Билер 12
12
Ефрем руының Ефтах биге қарсы бас көтеріп, жеңілуі
1Ал Ефрем руының сарбаздары жиналып, Сафонға#12:1 Немесе: солтүстікке. өтіп барды да, Ефтахқа:
— Аммондықтарға қарсы соғысу үшін солардың жеріне аттанғанда неге бізді шақырмадың? Сол үшін біз сені өз үйіңде өртеп жібереміз! — деп қоқан-лоқы айтты.#12:1 8:1; 14:15. 2Ефтах оларға жауап беріп былай деді:
— Халқыммен бірге аммондықтармен зор дауға түстім. Алайда мен сендерді шақырған кезде де сендер мені олардың қолынан құтқарған жоқсыңдар. 3Маған көмектеспейтіндеріңе көз жеткізген соң, мен солардың жеріне аттанып, аммондықтарды өзім шабуылдап басымды өлімге тіктім. Жаратқан Ие оларды қолыма табыстады. Ал енді, өздерің неге маған қарсы соғысуға келіп отырсыңдар?
4Ал ефремдіктер: «Ей, ғилақадтықтар, сендер небәрі Ефрем мен Манасаның ортасындағы Ефремнің қашқынысыңдар, ә!» — деп оларды жәбірледі. Сол себепті Ефтах Ғилақадтың барлық ер адамдарын жинап, Ефрем жасағымен соғысып, оларды талқандады. 5Ғилақадтықтар Иордан өзенінің өткелдерін басып алып, ефремдіктерге елдеріне қайтатын жолды жауып тастады. Осылайша Ефремнің қашып келе жатқан адамы: «Ана жаққа өтейін деп едім!» — десе, ғилақадтықтар одан: «Сен ефремдіксің бе?» — деп сұрайтын еді. Егер анау жоқ десе, 6олар оған: «Шибболет деп айт!» — деп бұйыратын. Егер ана адам сол сөзді дұрыс айта алмай, «Сибболет» деп ерсілеу айтса, онда оны ұстап алып, өткелдің маңында өлтіріп тастайтын. Сонымен бұл соғыста Ефремнің қырық екі мың адамы өлді.
7Ғилақадтық Ефтах би Исраилге алты жыл бойы билік айтты. Ол қайтыс болғанда мәйіті Ғилақад аймағындағы бір қаланың маңайындағы қабірге қойылды.
Ибесан би, Елон би және Абыдон би
8Ефтах биден кейін Исраилге бетлехемдік Ибесан#12:8 Осы есім Есевон деп те дыбысталады. билік айтты. 9Оның отыз ұлы мен отыз қызы болды. Ол қыздарын өз әулетінен тыс жаққа ұзатып, ұлдарына әулетінен тыс жақтан әйел алып берді. Ибесан Исраилге жеті жыл бойы билік айтты. 10Ибесан би қайтыс болғанда, мәйіті Бетлехемдегі қабірге қойылды.
11Ибесан биден кейін Исраилге забулондық Елон он жыл бойы билік айтты. 12Елон би қайтыс болғанда, мәйіті Забулон руының жеріндегі Аялонда қабірге қойылды.
13Елон биден кейін Исраилге пиратондық Хиллел ұлы Абыдон билік айтты. 14Оның жетпіс есекке мініп жүретін қырық ұлы мен отыз немересі болды. Абыдон Исраилге сегіз жыл билік айтты. 15Абыдон би қайтыс болғанда, мәйіті Ефрем руының аймағындағы Пиратонда, Амалек төбесіндегі қабірге қойылды.
Currently Selected:
Билер 12: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.