Ишая 65
65
Не сотталу, не құтқарылу: біреуін таңдаңдар!
1— Мен туралы сұрамағандарға Өзімді көрсеттім. Іздемегендер#65:1 Яки: Маған бет бұрып сиынбағандар (55:6; 58:2-4,6-9). Мені таба алды. Маған сиынбаған халықты: «Мен мұндамын, осында келіңдер!» деп шақыра бердім. 2Өз беттерімен жүріп, теріс жолға түсіп, қасарысқан халықты күні бойы құшақ жайып шақырумен болдым.
3Бұл халық әрдайым көз алдымда күнә жасап, ашуымды туғызады. Жалған тәңірлерге арнаған бақтарда құрбандық шалып, кірпіш үстелдердің үстінде хош иісті заттарды да түтетеді.#65:3 Құдайға арнап жалғыз Иерусалимдегі ғибадатханада ғана хош иісті заттар жағып түтетуге болатын (Шеж2 7:12). 4Олар қабір бастарында отырып, құпия жерлерде түнеп, аруақтарға сиынады. Сонымен қатар арам ет жеп,#65:4 Яки: үңгірлерде түнеп, (аруақтардан кеңес сұрайды). Сонымен қатар шошқа етін жеп (8:19; 57:9; 66:3,17). оның жиренішті сорпаларын ыдыстарына құйып: 5«Тоқта, маған жақындама! Мен әулие адаммын»,#65:5 Яки: Мен саған қарағанда тым киелімін. деп менменсиді. Мұндай адамдар Мен үшін ащы түтін#65:5 Нқл 6:16-17; 10:26; 16:5. әрі күн ұзағына бықсып жанған от сияқты жеркенішті.
6Біліп алыңдар, көз алдымда: «Мен үндемей қалмаймын, еселерін толықтай қайтарамын!» деген сөздер жазулы тұр. 7Мен, Жаратқан Ие, мынаны айтамын: өз күнәларыңа қоса ата-бабаларыңның күнәларының да жазасын толықтай тартқызамын! Олар тау-төбелерде жалған тәңірлерге арнап хош иісті заттар түтетіп, Мені қорлайтын. Енді Мен оларға жасаған қылықтарына қарай жазаларын толығымен тартқызамын!
8Жаратқан Ие тағы мынаны айтады:
— Жүзім шоғының аз да болса шырыны бар кезінде жұрт: «Мұны лақтырып тастама, әлі де пайдасы бар ғой» дейді. Сол секілді, Мен де қызметшілерімнің бәрін бірдей құртпай, 9Жақыптың үрім-бұтағын қайтадан өрбітіп шығармақпын, әрі Яһуда руынан да Менің таулы жеріме ие болатын ұрпақтарын өркендетіп таратпақпын.#65:9 10:20-22; 11:11-13. Өзім таңдап алған бұлар сол жерді иеленіп, сонда қоныстанып, Маған қызмет ететін болады. 10Елдің батысындағы Шарон жазығы ұсақ мал отарларына жайылым және шығысындағы Ахор аңғары#65:10 Көрікті де құнарлы Шарон жазығы Исраилдің батыс жағында, ал Ахор аңғары оның шығыс жағында орналасқан. Демек, бүкіл ел сол кезде жарылқанбақ (35:2; Еш 7:26). ірі қара табындарына тынығатын жер болады. Барлығы Маған бет бұрып сиынған халқымның меншігіне айналады.
11Алайда Менен, Жаратқан Иеден, бас тартқан өзгелеріңе былай деймін: Сендер Өзіме бағышталған Сион тауын естеріңнен шығарып, Бақыт пен Тағдырды#65:11 Яки: жұлдыз жорамалды (гороскопты). (Түпнұсқадағы сол жалған тәңірлердің есімдері: Ғад, Мени.) пір тұтасыңдар. Соларға арнап дастарқан жайып, дәмді шарапты толтыра құйып бересіңдер. 12Бірақ сендердің тағдырларыңды Өзім шешіп қойдым: Жауларыңның алдында тізе бүгіп, семсерден қырыласыңдар. Себебі Мен шақырғанда жауап бермедіңдер, тіл қатқанымда сөзіме құлақ аспадыңдар. Қайта, көз алдымда зұлымдық жасап, Маған ұнамайтын нәрселерді таңдап алдыңдар.
13Сондықтан Мен, Жаратушы Тәңір Ие, былай деймін: Біліп қойыңдар, Маған қызмет ететіндер тойына ішіп-жеп, ал сендер, зұлымдар, ашығып, шөлдейтін боласыңдар! Қызметшілерім шаттанғанда сендер ұятқа қаласыңдар! 14Олар көтеріңкі көңілмен ән шырқаса, сендер қинала айқайлап, жаралы жүрекпен еңіреп жылайтын боласыңдар.#65:14 Нқл 15:13. 15Сендердің есімдерің Менің таңдап алғандарым үшін қарғыс іспетті болып қалады. Мен, Жаратушы Тәңір Ие, көздеріңді құртамын, ал адал қызметшілеріме жаңадан құрметті есім сыйлаймын. 16Енді ел ішінде бата сұраған әркім Маған, «Сөзіне адал шынайы Құдайға», сиынып бата сұрайды. Ант еткендер де «Сөзіне адал шынайы Құдайдың атымен» деп ант бермек.#65:16 19:18; 45:23. Сонда бұрынғы қиыншылықтар ұмытылып, бұдан былай көзіме түспейтін болады.
Жаңа аспан, жаңа жер және жаңа Сион
17— Біліп алыңдар: Мен жаңа аспан мен жаңа жерді жаратпақпын. Бұрынғылар енді еске алынбай, ойға да келмейтін болады. 18Сонда сендер жасағандарыма мәңгі бақи мәз болып шаттанасыңдар. Мен Иерусалим қаласы мен оның халқын рақат пен қуаныштың қайнар көзіне айналдырамын. 19Өзім де Иерусалимге шаттанып, халқым үшін мәз-мейрам боламын. Енді қайтып қалада зар еңіреп жылаған дауыс естілмейді. 20Санаулы күн ғана өмір сүріп шетінеген сәбилер, жасына жетпей өлетін кәрілер одан табылмайды. Жүз жасап қайтыс болған жас деп, ал жүзге жетпей өлген қарғысқа ұшыраған күнәкар деп саналады.
21Халқым үй салса, сонда өзі тұратын, жүзімдік отырғызса, соның жемісін өзі жейтін болады. 22Енді қайтып олардың үйлерін бөтен кісілер иемденіп тұрмайды, жүзімдіктерінің жемісін де жаулары жемейді. Халқым мықты ағаш сияқты ұзақ өмір сүретін болады. Менің таңдап алғандарым жұмыстарының өнімдерін ұзақ уақыт пайдаланып, бейнеттерінің зейнетін көреді. 23Олар бекерге еңбек етпейді де, апатқа ұшырайтын балалар тумайды да. Себебі өздері мен ұрпақтары Өзім, Жаратқан Ие, жарылқаған үрім-бұтақ болады. 24Маған сиынбастан бұрын Мен оларға жауап беремін, олар әлі сөйлеп жатқанда-ақ Мен өтініштеріне құлақ саламын.
25Қасқыр мен қозы бірге бейбіт жайылып, арыстан сиырдай сабан жеп, жыланға топырақ жем болады.#65:25 Жар 3:14. Бұдан былай ешкім де Өзіме арналған бүкіл Сион тауында жамандық жасап, зияндық келтірмейді.#65:25 11:6-9; 2:2-4; 60:11,21. — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
Currently Selected:
Ишая 65: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.