Ишая 63
63
Құдай зұлым жауларын жазаламақ
1— Едом еліндегі Босорадан#63:1 Босора Құдай халқының ежелден дұшпаны болып келген Едом елінің астанасы еді. Едом осында Құдайға қарсы шыққан барлық халықтардың бейнесі (11:14: «шығыстағы халықтар»; 34:8-15; Пат1 14:47). келе жатқан, қан қызыл шапан жамылған мына Кісі кім екен? Сән-салтанатпен киініп, зор күшпен алға басқан Бұл кім Өзі? — Ол:
— Мен әділдікті айтамын, құтқаруға құдіреттімін, — дейді.
2— Неліктен киімдеріңіз бен шапаныңыз қып-қызыл? Олар арнайы шұңқырда жүзімді таптап, қызыл шырынын сығып шығаратын#63:2 5:2; Жоқт 1:15. кісінің киіміндей қан қызыл ғой?
3— Мен «жүзімдерді» жалғыз таптадым, халықтардан ешкім қасымда болып көмектеспеді. Ашуға мініп, зұлым жауларымды таптап, қаһарлана басып-жаншыдым. Солардың қаны шапаныма шашырап, барлық киімдерім де ластанды. 4Мен халқымды езгіден құтқаратын жыл келді,#63:4 Леу 25:39-42. арамза жауларыма жазаларын тартқызатын#63:4 34:8; 61:2; Ерм 51:6. мезгіл жетті деп ұйғардым. 5Айналама қарасам, Маған көмектесіп, сүйеніш болатын ешкімнің жоқтығына қатты таңғалдым. Сонда құтқаруды өз құдіретті қолыммен іске асырдым, өз қаһарым Өзіме сүйеніш болды. 6Мен ашуға мініп, зұлым халықтарды таптадым. Оларды қаһарыммен мас қылып теңселтіп, қандарын жерге төктім.#63:6 51:17; 34:6.
Жаратқан Иеден халқын құтқаруын сұраған жыр
7Жаратқан Иенің берік мейірімін,
Біз үшін жасаған бар игі істерін
Мен есіме түсіріп дәріптеймін.
Иеміз Исраил халқына молынан
Көрсетіп келеді мейірімділігін,
Аямай төккен шексіз рақымымен
Тәңір істеп келеді зор игіліктерін.
8Жаратқан Ие былай деген болатын:
«Шынында олар Менің меншікті халқым,
Алдамайтын рухани балаларым».
Содан Ол халқын құтқармақшы болды.
9Олар азап шеккен кездің бәрінде
Жаратқан Ие бірге азап шекті,
Өзінің қасындағы періштесі#63:9 Яки: хабаршысы (Мыс 23:20-23).
Таңдаған халқын қорғап-қоршап жүрді.
Құдайымыз сүйіспеншілігімен
Және мол қайырымдылығымен
Халқын құтқарып алып, бүкіл өткен
Заманда Қамқоршысы болып келген.#63:9 Немесе: Халқын (туысқан қамқоршысындай құнын төлеп) құтқарып алды. Бүкіл өткен заманда оларды кеудесіне басып көтеріп алып жүрді (40:11; 46:3).
10Ал өз халқы Құдайға қарсы көтерілді,
Киелі Рухын қатты ренжіте берді.
Сондықтан Тәңір оның жауына айналды,
Халқына қарсы Өзі күреске шықты.
11Сонда Оның халқы ежелгі заманды —
Мұса пайғамбар мен оның қасындағы
Халқының тарихын естеріне алды:
«Бағушысы Мұсамен бірге халықты
Теңізден өткізіп, басшыларына#63:11 Немесе: араларындағы (Мұсаға) (Мыс 3:16; 18:21-26; Рул 11:24-26).
Өзінің Киелі Рухын қондырған
Сол Жаратқан Иеміз қазір қайда?
12-13Өзі Мұсаны ұлы құдіретімен
Қолынан ұстағандай болып жетелеген,
Алдынан теңіз суын қақ айырған,
Халқын теңіз түбімен бастап алып шыққан,
Өз даңқын мәңгілікке нық орнатқан
Құдай Иеміз қазір қайда екен?
Олар кең далада көсіле шапқан
Сайгүліктей терең теңіз түбінен
Ешбір сүрінбестен-ақ өте шықты.
14Шұрайлы сайға түскен мал сияқты
Халқына Жаратқан Иенің Рухы
Сыйлады тыныштық пен амандықты».
О, Құдай, осылай халқыңды Өзіңнің
Ежелгі замандарда бастап жүрдің,
Осы бір құдіретті істеріңмен
Мәңгілік өшпейтін даңққа кенелдің.
15Уа, Жаратқан Иеміз, енді көктен,
Қасиетті, салтанатты мекеніңнен,
Қайтадан бізге назар аудара гөр!
Өз қайрат-жігерің мен құдіретің,
Зор жанашырлығың мен қайырымың
Қазіргі уақытта қайда екен?
Неге рақымыңды аяйсың бізден?
16Себебі Сен рухани Әкемізсің,
Түпкі аталарымыз Ыбырайым
Мен Исраил бізді танымайды екен,#63:16 (Әйүп 14:21) Немесе: Ыбырайым мен Жақып бізді танымаса да. (Халықтың сол түп аталары әлденеше ғасыр бұрын қайтыс болған еді.)
Ал Сен, Жаратқан Ие, бізге Әкесің,#63:16 64:8; Мыс 32:6; Шеж1 29:10; Ерм 3:19; 31:9; Мал 1:6; 2:10.
Ежелден-ақ мынау болды өз есімің:
«Құтқарып алған Қамқоршымыз біздің».
17Уа, Жаратқан Ие, бізге неліктен
Жолыңнан тайып кетуге жол бердің?
Неге жүрегіміздің қасарысып,
Өзіңді сыйламауына жол бердің?
Қайтып келе гөр қызметшілеріңнің,
Меншікті руларыңның, мүддесі үшін!
18Сенің халқың біраз уақытқа ғана
Ие болды қасиетті орныңа.
Енді жауымыз ғибадатханаңды
Тас-талқан етіп, таптап тастады.#63:18 64:11; Жыр 73:3-8.
19Біз Өзің арнайы билік құрмаған,
Сенің атыңмен еш те атамаған
Бөтен халықтардай болып кеттік содан!#63:19 43:7; Жыр 134:4; Ерм 14:9.
(Сен неге жол беріп келесің бұған?)#63:19 42:14; 64:12; Жыр 73:1-2.
Currently Selected:
Ишая 63: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.