Билер 3
3
1-2Исраилдіктердің Қанаханда бұрын жүргізген соғыстарының ешқайсысын көрмей өскен жаңа ұрпағын тексеріп, шайқасқа үйретіп, сынау үшін Жаратқан Ие бірнеше халықтарды осы елде қалдырды. Олар мыналар: 3філістірлердің бес әміршісінің#3:3 Яки: бес патшасының (10:7; 14:4; Еш 13:3; Пат1 6:18; 27:2; 29:2). қарамағындағылар, барлық (қалған) қанахандықтар, сидондықтар, Бағал-Хермон тауынан Лебо-Хаматқа дейін созылған аралықтағы Ливан тауларында тұрып жатқан хевтіктер. 4Жаратқан Ие бұлардың ата-бабаларына Мұса арқылы берген өсиеттерін исраилдіктер орындай ма деп тексеріп сынау үшін осы халықтарды әдейі қалдырған болатын.#3:4 3:22-24.
5Сол себепті Исраил халқы қанахандықтар, хеттіктер, аморлықтар, перездіктер, хевтіктер және ебустіктердің араларында өмір сүріп жатты. 6Алайда исраилдіктер сол халықтармен қыз алысып, қыз берісіп, олардың тәңірсымақтарына құлшылық ететін болды.#3:6 Мыс 34:15-16; Заң 7:3-4; Еш 23:12-13.
Отниел бидің Исраилді Месопотамия патшасынан құтқаруы
7Исраилдіктер Жаратқан Иеге жек көрінішті іс-әрекет жасап, өз Құдайлары Жаратқан Иені естерінен шығарып, Бағал, Ашера есімді тәңірсымақтарға арналған мүсіндер мен бағаналарға табынып кетті. 8Сонда Жаратқан Иенің қаһары Исраилге қарсы лаулап, Ол халықты Месопотамияның#3:8 Жар 24:10; Заң 23:4. патшасы Қушан-Рушатаимның#3:8 Осы есімнің Хусарсафем деген түрі де бар. қолына бере салды. Содан олар осы патшаға сегіз жыл бойы басыбайлы қызмет етті.
9Бірақ халық Жаратқан Иеге жалбарына сиынғанда, Ол бір құтқарушыны: Халептің інісі Кеназдың ұлы Отниелді#3:9 1:12-13; Еш 15:17. тағайындады. Отниел исраилдіктерді жау қолынан құтқарып алды. 10Жаратқан Иенің Рухы Отниелге қонып, ол Исраилге билік айтты. Отниел соғысқа аттанғанда Жаратқан Ие оның қолына Месопотамияның патшасы Қушан-Рушатаимды тапсырып, Отниел оны жеңіп шықты. 11Осылайша елде қырық жыл бойы тыныштық орнады. Содан соң Кеназ ұлы Отниел көз жұмып дүние салды.
Ехуд бидің елді Моаб патшасынан құтқаруы
12Ал кейінірек исраилдіктер қайтадан Жаратқан Иеге жек көрінішті іс-әрекет жасады. Олардың сондай зұлымдық істегендері үшін Жаратқан Ие Моаб патшасы Еглонға Исраилге қарсы шығуға күш-қуат берді. 13Еглон аммондықтар мен амалектіктерді қасына жинап аттанып, Исраилге шабуыл жасады да, «Құрма ағаштарының қаласы» Иерихонды#3:13 1:16; Заң 34:3. басып алды. 14Содан Исраил халқы Моаб патшасы Еглонға он сегіз жыл бойы басыбайлы қызмет етті.
15Бірақ исраилдіктер қайтадан Жаратқан Иеге жалбарына сиынғанда, Ол бір құтқарушыны: буняминдік Гера ұлы Ехудті#3:15 Осы есімнің Аод деген түрі де бар. тағайындады. Ехуд солақай болатын. Бірде исраилдіктер оны Моаб патшасы Еглонға алым-салықтарын табыстауға жіберді. 16Ехуд өзіне ұзындығы бір қысқалау шынтақ, екі жүзді семсер#3:16 Немесе: екі жүзді қанжар (Езк 5:1). Қысқалау шынтақ: 33 см. жасап алған еді. Оны оң жақ санына киімінің астынан асынып жүрді. 17Ехуд әкелген алым-салығын Моаб патшасы Еглонға тапсырды. Еглон өте семіз адам болатын. 18Алым-салықты табыстағаннан кейін Ехуд соны көтеріп алып келген адамдарын жөндеріне босатып жіберді. 19Өзі Ғылғалдың маңындағы тастан ойылған мүсіндерге жеткенде кері бұрылып, патшаға қайтып барды. Оған: «Тақсыр, менің сізге айтатын бір құпия хабарым бар!» — дегенді білдіртті.
Патша: «Тыныштық болсын!» — деп бұйырғанда, қасындағы нөкерлерінің барлығы шығып кетіп қалды. 20Бұдан кейін Ехуд өзінің салқындау жоғарғы бөлмесінде оңаша отырған патшаға таяп барып: «Менде сізге жеткізетін Құдайдың хабары бар!» — деді. Сонда Еглон тағынан тұрды. 21Ехуд сол қолымен оң жағындағы семсерін суырып алып, оны патшаның ішіне сұғып алды. 22Тіпті семсердің тұтқасы да патшаның ішіне кіріп кетті, ал ұшы оның арқасынан шыға келді. Ехуд семсерін қайта суырып алған да жоқ, себебі патшаның денесіндегі май семсердің кірген жерін жауып, бітеп тастады. 23Содан соң Ехуд жоғарғы бөлменің есігін ішінен бекітті де, өзі (терезеден) ауызғы бөлмеге шығып, сытылып кетті.
24Ехуд кетіп қалғаннан кейін патшаның қызметкерлері келіп, есіктің іштен бекітілгенін көріп: «Патша ішкі бөлмеде дәретте отырған шығар», — десіп, 25күтіп тұра берді. Міне, ғажап, патша есігін ашқан жоқ. Сондықтан олар абыржып, кілтті алып, есікті ашты. Кіріп барса, патша жерге құлап, өліп қалыпты.
26Олар кідірген кезде Ехуд сытылып қашып кеткен болатын. Ол манағы тас мүсіндердің#3:26 3:19. қасынан өтіп, Сеираға#3:26 Сеира: Ефрем руының жеріндегі елді мекен. барып, аман қалды. 27Сол жерге жете салысымен Ехуд Ефремнің таулы аймағында дабыл беріп керней тартты. Сонда исраилдік ер адамдар оған еріп қыраттардан төмен түсті, ал Ехуд оларды бастап жүрді.
28Ехуд оларға: «Соңымнан еріп аттаныңдар! Өз жауларың — моабтықтарды Жаратқан Ие сендердің қолдарыңа тапсырды», — деді. Олар Ехудтің соңынан ілесіп, Иордан өзеніндегі Моаб еліне алып баратын өткелдерді қолға түсіріп, ешкімді де өзеннен өткізбей қойды. 29Бұдан кейін олар шабуыл жасап, шамамен он мың моабтықтың көзін құртты. Барлығы денелі де мықты жауынгерлер болатын, бірақ бірде-біреуі қашып құтыла алмады. 30Сол күні Моаб халқы Исраилге бағынып, осылайша елде сексен жыл бойы тыныштық орнады.
Шамғар батырдың елді філістірлерден құтқаруы
31Ехудтен кейін Анат ұлы Шамғар Исраилді жау қолынан құтқарды. Бірде Шамғар бұқа айдайтын, ұшы өткір істікпен алты жүз філістірдің көзін құртты.
Currently Selected:
Билер 3: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.