YouVersion Logo
Search Icon

Билер 5

5
Зұлым жауды жеңдірген Құдайды мадақтау жыры
1Сол жеңіс күні Дебора және Абиноғам ұлы Барақ былай деп жырлады:
2Басшылар бастап шықты Исраилді,
Халық өз еркімен бағышталып ерді,
Мақтаңдар содан Жаратқан Иемізді!
3Ей, патшалар, құлақ салыңыздаршы,
Ей, билеушілер, тыңдаңыздаршы,
Жаратқан Иеге жырымды арнаймын,
Исраилдің Құдайына әнімді шырқаймын:
4Уа, Жаратқан, Сен Сейірден шыққанда,#5:4 Бұл Жаратқан Иенің жорыққа шығып, өз халқын иен даладан уәделі елге бастап әкелгенін бейнелейді. Едом аймағындағы Сейір тауы кейде Синай тауымен қатар аталып өтеді (Заң 33:2; Жыр 67:8-9; Абқ 3:3,6).
Едом аймағынан алға басқанда,
Жер сілкініп, бұлттан жаңбыр құйды сонда,
5Таулар дірілдеді Иеміздің алдында,
Синай тауы да Жаратқанның алдында:
Исраилдің Құдайының көз алдында.
6Анат ұлы Шамғардың#5:6 3:31. заманында
Әрі Жаилдың да уақытында
Үлкен жолдар қаңырап бос жататын,
Жүргіншілер сүрлеумен алға басатын.
7Бос қалды Исраилдің елді мекендері,
Исраилдік ана — мен Дебора, келгенше.
8Халық жаңа тәңірлер алды таңдап,
Содан қақпаларға соғыс келді таяп.
Исраилдің қырық мың ері арасынан
Байқалды ма бірде-бір найза не қалқан?
9Жүрегімде Исраилдің әміршілері
Һәм халықтың бағышталып ерген ерлері,
Бәрің мадақтаңдар Жаратқан Иемізді!
10Уа, ақ есекке мініп алған байлар,
Қымбат кілем үстінде отыратындар,
Әрі жаяу жүргендер, соны хабарлаңдар!
11Суатта ән-жыр айтқандарға құлақ асыңдар,
Жаратқанның әділ істерін мадақтаңдар!
Исраил өз диқандарының ерлігін мақтар.
Жаратқанның халқы қала қақпасына барды:
12«Уа, Дебора, енді ояныңызшы,
Оянып, жырлап, ерлерді шақырыңызшы!
Уа, Абиноғам ұлы, тұрыңызшы,
Уа, Барақ, жауларды тұтқындаңызшы!»
13Қалған ерлер шықты айбатты жауға қарсы,
Жаратқанның халқы мықтыларға қарсы:#5:13 Немесе: Аман қалғандар айбатты әміршілерге мойынсұнды (яки: Табор тауынан түсті), Жаратқанның халқы мықтылармен бірге маған келді.
14Амалектің жері болған Ефремнен түсті,
Буняминдіктер олардың соңынан ілесті,
Махырдан аттанды әскербасылар,
Забулоннан билік басындағылар.
15Исашар басшылары еріп Дебораға,
Исашар Барақпен атой салды аңғарға.
Ал пікір мың құбылды Рубен тармақтарында.
16Неге жылжымай жаттың қораларда,#5:16 Немесе: екі қоржынның арасында (Жар 49:14).
Шопанның ысқырығын тыңдап отырдың ба?
Пікір мың құбылды Рубен тармақтарында.
17Ғилақад қалды Иорданның ар жағында,
Дан неге жалтарды кемелер қасында?
Ашир отырды теңіз жағалауында,
Әрекет етпеді кемежайларында.
18Ал Забулон руы аянбады қыраттарда,
Бастарын өлімге тікті нафталимдықтар да.
19Жау патшалары аттанды соғысуға,
Қанахан патшалары Тағанахта,
Мегидо бұлақтарының бойында
Шайқасқанмен олар ешқандай олжа
Не күмісті түсіре алмады қолдарына.
20Аспан әлемінен жұлдыздар сонда
Жүрген жолдарынан соғысып, олар да
Шабуыл жасады сол Сисараға.
21Жауларды шайып ағызып Қишон жылғасы
Әкетті: ежелден бар бұл Қишон жылғасы.
Алға басып, қабылдайық күш-қуатты!
22Аттардың тұяқтары жерді дүркіретті,
Жаудың алғыр айғырлары шауып жүрді.
23«Мероз қаласы жазасын тартсын! — деді
Жаратқан Иеміздің періштесі, —
Қала тұрғындарына қарғыс тиеді,
Жаратқанға олар қолдау көрсетпеді,
Мықты жауға қарсы көмектеспеді».
24Әйелдер ішінен Жаил жарылқансын,
Бұл батыл әйелі кендік Хебердің!
Ол шатырда тұратын әйелдердің
Ең молынан жарылқанғаны болсын!
25Сисара су сұрап, Жаил сүт берді,
Әсем тостағанмен шалап әперді.
26Жаил оң қолын созды қазыққа,
Сол қолын жұмысшының балғасына.
Бір ұрып жарды ол жауыздың басын,
Тесіп жіберді Сисараның самайын.
27Жаилдың аяқтарына жау иілді,
Аяқтарының арасына жығылды,
Жығылған жерінде лезде қырылды.
28Сисараның шешесі сыртқа қарады,
Терезе торынан былай деп зарлады:
«Неге келмеді оның соғыс күймесі?
Кешікті-ау дөңгелектерінің дүбірі!»
29Көреген ханымдары мынадай жауап қатты,
Соларын көп қайталап ол жұбаныш тапты:
30«Олжа тауып, бөлісіп жатыр екен,
Әр сарбазға тұтқын қыз бір-екіден,
Алуан түсті шапандар Сисараға,
Кестелі түрлі түсті маталар да,
Һәм кестеленген шәлілер менің мойныма,
Осылардың барлығы да бізге олжа!»
31Уа, Жаратқан, бар жауың солай талқандалсын,
Ал Сені сүйгендер атқан күндей нұрлансын!
Содан елде қырық жыл бойы тыныштық орнады.

Currently Selected:

Билер 5: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in