YouVersion Logo
Search Icon

Ишая 7

7
Жау шабуылына ұшыраған патшаның Жаратушыдан жігер алуы
1Яһуда елінде Ұзияхтың немересі Жотамның ұлы Ахаз патшалық құрған кезде#7:1 Б.з.д. 735-727 жж. Арама#7:1 Яки: Сирия. патшасы Ресин мен Солтүстік Исраилдің патшасы Ремалиях ұлы Пақах#7:1 Осы есім Факей деп те жазылады (Шеж2 28:5). екеуі Иерусалимге қарсы аттанып, шабуыл жасады. Алайда олар қаланы басып ала алмады.
2Кейін тағы да «Арама Солтүстік Исраилмен бізге қарсы одақтасты!»#7:2 Немесе: «Араманың әскері Ефремде (яғни Солтүстік Исраилде) қостарын тікті!» (Сол екі ел одан бұрын да одақтасып, Яһуда елінің патшасын, Дәуіттің ұрпағы Ахазды, жеңіп шыққан еді: Шеж2 28:5-8.) деген суық хабар Дәуіттің әулетіне жетті. Содан Ахаз патша мен оның халқының қорыққаны сонша, дауыл шайқаған орман ағаштарындай дірілдеді.
3Ал Жаратқан Ие Ишаяға бұйрық беріп былай деді: «Сен ұлың Шеяр-Язубты#7:3 Бұл есімнің мағынасы: «Қалғандары қайтады». Осы арқылы Құдай опасыз халқына оның жаудан жеңіліп, жер аударылуын, ал аман қалған біраз бөлігінің қайтып келетінін алдын ала білдірді (6:11-13). ертіп алып, қаланың сыртында Ахазбен жолық. Оны Жоғарғы тоғанға қарай аққан арықтың соңынан, мата ағартушы шеберлердің даласына апаратын жол бойынан табасың. 4Ахазға мына хабарымды жеткіз: Абай болып, тыныштық сақта! Ана бықсып, шала жанған екі отындық ағашқа ұқсайтын#7:4 Амо 4:11; Зәк 3:2. жауларыңнан қорықпа! Ресин мен Араманың және сол бір Ремалиях ұлының лаулаған қаһарынан зәрең ұшпасын!» 5Рас, Арама Ефреммен,#7:5 Яки: солтүстік Исраилмен (7:1). оның патшасы Ремалиях ұлымен бірге саған қарсы зұлым жоспар құрды: 6«Кәне, Яһудаға қарсы аттанып, үрейін ұшырайық! Елді өзара бөлісіп алып,#7:6 Немесе: аттанып, елді бөлшектейік. Оны өзара бөлісіп алып. оған Табеил ұлын патша етіп тағайындайық!» дейді.
7Алайда Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Бұл ешқашан да жүзеге аспайды! 8Себебі Дамаск тек Араманың бас қаласы, ал Ресин небәрі Дамаскінің басы ғана болады. Ефремге келсек, ол алпыс бес жылдың ішінде талқандалып, халық болудан қалады.#7:8 Расында да б.з.д. 670 жылға дейін Ассур патшалығының әскері Солтүстік Исраилді (Ефремді) басып алып, халықтың басым көпшілігін шетелге жер аударды. Қалғандары көшіп келген бөтендермен араласып, солардан самариялық халық пайда болды (7:16; Түсіндірмедегі «Самариялықты» қараңыз). 9Самария тек Ефремнің бас қаласы, ал Ремалиях ұлы небәрі Самарияның басы ғана бола береді.
Ал егер сенімдеріңде берік тұрмасаңдар, онда (жауға қарсы) берік тұра алмайсыңдар!»#7:9 Немесе: онда өздерің де халық болудан қаласыңдар! (8:6-8; 30:15-17)
Имануилдің дүниеге келуі жайлы уәде
10Жаратқан Ие Ахаз патшаға тағы бір хабар жіберіп:
11— Осыны істейтіндігімді саған дәлелдеуім үшін Менен, Құдайың Жаратқан Иеден, бір керемет жасауымды сұра! Бұл керемет іс жердің терең тұңғиығынан#7:11 Немесе: Бұл, о дүниенің тұңғиығынан. немесе аспанның қиыр шетінен болса да, сұрай бер! — деп бұйырды. 12Бірақ Ахаз:
— Жоқ, мен соны сұрамаймын! Жаратқан Иені осылайша сынағым келмейді, — деп бас тартты. 13Сонда Ишая оған былай деді:
— Дәуіттің әулеті, сөзіме құлақ салыңдар! Адамдардың төзімін сынағандарың аз болғандай, енді Құдайымның да төзімін сынамақсыңдар ма?!#7:13 Демек, сендер пайғамбарларды тыңдамай келгендеріңді қоймай, енді Құдайдың Өзін тыңдамайсыңдар ма? 14Ендеше Тәңір Иенің Өзі сендерге осыны істейтіндігін дәлелдейтін кереметті жасайды:
Біліп алыңдар, пәк қыз құрсақ көтеріп, ұл туады. Оған Имануил (яғни «Құдай бізбен бірге»#7:14 Яки: «Құдай бізге жар (бола гөр)» (8:8,10; 9:6-7).) деген ат қояды. 15Нәресте есейіп, жаманнан бас тартып, жақсыны таңдай білетін жасқа келгенде ішетін тамағы тек айран мен бал болады.#7:15 Бұл, елдің ойрандалып, басқа тағам түрлерінен тапшылық көрген бейшара, жарлы күйін білдіреді (7:21-22). 16Себебі бала ер жетіп, жаманнан гөрі жақсыны таңдай білетін жасқа келместен бұрын-ақ, сені соншама қатты қорқытқан әлгі екі патшаның елдері ойрандалады.
17Жаратқан Ие саған, сенің халқыңа және әкеңнің әулетіне де ауыр күндерді төндіреді. Солтүстік Исраил Яһудадан бөлініп шыққаннан бері, елің сондай пәлені бұрын-соңды басынан кешпеген еді: Жаратқан Ие сендерге қарсы Ассур патшасын аттандырмақ!#7:17 8:7-8; 36:1. 18-19Сол кезде Жаратқан Ие жауларыңа ысқырып белгі беріп, оларды осы елге шақырып алады. Бәрі де не шыбын-шіркей секілді Мысырдағы Ніл өзенінің алыс салаларынан, не жабайы ара сияқты Ассур патшалығынан осы елге қаптап келеді. Олар үйір-үйірімен сай-салаларға, құз-шатқалдардың жарықтарына, тікенекті бұталар мен суаттардың барлығына қонатын болады. 20Сол күндері Тәңір Ие Ассур патшасын Евфрат өзенінің ар жағынан жалдап алып, сендерге қарсы жібереді. Сонда Ол Ассур патшасын ұстарадай қолданады: сендердің шаштарың мен аяқтарыңдағы түктеріңді, тіпті сақал-мұрттарыңды да алып тастаған іспетті сендерді масқара қылады.#7:20 Езк 5:1,11-12.
21Бұл уақыт келгенде шаруа өзінің табын-отарларынан тек бір қашары мен екі қой-ешкісін ғана қырғыннан сақтап қала алады. Бірақ соның өзінде 22олар (тапталған егіндіктер мен бау-бақшаларда емін-еркін жайылып) сүтті мол беретіні сонша, ол айран ұйытуға да жетеді. Елдегі пәледен аман қалғандар тек айран ішіп, бал жейтін болады.#7:22 7:15.
23Бұрын құны бір мың мысқал күміс#7:23 Барлығы 11,4 кг күміс. болған, бір мың жүзім бұтасы өскен әрбір жүзімдікті сол күндері тікенді бұталар әрі жантақ, ошаған қаптап кетеді. 24Адамдар осылай ойрандалып, тікенді бұталар мен арам шөп басқан барлық жерге тек садақпен қаруланып қана баратын болады.#7:24 Яки: барып, аң аулайтын болады. 25Бір кезде кетпенмен қопсытылып, өңделген барлық қырат-қырқаларыңа тікенді бұталар әрі жантақ, ошаған қаулап өсіп тұрғандықтан, енді онда бара алмайтын боласыңдар. Сол жерлерді ірі қара мен ұсақ малдар емін-еркін таптайтын болады.

Currently Selected:

Ишая 7: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in