деп тапсырды. Гедеон солай істеді. 21Сонда Жаратқан Иенің періштесі қолындағы таяғының ұшын ет пен нанға тигізді. Лезде тастан от лап етіп шықты да, ет пен нанды жалмап қойды. Ал періште Гедеонның көзіне көрінбей қалды.#6:21 13:20; Леу 9:24; Пат4 2:11; Жыр 103:4.
22Бұдан Гедеон оның шынымен Жаратқан Иенің періштесі екеніне көз жеткізіп:
— О, Жаратушы Тәңір Ие! Мен Жаратқан Иенің періштесінің жүзін бетпе-бет көрдім! Енді маған не болар екен? — деп абыржып қалды. 23Ал Жаратқан Ие оны:
— Саған амандық болсын!#6:23 Яки: Саған амандық пен тыныштық болсын! (Жыр 84:9) Қорықпа, содан өлмейсің, — деп жігерлендірді.
24Гедеон сол жерде Жаратқан Иеге арнап құрбандық ұсынатын орын салып, оған «Жаратқан Ие — амандық (бастауы)»#6:24 Түпнұсқада: Яһуә — шалом. деген ат қойды. Сол құрбандық орны күні бүгінге дейін Әбиезер әулетіне тиесілі Офра деген жерде#6:24 6:11. тұр.
Гедеонның жалған тәңірлерге табынуға қарсы шығуы
25Сол түні Жаратқан Ие Гедеонға былай деп бұйырды: «Әкеңнің табынынан жеті жасар екінші бұқаны#6:25 Немесе: бір жас бұқаны және жеті жасар екіншісін. ал. Әкеңнің Бағалға арнаған құрбандық орнын қиратып, оның жанындағы Ашераға#6:25 Ашера: Астартаның басқа аты (2:13). бағышталған бағананың түбіне де балта шап! 26Содан соң Құдайың Жаратқан Иеге арнап құрбандық ұсынатын орынды дұрыстап қалап сал. Екінші өгізді шалып, Ашераға бағышталған бағананың ағашымен түгелдей өртелетін құрбандық ретінде ұсын!»
27Сонда Гедеон қызметшілерінің арасынан он адамды алып, Жаратқан Иенің берген бұйрығын орындады. Бірақ ол әкесінің үй ішінен және қала халқынан қорқып, мұны күндіз емес, түнде істеді.
28Таңертең қала халқы ерте тұрып қараса, міне, ғажап, Бағалға құрбандық ұсынатын орын қиратылып, оның жанындағы ағаш бағананың түбіне балта шабылыпты! Ал жаңадан салынған құрбандық ұсынатын орында екінші бұқа#6:28 6:25. құрбандыққа шалынып, өртеліпті! 29Олар бір-біріне: «Бұны кім істеді екен?» — десіп, тексеріп сұрастырып, мұны Жоғас ұлы Гедеонның істегенін біліп алды. 30Содан қала халқы Жоғастан талап етіп:
— Балаңды үйіңнен мұнда алып кел! Ол өлуге тиіс! Себебі Бағалдың құрбандық орнын қиратып, жанындағы Ашераның бағанасын да шауып тастапты, — деді. 31Бірақ Жоғас қарсы шыққандарға былай деп жауап берді:
— Сендер Бағал үшін күреспексіңдер ме? Оны сендер құтқармақсыңдар ма? Бағал үшін күресетін әркім таңертеңге дейін өледі! Егер Бағал шынымен тәңір болса, өзі үшін өзі күресіп, құрбандық орнын қиратқан адамның көзін өзі құртсын! — 32Сол күннен бастап жұрт Гедеонды «Еруб-Бағал»#6:32 Яки: «Бағал (шынымен тәңір болса, өзі) күрессін». деп атайтын болды. Бұл «ол Бағалға арнап құрбандық ұсынатын орынды қиратып тастағандықтан, Бағал онымен өзі күрессін» деген мағынаны білдіреді.
33Содан кейін күллі мадияндықтар, амалектіктер және шығыстың басқа да көшпелі тайпалары бірге жиналды. Олар Иордан өзенінен өтіп, Ізрел аңғарына жетіп, сол жерде қостарын тікті. 34Сонда Жаратқан Иенің Рухы Гедеонға қонып, бойын биледі. Гедеон дабыл беріп кернейін тартқанда, Әбиезерден тараған әулет жиналып, оның соңынан ерді. 35Ол, сондай-ақ, бүкіл Манаса руына да хабаршыларын жіберіп, оларды өзіне ілесіп аттануға шақырды. Гедеон Ашир, Забулон, Нафталимға елшілерін жолдаған соң, сол рулар да қыратты аймаққа көтеріліп, онымен кездесті.
Гедеонның Құдайдан керемет белгі беруін сұрауы
36Мұнан кейін Гедеон Құдайға сиынып былай деді: «Уа, Құдай! Егер Сен шынымен Өзің уәде еткендей, Исраил халқын мен арқылы құтқаратын болсаң, оны былай көрсете гөр: 37Мен қырманға қырқылған жүнді жаямын. Егер таңертең шық тек жүннің үстіне ғана түсіп, ал жер құрғақ болса, онда Сен Өзің уәде еткендей, Исраилді жаудан мен арқылы құтқаратыныңды білетін боламын». — 38Бұл солай болды да. Гедеон келесі күні таңертең ерте тұрып, жүннен табақ толатындай су сығып алды. 39Ал Гедеон қайтадан Құдайға сиынып былай деді: «Қаһарлана көрмеші, тағы бір өтінішімді айтайын: мен тағы бір рет көзімді жеткізгім келеді. Бұл жолы жүн құрғақ, ал айналасындағы жер шықтан дымқыл болсын!» — 40Құдай сол түні дәл осылай істеді. Жүн ғана құрғақ болып, айналасындағы жердің бәріне шық түсіпті!
Currently Selected:
Билер 6: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.