Ишая 60
60
Құдайдың өз халқын еліне қайтарып әкелдіруі
1«Орныңнан тұр, уа, Иерусалим, сәулеңді шаш! Сен нұрға бөленіп, Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты үстіңнен көтеріліп келе жатыр.#60:1 Шеж2 7:1-3. 2Міне, жер бетін қою қараңғылық жайлап, халықтарды қара түнек жауып алды. Бірақ сенің үстіңнен Жаратқан Иенің нұры жарқырап, Оның нұрлы салтанаты көрінеді. 3Ұлттар сенің сәулеңе ағылып, патшалары да шұғылаңа жақындап келеді.
4Уа, Сион қаласы, еңсеңді көтеріп, айналаңа қара! Халқың жиналып, саған қайтуға дайындалып жатыр! Ұлдарың алыс жолдан келіп, қыздарың баппен көтеріліп әкелінеді. 5Оларды көргенде жүзің нұрланып, жүрегің дүрсілдеп, шат-шадыман боласың. Сен теңіздің мол байлығын иемденіп, халықтар өз қазыналарын саған ұсынады. 6Жеріңді түйелер қаптайды. Мадиян мен Ефа халықтарынан желмая түйелер#60:6 Немесе: жас түйелер. айдалып, сәбалық керуендер де саған жиі тоқтайтын болады.#60:6 Мадиян, Ефа, Сәба: оңтүстік жақтағы халықтар (Жар 25:2-4; Шеж2 9:1-9). Олар алтын мен хош иісті заттар тасып әкеліп, Жаратқан Иенің ұлылығын жырлап паш етеді».
7(Жасаған Ие былай дейді:) «Қидар тайпасы саған отар-отар қой-ешкілерін айдап әкеліп, Набайоттың#60:7 Қидар, Набайот: Арабиядағы көшпелі тайпалар (42:11; Жар 25:13). адамдары да саған қошқарларын ұсынады. Сол малдар шалынып, құрбандық үстелімде өртелгенде Маған ұнамды болады. Мен сәулетті ғибадатханамды қайтадан нұрлы салтанатыма кенелтемін.#60:7 Мыс 40:34; Шеж2 7:1-2.
8Жел айдаған бұлттай зымырап, көгершіндей ұясына қарай зулап келе жатқан бұлар кімдер? 9Теңіз жағалауларындағы шалғай елдер Менен белгі күткен еді. Енді, міне, үлкен сауда кемелері#60:9 2:16. бірінші болып жетіп жатыр.#60:9 11:11-12. Сион, олар сенің ұлдарыңды алыстан алып келе жатыр! Олар Менің құрметіме алтын-күмістерін бағыштайды. Мен Өзім, сенің Құдайың Жаратқан Ие, Исраилдің Киелі Құдайы, саған салтанат пен сәулет сыйлаймын.
Құдайдың қаласының сән-салтанатқа бөленуі
10Қамалыңды жат жерліктер қайта тұрғызады, олардың патшалары да саған қызмет ететін болады. Сион, Мен қаһарланып, сені жазалаған едім. Енді саған риза болып, жанашырлық білдіремін. 11Қақпаларың күні-түні жабылмай, әрдайым ашық тұратын болады. Олар арқылы өзге халықтар мен олардың патшалары салтанатты шерумен жетелене кіріп, байлықтарын үздіксіз әкеле береді. 12Егер бір халық не патшалық өзіңе қызмет етуден бас тартса, онда ол қырылып, мүлдем жойылатын болады.
13Ливан тауынан оның аты шулы ағаштары: қарағай,#60:13 Немесе: кипарис. шырша, самырсын#60:13 (41:19; Пат3 5:8; 6:9) Яки: балқарағай. саған бірге тасылады. Солармен киелі үйім әдеміленіп қайта салынады. Мен осы жер бетіндегі тұрағымды#60:13 Немесе: осы «табан тіренішімді» (66:1; Шеж1 28:2; Шеж2 7:12). нұрлы салтанатыма кенелтпекпін.
14Өзіңе азап шеккізгендердің ұрпақтарының сенің алдыңа келіп, бас июлеріне тура келеді. Саған қорлық көрсеткендердің бәрі аяғыңа жығылып, сені «Жаратқан Иенің қаласы, Исраил сиынған Киелі Құдайға бағышталған Сион» деп атап, қадірлейтін болады.
15Сион, сен бұған дейін жалғыз қалдырылған, жек көрінішті қала болдың. Ешкім саған соғып өтпейтін. Бірақ Мен сені келешек ұрпақтарыңның мәңгілік қуанышы мен мақтанышы етемін. 16Анасының емшектегі сәбиіне қамқорлық жасағанындай, басқа халықтар мен олардың патшалары сені күллі қажетті нәрселеріңмен қамтамасыз ететін болады. Сонда сен Менің Жаратқан Иенің, сені құтқарып, қорғайтын Қамқоршың әрі Жақып сиынған құдіретті Құдай екенімді білетін боласың.#60:16 43:3,11; 66:14; 63:16; Езк 34:30. 17Саған қола орнына алтынды, темір орнына күмісті, ағаш орнына қоланы, тас орнына темірді иелікке беремін. Сенің еліңе бейбітшілікті билеуші, әділдікті әмірші етіп тағайындаймын.
18Сион, бұдан былай еліңде зорлық-зомбылықтың айқай-шуы естілмейді, өзің де қиратылып, талқандалмайсың. Керісінше, сен өзіңді құтқарған Мені «қамалым», Маған арнаған мадақтауыңды «бекітулі қақпаларым» деп атайтын боласың.
19Саған күндіз күннің нұрын шашып, түнде айдың сәулесін түсіруінің қажеті де болмайды. Мен, Жаратқан Ие, сенің Құдайың, Өзім мәңгілік нұрың мен салтанатың боламын! 20Сенде күн мен ай батып, қараңғылық жайламайды, себебі Мен, Жаратқан Ие, саған мәңгі бақи нұр боламын. Қайғырған кезеңің осымен аяқталады. 21Күллі халқың әділ болып, осы елге ұдайы ие болады. Халқым Өзім отырғызған көшетке#60:21 Яки: өркенге (11:1; 61:3). ұқсайды. Мен оны жараттым, ол арқылы ұлылығымды паш етемін. 22Ең қарапайымдарыңнан да мыңдаған адам шығып, әлсіздеріңнен де мықты ұлт тарайтын болады. Мен, Жаратқан Ие, мұны уақыты келгенде тездетіп жүзеге асырамын».
Currently Selected:
Ишая 60: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.