Ишая 5
5
Үмітті ақтамаған жүзімдік жайлы жыр
1Енді мен Жан досымның#5:1 41:8; Ән 1:16; 5:16; 6:3. атынан Оның жүзімдігі#5:1 3:14; 5:7; 27:2. жайлы жырын#5:1 Немесе: мен жақсы көрген (Жаратқан Ие) және Оның жүзім бағы жайлы жырды. айтып берейін:
Досымның жүзімдігі құнары асқан
Қыраттың беткейіне орналасқан.
2Досым оның топырағын қопсытып,
Тазартты барлық тастардан арылтып,
Таңдаулы бұталарды отырғызып,
Күзетуге мұнара салды қойып.
Жүзім шырынын таптап сығуға арнап
Шұңқыр#5:2 63:2-3; Бил 6:1. да жасап қойды әктастан қашап.
Содан тәтті жемістің шығуын күтті,
Жүзімдер бірақ ащы#5:2 Яки: жабайы, нашар. болып шықты!
3Сол себептен Досым мынаны айтады:
«Ал, кәне, Иерусалим тұрғындары,
Сондай-ақ Яһуда азаматтары,
Бақша мен Өзімнің арамыздағы
Дауымызға төрелік айтыңдаршы:
4Баққа Мен істемеген не қалып еді?
Мен одан тәтті жүзім күткенімде,
Неліктен ол сондай ащы өнім берді?
5Сендерге білдірем жүзімдігіме
Менің не істейтінімді келешекте:
Қоршаған шарбағын шауып тастаймын,
Тас дуалын қиратып, талқандаймын,
Мал мен аңдарға таптатып қоямын,
Жүзімдікті жермен-жексен қыламын,
6Осылай бақшамды ойрандатамын!
Енді қайтып сабақтарын қысқартып,
Топырағын өңдемеймін қопсытып.
Тікенді бұталар, жантақ, ошаған
Қаптап басып кетеді, әрі оған
Еш уақытта да жаңбыр жауғызбауға
Өзім бұйыратын болам бұлттарға».
7Әлемнің Иесінің бұл жүзім бағы —
Исраилден шыққан үрім-бұтағы,
Оның сүйсіне еккен бау-бақшасы —
Яһуда елінің адамдары.
Құдай бұлардан әділдік күтті,
Ал, міне, олар жазықсыз қан төкті!
Жаратқан Ие олардан адалдық тосты,
Ал, міне, жапа шеккендердің айқайы
Құдайдың құлағына жетіп жатты!
Халықты қанаушылардың шегетін қасіреті
8Үйлеріңе үй, егіндіктеріңе егіндік қосып алатындар, қасіретке қаласыңдар! Басқаларға орын қалдырмай, тек өздерің ғана осы жерде тұрмақсыңдар. 9Әлемнің Иесінің мына сөздері құлағыма шалынды: «Біліп қойыңдар: осы көптеген үйлер иелерінен айырылады, әдемі сарайлар да қаңырап бос қалады! 10Сол кезде он сотық#5:10 Жүз шаршы метр жер көлемі. жүзімдіктен жиналған өнімнен небәрі бір күбідей ғана шырын шығады, әрі себілген он қап тұқымнан бір-ақ қап астық жиналады!»
11Таң ата тұрысымен сыраның соңына түскендер, түннің бір уағына дейін шарапқа қызып алып мас болып жүретіндер қасіретке қалады! 12Тойларында домбыра мен жетіген, даңғыра мен сыбызғы ойналғанда мұндайлар шарап ішіп қызыққа кенеледі. Алайда олар Жаратқан Иенің игілікті істеріне де назар аудармайды, Оның құдіретті қолымен жасаған іс-әрекеттеріне де көңіл бөлмейді.
13Сол себепті халқым өз түсінбеушілігіне бола#5:13 (1:3; 27:11; Ош 4:6) Немесе: халқым Мені танып-білмегендігіне бола. жер аударылады! Оның атақтылары аштыққа ұшырап, қалың көпшілік те шөл азабын тартатын болады. 14Бұларға қоса о дүние де құнығып, аузын арандай ашып тұр. Ол еліміздің даңқты астанасын тосып тұрып, оның бұқара халқын, шулаған тобыры мен сауық-сайран салғандардың бәрін бірдей жұтып қояды. 15Әрбір пенде төмендетіліп, бәрі де масқараланып, менменнің көзі төмен түседі. 16Ал Әлемнің Иесі оларды соттап, әділ үкімін шығарғанына бола дәріптеледі, иә, Киелі Құдай Өзінің әділдігі арқылы өз киелілігін де ашық көрсетеді.
17Сол кезде осы ел ойрандалып, қойлар онда емін-еркін жайылады. Жат жерлік кірмелер#5:17 Яки: Келімсектер; немесе: Қозы-лақ, тоқты-торым. бұрынғы байлардың жерлерінен тойынатын болады.
18Әділетсіз істеріне жіптей шандылып байланғандар қасіретке қалады! Олар жалғандыққа шырмалып, күнәларын арқанмен буылғандай арттарынан сүйреп жүр. 19Оның үстіне: «Құдай тездетсін, істейтінін жылдамдап істесін, көрейік! Исраилдің Киелі Құдайының жоспары жақында жүзеге ассын, Оның көздегенін біліп алайық!» — деп олар мысқылдайды.
20Жақсыны жаман, жаманды жақсы дейтіндер, қараңғылықты жарық, жарықты қараңғылық деп атайтындар, әрі ащыны тәтті, тәттіні ащы деп санайтындар қасіретке қалады!
21Өздерін сондай дана, парасатты деп есептейтіндер де қасіретке қалады! 22Сол шарап ішкіш «батырлар», ішімдікті#5:22 Немесе: сыраны. күшті етіп дайындаудың «озаттары» қасіретке қалады! 23Олар пара алып, кінәліні ақтап, әділді заңды құқығынан айырады.#5:23 Немесе: әділді (жұрт алдындағы) әділдігінен айырады.
Қаһарлы жаза: жау елге басып кіреді!
24Сондықтан от тілінің сабанды жалмап, жалынның пішенді өртеп жіберетіні сияқты, олар да әп-сәтте ғайып болады. Шөптің тамырлары шіріп, гүлдері қурап, желмен ұшып кететініндей, бірден жойылады. Өйткені олар Исраилдің Киелі Құдайы — Әлемнің Иесінің тәлімін#5:24 Немесе: Таурат заңын. мойындамай, Оның сөздерінен бас тартты.
25Осы себептерден де Жаратқан Ие Өзінің халқына деген қаһарын лаулатып, оны жазалау үшін қолын көтеріп тұр. Оның құдіретінен таулар сілкінеді. Сонда өлгендердің денелері қоқыстай далаға лақтырылады.
Соның өзінде Жаратушының қаһары әлі де басылған жоқ, Оның құдіретті қолы жазалау үшін көтеріліп тұр!#5:25 9:12,17,21; 10:4.
26Жаратқан Ие алыстағы халықтарға арнап туын көтеріп, ысқырғандай белгі береді. Сонда әскерлері жер шетінен асығыс аттанып, тез жетеді. 27Ешқайсысы шаршамайды да сүрінбейді, қалғымайды да ұйықтамайды. Белбеулері босамайды, етіктерінің баулары да үзілмейді. 28Бұл ерлердің жебелері үшкір, садақтары атуға дайын тұр. Мінген аттарының тұяқтары шақпақ тастай қатты, соғыс күймелерінің дөңгелектері құйындай жүйткиді. 29Сол жауынгерлер шабуыл жасағанда арыстандай ақырады, күшті жас арыстандай айбат шегіп, олжасына бас салып, гүрілдеп алып кетеді. Соны ешкім де құтқарып қала алмайды.
30Сол күні жау Исраилдің үстінен буырқанып долданған теңіздей ақырады. Пенде жағаға қарап, қара түнек пен азапты көреді. Қараңғы бұлттар жарықты жауып тастағандай, әркімнің де күдері үзіледі.
Currently Selected:
Ишая 5: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.