Билер 11
11
Ефтах бидің елді Аммонның езгісінен құтқаруы
1Ғилақадтық Ефтах#11:1 Осы есім Иеффай деп те айтылады. мықты да батыл жауынгер еді. Оның әкесінің аты Ғилақад, ал шешесі жеңіл жүрісті әйел болатын. 2Ғилақадтың некелі әйелі де оған ұлдар туды. Олар есейген кезде Ефтахты қуып жіберіп, оған: «Біздің әкеміздің үйінде мұрагер болмайсың, себебі сен бөгде әйелдің баласысың», — деді. 3Сонда Ефтах ағайындарынан қашып кетіп, Тоб өңіріне#11:3 Пат2 10:6-8. қоныстанды. Сол жерде оған бірнеше бос жүрген жігіттер қосылып, оның соңынан еріп (жаудың елді мекендерін тонауға) шығып жүрді.
4Біраз уақыт өтіп, Аммон халқы Исраилге қарсы соғыс бастады. 5Аммондықтар аттанып келгенде, Ғилақад аймағының ақсақалдары Ефтахты шақырып алу үшін Тоб жеріне оның алдына барып, 6одан:
— Келіп, басшымыз бола көріңіз, сөйтіп аммондықтармен соғысайық! — деп өтінді. 7Ефтах оларға:
— Мені жек көріп, әкемнің үйінен қуып шыққан сіздер емес пе едіңіздер? Енді бастарыңызға пәле түскенде маған несіне келіп тұрсыздар? — деді. 8Бірақ Ғилақадтың ақсақалдары қоймай:
— Сол себептен біз енді өкініп, алдыңызға келіп тұрмыз. Бізбен бірге барып, аммондықтармен соғыссаңыз, Ғилақадты мекендейтін бәріміздің басшымыз сіз боласыз! — деді. 9Ефтах оларға:
— Мейлі, мен сіздермен барып, аммондықтармен соғыса-ақ қояйын. Жаратқан Ие маған жеңіс те берді дейік. Сонда сіздер шынымен-ақ мені өздеріңізге басшы етесіздер ме? — деген сұрақ қойды. 10Ғилақадтың ақсақалдары:
— Жаратқан Иенің Өзі осы айтқанымыздың растығына куә болсын. Сіз қалай айтсаңыз, дәл солай істейміз! — деп уәделерін берді.
11Сонда Ефтах Ғилақадтың ақсақалдарымен барып, халық оны өздеріне басшы әрі жасақтың қолбасшысы етіп қойды. Ефтах ақсақалдарға айтқан бүкіл сөздерін Миспада Жаратқан Иенің алдында қайталап айтты.
12Содан Ефтах Аммон халқының патшасына елшілерін жолдап:
— Менің еліме қарсы соғысатындай біздің арамызда қандай дау бар еді? — деген сәлемін жіберді. 13Аммон патшасы Ефтахтың елшілеріне:
— Исраил халқы Мысырдан көшіп шыққан кезде, Арнон мен Ябоктың арасындағы Иорданға дейін созылып жатқан жерімді тартып алды. Сол жерімді бейбіт түрде қайтарып беріңдер! — деп жауап берді.
14Ефтах өзінің елшілерін тағы да Аммон патшасына жолдады. 15Олар былай деді:
— Ефтах мынаны айтады: Исраил не Моаб, не Аммон халықтарының жерлерін тартып алған емес. 16Исраил Мысырдан көшіп шыққан кезде иен дала арқылы Қамысты теңізге әрі Қадешке барды.#11:16 Заң 14:25; 20:1. 17Сонда Исраил Едом патшасына елшілері арқылы «Сіздің еліңіз арқылы өтіп шығуға рұқсат берсеңіз екен» деген сәлемін жіберген еді. Бірақ Едом патшасы Исраилдің өтінішіне құлақ салмады. Моаб патшасына да сондай өтініш жіберілді, бірақ ол да рұқсатын берген жоқ. Осылай Исраил халқы Қадеште қала берді. 18Кейін олар елсіз дала арқылы, Едом мен Моаб елдерін сырт айналып өтіп, Моабтың шығыс жағына шықты да, Арнон өзенінің арғы жағына тұрақтады. Олар Моаб жеріне аяқ басқан жоқ, себебі шекара дәл сол өзен арқылы өтетін еді.
19Содан соң исраилдіктер Хешебонда патшалық құрған аморлықтардың патшасы Сихонға елшілерін жіберіп, одан: «Жеріңіз арқылы өтіп өзіміздің жерімізге баруға рұқсат ете көріңіз» деп өтінді. 20Бірақ Сихон Исраил халқын өз жері арқылы өткізуден қорқып, өзінің бүкіл жасағын жинап, Яхаста қостарын тігіп, оларға қарсы соғысты. 21Бірақ Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие Сихон мен оның барлық адамдарын Исраилдің қолына тапсырып, олар жеңіліп қалды. Сонда Исраил халқы сол елді мекендеген аморлықтардың 22Арнон мен Ябоктың арасындағы және елсіз даладан Иорданға дейінгі жерін иемденіп алды.#11:22 Рул 21:21-26.
23Ал енді Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие аморлықтарды қуып шығып, жерлерін өз халқы Исраилге бергендіктен, осы жерді мұралық меншікке алуға сіздің қандай құқығыңыз бар? 24Табынатын тәңіріңіз Хамос өзіңізге иелікке берген жерді иемденесіз ғой. Сол сияқты, біз де Құдайымыз Жаратқан Ие мұралыққа табыстаған жерді иемденеміз. 25Әлде сіздер Моаб патшасы Сипор ұлы Балақтан артықсыздар ма? Оның Исраилмен осы жер туралы дауласып, соғысқан кезі болды ма? 26Үш жүз жылдан бері Исраил Хешебон, Арогер мен оларға қарасты елді мекендерде және Арнон өзенінің бойында орналасқан басқа да қалаларды қоныстанып келеді. Сол кездерде жерді неге бізден тартып алмадыңыздар? 27Ендеше мен сізге ешқандай обал жасап отырған жоқпын. Қайта, сіз маған қарсы соғыс ашып жамандық істеп отырсыз. Жаратқан Ие — әділ Төреші. Оның Өзі бүгін Исраил мен Аммон халықтары арасындағы осы дауды шешіп берсін!
28Бірақ Аммон патшасы Ефтахтың жіберген осы сәлеміне еш құлақ асқан жоқ. 29Сонда Жаратқан Иенің Рухы Ефтахқа қонып, ол Ғилақад пен Манаса арқылы өтіп, Ғилақадтағы Миспаға, одан аммондықтарға қарай аттанды.
Ефтахтың берген анты
30Ал Ефтах Жаратқан Иеге ант етіп былай деген еді: «Егер Сен аммондықтарды менің қолыма тапсырсаң, 31онда мен аман-есен қайтып келген кезде алдымнан бірінші болып үй-жайымның қақпасынан шыққанды Жаратқан Иеге бағыштап шалып, түгелдей өртеп жіберемін».
32Осылай Ефтах жасағын ертіп аммондық сарбаздарға қарсы аттанып, шабуыл жасады. Жаратқан Ие аммондықтарды Ефтахтың қолына табыстады. 33Ефтах оларды ойсырата жеңіп, жаудың Арогер мен Минит арасында әрі Әбел-Керәмимге дейінгі аралықта орналасқан жиырма қаласын қиратып тастады. Осылай аммондықтар Исраил халқына бой ұсынды.
Ефтахтың қызының Құдайға бағышталуы
34Ефтах өзінің Миспадағы үй-жайына келгенде, оның алдынан даңғыраны сыңғырлатып, би билеп өз қызы шыға келді! Ол Ефтахтың жалғыз баласы еді, одан басқа Ефтахтың ұлы да, қызы да жоқ болатын. 35Қызының осылай келе жатқанын көргенде, Ефтах көйлегінің өңірін жыртып:
— Әттең, қызым-ай! Сен мені қатты қайғыртып, үлкен қасіретке түсіріп отырсың. Мен өз аузыммен Жаратқан Иеге ант еткен едім, енді соны қайтарып ала алмаймын! — деді. 36Қызы оған:
— Әкетай, сіз Жаратқан Иеге ант етіпсіз. Ендеше аузыңыздан шыққан сол антыңызды орындаңыз!#11:36 Рул 30:2. Жаратқан Иеміз сізге аммондық жауларыңыздың үстінен үлкен жеңіс сыйлады ғой! — деді. 37Содан соң қызы әкесінен: — Тек маған мынаған рұқсат берсеңіз екен: Мен екі ай бойы таулы аймақты кезіп, жолдас қыздарыммен өзімнің ешқашан күйеуге шыға алмайтыныма қайғырып, қайтып келейін! — деп сұрады. 38Ефтах:
— Баруыңа болады, — деп қызына рұқсат беріп, оны екі айға жіберді. Қызы жолдас қыздарымен тауға шығып, өзінің күйеуге шыға алмайтынына қайғырды. 39Екі ай біткен соң қыз әкесіне қайтып келді. Әкесі берген антын орындап, қызын Жаратқан Иеге бағыштады. Ол ешқашан еркекпен жақындаспаған пәк қыз еді.
Сол кезден бастап Исраилде 40жыл сайын бойжеткен қыздардың ғилақадтық Ефтахтың қызын жырлап еске алу үшін төрт күнге далаға кететін дәстүрі бар.
Currently Selected:
Билер 11: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.