YouVersion Logo
Search Icon

Ишая 62

62
Жаңа Иерусалим — әділдіктің ордасы
1Мен Сионды сүйіп, Иерусалимнің құтқарылуын зарыға күткендіктен тынши алмаймын. Оның әділдігі таңғы шұғыладай жарқырап, құтқарылуы алаудай лаулап жанбайынша, Құдайға жалбарынудан бас тартпаймын!
2Сион, сол кезде барлық ұлттар әділдігіңді көріп, патшалары да салтанатты ұлылығыңа көздерін жеткізеді. Жаратқан Ие саған қойған жаңа атыңмен аталатын боласың. 3Сен Құдай Иеңнің қолында патшаның керемет әдемі тәжі іспетті болып көрінесің. 4Бұдан былай ешкім сені «күйеуі тастап кеткен» деп атамайды, жеріңді «ойсырап қалған» деп те айтпайды.#62:4 54:6-7; 60:15,18. Қайта, сені «Қуанышым» және жеріңді «Келіншек»#62:4 Түпнұсқада «Қуанышым»: Хепсиба (Пат4 21:1), ал «Келіншек»: Беула. деп атайтын болады.#62:4 54:5; 61:10; Ош 2:19-20. Себебі Жаратқан Ие саған қатты қуанады. Күйеуінің келіншегін қамқорлайтынындай, Жаратушы да сенің жеріңді қамқорлайтын болады. 5Жас жігіттің қызға үйленетініндей, сенің тұрғындарың#62:5 Яки: сенің балаларың. Немесе: сені (қайтадан) салғызушы (Тәңір Ие) (62:7). өзіңмен тұрақты байланыс орнатады. Күйеу жігіттің қалыңдығына қуанатынындай, Құдайың да саған шаттанатын болады.
6— Мен қамалыңның үстіне күзетшілер#62:6 Яғни: ізгі хабар әкелушілерді күтетіндер (52:8), әсіресе басшылар мен пайғамбарлар (56:10; Абқ 2:1). қойдым, уа, Иерусалим. Олар күндіз-түні үнсіз қалмай, мінажат етуге тиіс.
Ей, Жаратқан Иеге сиынатындар, ешқашан жалбарынуларыңды доғармаңдар! 7Иә, Жасаған Ие Иерусалимді қайтадан салғызып, жер бетінде оның даңқын асырмайынша, Оған үздіксіз сиынып сұрай беріңдер! 8Жаратқан Ие ант етіп, мынадай уәде берген еді, соны Өзінің құдіретті оң қолымен ешбір шүбәсіз іске асыратын болады:
— Енді қайтып сені жауларыңа жеңілдірмеймін! Оларға астығыңды тамақ етіп тапсырмаймын, әрі ауыр еңбек сіңіріп шығарған жүзім шырыныңнан да бөтен елдіктерге тегін ішкізбеймін! 9Қайта, өнімді жинағандар жеп, Маған, Жаратқан Иеге, шүкірлік етпек. Жүзімді жинағандар да оның шырынын Менің киелі үйімнің ауласында мейрамдап ішетін болады.
10Қақпадан өтіп, далаға шығыңдар,
Халқыма жүретін жолын дайындаңдар,
Бөгет болған тастарды алып тастаңдар,
Биік етіп даңғыл жолды салыңдар!#62:10 11:16; 57:14.
Белгі ретінде басқа халықтарға
Туды тігіп қойыңдар жоғарыға!#62:10 11:10,12; 49:22.
11Құлақ түріңдер, Жаратқан Ие жердің түкпір-түкпіріне былай деп жариялайды:
— Сион қаласына айтыңдар: Міне, сені құтқаратын Қамқоршың келе жатыр! Жеңісінің олжасы мен сыйы Оның қасында: азат еткен халқы алдынан жүреді. 12Олар «Жаратқан Иенің құтқарып, Өзіне бағыштаған халқы» деп аталады. Уа, Иерусалим, сен бұдан былай «күйеуі тастап кеткен»#62:12 62:4. емес, «ерекше қалаулы қала» деп аталатын боласың.

Currently Selected:

Ишая 62: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in