Билер 13
13
Самсон бидің айрықша дүниеге келуі
1Исраилдіктер қайтадан Жаратқан Иеге жек көрінішті іс-әрекет жасады. Содан Ол халықты қырық жыл бойы філістірлердің қолына табыстады.
2Дан руының Сора қаласында Маноғах есімді бір кісі тұратын, оның әйелі бала тумайтын бедеу еді. 3Бір күні Жаратқан Иенің періштесі әйелге мынадай хабар алып келді: «Сен бала тумаған бедеу болған едің. Енді аяғың ауырлап, ұл туасың. 4Бұдан былай шарап пен ашыған басқа да сусын атаулыны ішуден, әрі қандай да болмасын арам нәрсені жеуден сақ бол! 5Себебі жүкті болып, ұл туасың. Оның басына ұстара мүлдем тимеуі керек. Ол құрсақта жатқан кезінен-ақ Құдайға ерекше бағышталған жан болады.#13:5 Яки: құрсақта жатқан кезінен-ақ назир болады (Рул 6:2-5). Исраилді філістірлердің қолынан сол құтқара бастайды!»
6Содан кейін әйел күйеуіне келіп, былай деді: «Маған Құдайдың жіберген бір адамы#13:6 Немесе: Құдайдың пайғамбары; яки: хабаршысы. (Пайғамбарлар солай деп те аталатын: 13:8; Заң 33:1; Еш 14:6; Пат1 2:27; 9:6-10. Періштелер кейде адам кейпінде көрінетін: 2:1; 6:20; Жар 18:2; 19:1.) келіп кетті. Оның сыртқы көрінісі Құдайдың періштесі сияқты үрей туғызады. Мен оның қайдан келгенін сұраған жоқпын, ол да өзінің аты-жөнін айтқан жоқ. 7Бірақ ол маған: Аяғың ауырлап, ұл туасың. Бұдан былай шарап пен ашыған басқа да сусын атаулыны ішпе, әрі қандай да болмасын арам нәрсені жеме. Себебі бала құрсақта жатқан кезінен өлген күніне дейін Құдайға ерекше бағышталған жан болады! — деді».
8Маноғах Жаратқан Иеге сиынып: «Уа, Ием, Өзің бізге жіберген адамың қайтып келіп, дүниеге келетін осы балаға не істеуіміз керек екенін үйрете көрсін», — деп өтінді.
9Құдай Маноғахтың мінажатына құлақ салды. Оның әйелі егіс басында жүргенде Құдайдың періштесі оған қайтадан ұшырасты. Сол кезде де күйеуі Маноғах қасында жоқ еді. 10Әйелі бірден күйеуіне жүгіріп барып: «Анау күні келген адам маған қайтадан көрінді!» — деп оны шақырды. 11Маноғах орнынан тұрып, әйеліне еріп сол адамға барды. Одан:
— Мына әйелмен сөйлескен адам сізсіз бе? — деп сұрады. Ол:
— Мен солмын, — деп жауап берді. 12Маноғах оған:
— Айтқандарыңыз жүзеге асқанда баланың өмірі мен іс-әрекеті қандай болуы керек? — деген сұрақ қойды. 13Жаратқан Иенің періштесі Маноғахқа:
— Әйелің мен айтқан нәрселердің барлығынан бас тартатын болсын: 14жүзімнен дайындалған ештеңені жемесін, шарап пен басқа да ашыған сусын атаулыны ішпесін, ешқандай арам нәрсені жеуіне де болмайды. Мен оған бұйырғанның барлығын орындасын! — деді. 15Маноғах Жаратқан Иенің періштесін:
— Бізбен бірге қала тұрыңыз. Бір лақ соямыз, тамақ жеп кетіңіз! — деп шақырды. 16Періште оған:
— Жарайды, біраз қала тұрайын, алайда сенің тамағыңнан дәм татпаймын. Дегенмен Жаратқан Иеге арнап шалынып, түгелдей өртелетін құрбандық ұсынуыңа болады, — деді.
Маноғах келген қонағының Жаратқан Иенің періштесі екенін әлі де ұғынбай тұрған еді. 17Сондықтан ол Жаратқан Иенің періштесінен:
— Аты-жөніңізді айтыңызшы, сөздеріңіз орындалған кезде сізге құрмет көрсетейік! — деп өтінді. 18Бірақ Жаратқан Иенің періштесі оған:
— Менің атымды неге сұрайсың? Ол түсінуге болмайтын тым керемет! — деп жауап қайырды.
19Маноғах лақты шалып, оны және астық тартуын алып, екеуін сол жердегі бір дәу тастың үстінде Жаратқан Иеге өртеп ұсынды. Ол әйелі екеуі құрбандықтың жанып жатқанына қарап тұрғанда, Жаратқан Ие бір керемет іс жасады! 20Құрбандық орнынан от жалыны аспанға қарай лаулап жатқан кезде Жаратқан Иенің періштесі сол жалынның ішінде жоғары көтеріліп кетті.#13:20 Жар 15:17; Леу 9:24; Шеж1 21:16; Пат4 2:11; Жыр 103:4. Маноғах пен әйелі мұны көргенде екеуі етпеттерінен жерге жата кетіп, Жаратқан Иеге ғибадат етті.
21Періште Маноғах пен оның әйеліне енді қайтып көрінбеді. Сонда Маноғах оның Жаратқан Иенің періштесі болғанын ұғынып, 22әйеліне:
— Біз Құдайды көрген екенбіз, енді құритын шығармыз! — деді. 23Бірақ әйелі оған:
— Егер Жаратқан Ие бізді құртуды қалаған болса, онда не өртелген құрбандығымыз бен астық тартуымызды қабылдамас, не осындай кереметті көрсетпес, не сондай хабарды жеткізбес еді ғой! — деп жауап берді.
24Уақыты жетіп, Маноғахтың әйелі ұл туып, атын Самсон деп қойды. Бала өсіп, Жаратқан Иенің жарылқауына ие болды. 25Самсон Сора мен Ештағолдың арасындағы Махане-Дан дейтін жерде болғанда, Жаратқан Иенің Рухы алғаш рет оны әрекет жасауға ұмтылдырды.
Currently Selected:
Билер 13: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.