Билер 4
4
Дебора пайғамбар мен Барақтың елді қанахандық жаудан құтқаруы
1Ал Ехуд дүние салғаннан кейін исраилдіктер қайтадан Жаратқан Иеге жек көрінішті іс-әрекет жасады. 2Сол себепті Жаратқан Ие оларды Қанаханның патшасы Ябиннің қолына бере салды. Ябин елдің солтүстігіндегі Хасорда билік құрды. Оның қолбасшысы Сисара Харошет-Ғоимда тұратын. 3Сисараның тоғыз жүз темір соғыс күймесі болды. Ол исраилдіктерді жиырма жыл бойы қатты қанап, олар Жаратқан Иеге жалбарына сиынды.
4Сол кезде Дебора есімді пайғамбар әйел Исраил халқына билік айтатын. Оның күйеуінің есімі Лапидот болатын. 5Дебора Ефремнің таулы аймағындағы Рамақ пен Бетелдің арасындағы «Дебораның құрма ағашы» деп аталатын ағаштың түбінде тұратын. Даулы мәселелеріне әділ шешім іздеген исраилдіктер оның алдына келіп жүгінетін.
6Бір күні Дебора Нафталим руының жеріндегі Кедестен#4:6 Яки: Кедештен (4:9; Еш 15:23; 20:7). Абиноғам ұлы Барақты шақыртып алдырып, оған былай деді:
— Тыңдап ал, Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие саған мынаны бұйырады: Нафталим, Забулон руларынан он мың адамды жинап, солармен Табор тауына өрлеп бар! 7Мен Ябиннің қолбасшысы Сисараны өзінің соғыс күймелерімен және қалың қолымен бірге сенің қасыңа Қишонның аңғарына еліктіріп әкеліп, қолыңа тапсырамын. — 8Алайда Барақ оған:
— Егер сіз менімен бірге баратын болсаңыз, барамын, ал бармасаңыз, мен де бармаймын, — деп жауап қайтарды. 9Сонда Дебора:
— Жарайды, мен сенімен бірге барамын. Бірақ бұл жорыққа барсаң да, сенің даңқың шықпайтын болады. Себебі Жаратқан Ие Сисараны бір әйелдің қолына тапсырады, — деді.
Сонымен Дебора жиналып, Барақты ертіп Кедеске барды. 10Барақ Забулон мен Нафталим руларының ер адамдарын Кедеске шақырды. Сонда Барақтың соңынан он мың сарбаз еріп, Дебора да онымен бірге (Табор тауының басына) өрлеп барды.
11Мұса пайғамбардың балдызы#4:11 Немесе: қайын атасы (1:16; Мыс 2:18; Рул 10:29; 24:21). Хобабтың бір ұрпағы — кендік Хебер есімді кісі бар болатын. Сол кезде Хебер басқа кендіктерден бөлініп, Кедестің маңындағы Сананымдағы дәу емен ағашының маңында қос тігіп, тұрып жатқан еді.
12Енді Абиноғам ұлы Барақтың сарбаздарымен бірге Табор тауына көтерілгендігі туралы хабар қанахандық қолбасшы Сисараға жетті. 13Сисара қарамағындағы барлық күймелерін: тоғыз жүз темір соғыс күймесін және күллі жасақшыларын шақырып жинап алып, Харошет-Ғоимнан Қишон алқабына аттанды.
14Сол кезде Дебора Бараққа тіл қатып: «Аттан! Бүгін Жаратқан Ие Сисараны сенің қолыңа тапсырады! Жаратқан Иенің Өзі алдыңда жүріп жар болады», — деді. Барақ он мың адамын ертіп алып, Табор тауынан төмен түсті. 15Жаратқан Ие Сисараны, оның күллі соғыс күймелері мен жасақшыларын абыржытып, оларды Барақтың адамдарының семсерлерімен қырып-жойды. Сисара соғыс күймесінен түсіп, жаяу қаша жөнелді. 16Барақ сарбаздарымен бірге жаудың соғыс күймелері мен жасағын Харошет-Ғоимға дейін қуып, Сисараның бүкіл жасағы семсерден қаза тауып, бірде-біреуі тірі қалған жоқ.
17Ал осы екі арада қолбасшы Сисара кендік Хебердің әйелі Жаилдың шатырына жаяу қашып барған еді. Себебі Хасор патшасы Ябин мен кендік Хебердің әулеті өзара тату болатын. 18Жаил Сисараның алдынан шығып:
— Қош келдіңіз, тақсыр, төрлетіп дем алыңыз. Еш қауіптенбеңіз, — деп ішке шақырды. Сисара шатырға кіріп, әйел оның үстін бір көрпемен жауып тастады. 19Сисара одан:
— Маған ішетін су берші, шөлдеп тұрмын, — деп сұрады. Әйел сүт құйылған торсықтың аузын ашып, оған сүт берді. Содан кейін Сисараны қайтадан көрпесімен қымтап жапты. 20Сисара оған:
— Шатырдың кіреберісінде тұр. Егер біреу келіп, іште кісінің бар-жоғын сұраса, «жоқ» де! — деп бұйырды.
21Содан әбден шаршаған Сисара қатты ұйықтап кетті. Ал Хебердің әйелі Жаил шатырдың бір қазығын және балғаны қолына алып, Сисараға білдіртпей жақындап барды да, оның басын самайынан қазықпен қағып, жерге қадап тастады. Сисара осылайша өлді.
22Осы екі арада қолбасшы Сисараның соңынан қуған Барақ та жетті. Жаил оның алдынан шығып: «Кіріңіз, мен сізге іздеп жүрген кісіңізді көрсетемін», — деді. Барақ ішке кіріп қараса, міне, самайына қазық қағылған Сисара өліп жатыр екен!
23Осылай Құдай сол күні Қанахан патшасы Ябинді исраилдіктерге бой ұсындырды. 24Күн өткен сайын арта түскен олардың күші Қанаханның осы патшасын тықсырып, ақыр соңында оның да көзін құртты.
Currently Selected:
Билер 4: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.