YouVersion Logo
Search Icon

Билер 2

2
Жаратқан Иенің періштесі жеткізген хабар
1Жаратқан Иенің періштесі Ғылғалдан Бохимге өрлеп барып (сонда жиналып тұрған исраилдіктерге Жаратқан Иенің мына хабарын жеткізді): «Мен сендерді Мысырдан алып шығып, ата-бабаларыңа ант еткен осы елге әкелдім. Мен сендермен жасаған Келісімімді ешқашан да бұзбаймын деген едім. 2Ал сендер бұл елді мекендеген халықтармен ешқандай келісім жасаспауға әрі олардың құрбандық ұсынатын орындарын қиратуға тиіс едіңдер.#2:2 Мыс 23:32; 34:12-13; Рул 33:52; Заң 7:2,5; 12:3. Бірақ та Менің сөздеріме құлақ аспадыңдар. Бұлай істегендерің қалай? 3Ал енді сендерге мынаны айтамын: Мен бұдан былай сол халықтарды алдарыңнан қуып шығармаймын. Олар бүйірлеріңе тиген қамшыдай болмақ, ал өздерінің табынатын жалған тәңірлері сендерді тұзақ іспетті құлатпақ».#2:3 2:21; Рул 33:55; Заң 7:16; Еш 23:13.
4Жаратқан Иенің періштесі осы сөздерді барлық исраилдіктерге айтқан кезде халық дауыс көтеріп зарлай бастады. 5Сондықтан да олар сол жерді Бохим (демек, Зарлау) деп атап кетті. Халық осы жерде Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалып ұсынды.
Ешуа пайғамбардың көз жұмуы
6Кезінде Ешуа халықты таратып жібергенде, исраилдіктер елді иемденуге әрқайсысы өзіне бөлінген мұралық жеріне кеткен болатын. 7Ешуаның көзі тірісінде және Жаратқан Иенің Исраил халқы үшін істеген ұлы істерінің барлығын көздерімен көріп, Ешуадан кейін де ұзақ жасаған ақсақалдардың бүкіл кездерінде халық Жаратқан Иеге мойынсұнып, Оған ғибадат ете берді.
8Жаратқан Иенің қызметшісі Нұн ұлы Ешуа жүз он жыл жасап, қайтыс болды. 9Оның мәйіті Ешуаның үлесіне тиген жерінде: Ефрем руының таулы аймағындағы Ғағаш төбесінің солтүстік жағындағы Тимнат-Серах#2:9 Еш 19:50; 24:30. қаласының маңында қабірге қойылды.
Исраил халқының опасыздығы
10Сол буынның күллі адамдары дүние салып, ата-бабаларының қасына жөнелгеннен кейін, Жаратқан Иені танымайтын және Оның Исраил үшін істеген ұлы істерін ескермейтін жаңа ұрпақ дүниеге келді. 11Олар Жаратқан Иеге жек көрінішті іс-әрекет жасап, Бағал атты жалған тәңірлердің мүсіндеріне#2:11 Яки: бағалдарға. (Сол заманда көптеген қалалар мен елді мекендерде Бағал, демек, «ие, пір» атты жалған тәңірлерге арналған мүсіндер мен құрбандық орындары орнатылатын: 3:7; 6:25; 8:33; 10:6.) табына бастады. 12Сол жаңа ұрпақ ата-бабалары сиынған, оларды Мысыр елінен алып шыққан Құдайлары — Жаратқан Иеден бас тартты, әрі айналаларында тұрып жатқан ұлттардың табынатын бөгде тәңірлерінің жолдарына түсіп, соларға иіліп құлшылық етті. Халық бұларымен Жаратқан Иенің қаһарын туғызды. 13Осылайша исраилдіктер Жаратқан Иеден бас тартып, Бағал мен Астартаның#2:13 Сол өлкедегі халықтар Астартаға (яки Ашторетке) жалған тәңір Бағалдың «әйелі» әрі өнімділік, соғыста жеңіс сыйлайтын «пір, тәңір» деп құлшылық ететін. мүсіндеріне табынатын болды. 14Сондықтан Жаратқан Иенің қаһары Исраилге қарсы лаулап, Ол халықты тонаушылардың қолына бере салды. Солар исраилдіктердің мал-мүліктерін зорлап тартып алып отырды. Жаратқан Ие халықты айналасында тұрып жатқан жауларының қолына түсіргендіктен, соларға қарсы тұруға Исраилдің қауқары жетпейтін болды. 15Халықтың жасақшылары қайда барып, шабуылдаса да, Жаратқан Ие Өзі ант етіп алдын ала айтқандай, оларға қарсы соғысып, жеңіліске ұшыратты.#2:15 Леу 26:14-39; Заң 28:15-68. Содан халық қатты қиналды.
Жаратқан Иенің Исраилді құтқаратын билер тағайындауы
16Ал Жаратқан Ие Исраилге билер тағайындап отырды, олар халықты тонаған жауларының қолынан құтқарды. 17Бірақ халық осы билерге де құлақ аспай, бөгде тәңірлерге азғындықпен бас иіп табынып кетті. Олар ата-бабалары жүрген тура жолдан лезде-ақ тайып, солар сияқты Жаратқан Иенің өсиеттеріне мойынсұнған жоқ. 18Исраилдіктер жаулардың өздеріне зорлық-зомбылық көрсетіп азаптағанынан күңіренгендіктен, Жаратқан Ие оларға жаны ашып, билер тағайындап отырды. Жаратқан Ие сол биге жар болып, оның көзі тірісінде исраилдіктерді жауларынан құтқарып отырды. 19Алайда би қайтыс болған соң, халық ата-бабаларынан бетер азғындыққа салынып, бөгде тәңірлердің жолына түсіп, соларға бас иіп құлшылық ететін. Осылай халық өздерінің күнәкар қылықтарын және қасарысып Хақ Тағалаға бағынбауларын доғарған жоқ.
Исраилді сынау үшін елде қалдырылған бөгде ұлттар
20Сол себепті Жаратқан Иенің қаһары Исраилге қарсы лаулап, Ол былай деді: «Мына халық Менің өздерінің ата-бабаларымен жасаған Келісімімді бұзып, айтқандарыма құлақ түрмегендіктен, 21Мен де енді Ешуа елден қуып шығармаған ұлттардың ешқайсысын исраилдіктердің алдарынан қуып шығармаймын. 22Осылайша Мен арғы аталары істегендей, қазіргі ұрпақ та Жаратқан Иенің жолымен жүре ме деп тексеріп сынаймын». 23Осы себептен Жаратқан Ие сол ұлттарды Ешуаның қолына тапсырған да жоқ, тездетіп қуып шығарған да жоқ; қайта, олардың елде қалуларына жол берді.

Currently Selected:

Билер 2: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in