YouVersion Logo
Search Icon

Ишая 1

1
Кіріспе
1Мұнда Амос ұлы Ишая пайғамбардың Яһуда елі#1:1 Яһуда елі: Жақыптан (яғни Исраилден) тараған халықтың оңтүстіктегі руларын, әсіресе Яһуда руын, қамтитын патшалық (2:1; 40:9). мен астанасы Иерусалим туралы көрген көріністерінде#1:1 Яки: көрген аяндарында. Құдайдан алған хабарлары берілген. Пайғамбар оларды Яһуда еліне Ұзиях, Жотам, Ахаз және Езекия#1:1 (Шеж2 26:1; 27:1; 28:1; 29:1) Ұзиях есімінің Озия мен Азариях деген түрлері де бар, Жотамның есімі Иоафам деп те жазылады. патшалық құрған кездерде көрді.
Құдайдың Яһуда халқының кінәсін әшкерелеуі
2Көк пен жер, ден қойып тыңдаңдар,#1:2 Осы астарлы сөйлемде Құдай Яһуда халқын сотқа тартып, көк пен жерді куәгерлікке шақырады (Заң 4:26). Жаратқан Ие сөйлеп тұр. Ол былай дейді: «Мен балалар#1:2 Мыс 4:22. асырап алып, өсірдім. Алайда олар Маған қарсы шығып, бас көтерді. 3Әр өгіз өз қожайынын таниды, есек те иесінің жем салатын астауын біледі. Бірақ Исраил Мені танымайды: меншікті халқым Менің кім екенімді ұқпайды!»#1:3 Немесе: Бірақ Исраил Мені танымайды: таңдап алған халқым Менің шынында кім екенімді (яки шындықты) ұқпайды!
4О, күнәкар ұлт, мойнында ауыр кінәсі бар халық, зұлымдардың тұқымы, азғындыққа салынған ұрпақ! Мен Жаратқан Ие, Исраилдің Киелі Құдайы болсам да, олар Мені менсінбей, бас тартып, сырт айналып кетті!
5Неліктен сендер тағы да соққы жей бермексіңдер? Неге Маған қарсы тұрып, опасыздық жасауды#1:5 1:23; 31:6; Шеж2 28:22; Ерм 9:3. қоймайсыңдар? Содан халықтың басы түгелдей жара, жүрегі әлсіз. 6Табанынан тас төбесіне дейін сау жері жоқ. Тұла бойы толған жарақаттар, қамшының іздері, жараларының ауыздары ашық. Ешкім оларды жуып, май жағып сылап, таңған емес.
7Сендердің жерлерің қаңырап бос қалған, қалаларың өртеніп, қираған. Жат жерліктер егістіктеріңнің өнімін көз алдарыңда жеп қояды. Жау қырып-жойып кеткен елдерің быт-шыт, жұрдай болып жатыр. 8Тек Сион тауындағы Иерусалим қаласы#1:8 Немесе: Тек Қыз Сион. (Иерусалим қаласындағы «Дәуіттің шаһары» Сион тауында орналасқан.) (10:32; Пат2 5:6-7) ғана қалды. Ол жүзімдік ішіндегі шатырдай, қауын бақшасындағы күркедей жападан-жалғыз тұрған, жау қоршауға алған қалаға ұқсайды.
9Әлемнің Иесі біразымызды тірі қалдырмағанда, біз де ежелгі Содом мен Ғомора қалаларының кебінін киіп, толықтай жойылып кеткен болар едік.#1:9 Содом, Ғомора қалалары мен сол маңайдағы аймақтың халқы күнәға белшесінен батқандықтан Құдайдың жазасына ұшырап, тас-талқан болды (Жар 18:20; 19:24-25).
Жаратқан Ие халықтың екіжүзділігін әбден жек көреді
10Ей, Содомның билеушілері (сияқты зұлым басшылар), Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар!#1:10 Пат3 22:19; Ерм 2:4. Ғомораның халқы (іспетті күнәкарлар), Құдайымыздың тәліміне#1:10 Немесе: Құдайымыз табыстаған (Таурат) заңына. (Халық Жаратқан Иемен жасаған Келісімін бұзып, Таурат заңына бағынбай келді: Мыс 34:10-28.) ден қойыңдар! 11Жаратқан Ие мынаны айтады: «Көптеп құрбандық шалуларыңның Мен үшін қандай мәні бар? Ұсынған қошқарларыңа, бордақыланған малдарыңның майына әбден тойдым. Құрбандыққа шалған бұқаларың мен қой-ешкілеріңнің төгілген қанына да риза емеспін. 12Алдыма келу үшін ғибадатханамның аулаларына кіресіңдер, әкелген құрбандық малдарың оларды аяқтарымен таптап тастайды. Кім мұны сендерден талап етті? 13Пайдасыз сый-тартуларыңды Маған бұдан былай ұсынбаңдар! Хош иісті зат түтетулеріңді де ұнатпаймын.#1:13 Немесе: Өртелген құрбандықтарың мен басқа да сый-тартуларыңның иісін де ұнатпаймын (Пат1 15:22-23). Демалыс күндерін және Айдың бірінші күнгі мерекесін#1:13 Пат1 20:5. атап, діни жиындарда бас қосасыңдар. Ал сонымен қатар зұлымдықты жасай бересіңдер! Бұларыңа енді төзе алмаймын. 14Сол себептен Айдың бірінші күнгі және өзге де мерекелеріңді жаным жек көреді. Олар Мен үшін ауыртпалыққа айналды, бос рәсімдеріңе төзуден мезі болдым!
15Сендер қолдарыңды жайып Маған сиынғанда назар аудармаймын. Қаншама көп мінажат етсеңдер де, Мен құлақ салмаймын. Себебі қолдарың жазықсыз адамдардың қанымен былғанған.#1:15 1:21; 5:7; 59:2-3; Мих 3:9-11; Пат3 21:6-9,12-19. 16Күнәларыңнан арылып, тазарыңдар! Көз алдымда жасап келген зұлым істеріңді тоқтатып, жамандық атаулыдан бас тартыңдар! 17Жақсылық істеуді үйреніп, әділдікке ұмтылыңдар! Зорлық-зомбылық жасағандарды әшкерелеп, оларға тыйым салыңдар,#1:17 Немесе: Зорлық-зомбылық көргендерді құтқарыңдар (11:4; 58:6-7,9-10; 61:1-3,8; Мих 6:8). жетім-жесірлерді қолдап, мүдделерін қорғаңдар!»
18Жаратқан Ие былай деп шақырады: «Келіңдер, мәселелеріңді талқылап, шындығына жетейік! Күнәларың ал қызыл болса да, рақым етіп, сендерді қардай аппақ қылмақпын. Қылмыстарың қан қызыл болса да, сендерді кешіріп, аппақ жүндей ағартпақпын. 19Егер Маған мойынсұнып, тілімді алсаңдар, жердің жақсы өнімдерін жейтін боласыңдар. 20Алайда қасарысып, Маған қарсы тұра берсеңдер, сендерді жаудың семсері жалмап қояды». — Жаратқан Иенің Өзі осыны нық айтқан.
Опасыз Иерусалим жайлы қайғыру
21Қарашы, ежелде Құдайға адал болған қала енді өзін опасыз әйелдей ұстайды! Бұл қала әділдік пен адалдықтың ордасы болатын, ал қазір оны кісі өлтірушілер мекендейді.
22О, Иерусалим, сен күмістей құнды едің, енді қоқысқа ұқсайсың, дәмді сусындай едің, сұйылып кеттің. 23Басшыларың — Құдайға қарсы шыққан бүлікшілер, ұры-қарақшылардың сыбайластары! Бәрі де пара алғанды ұнатып, сый-сияпат дәметушілер. Олар жетімдердің мүдделерін қорғамайды, жесірлердің өтініштеріне құлақ та салмайды. 24Соған орай Исраилдің құдіретті Құдайы — Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие былай дейді: «Ә, бәлем, Мен дұшпандарыма қаһарымды төгіп, теріс қылықтарының тиісті жазаларын тартқызамын! 25Иә, Иерусалим, саған қарсы да қатаң шара қолданамын: зергердің күмісті балқытып, сілтімен тазартатынындай, Мен де сені былғайтын қоқыс атаулыңнан арылтып, тазартамын. 26Ежелде істегенімдей, саған тағы да әділ төрешілер мен дана кеңесшілерді тағайындаймын. Содан сен «Әділетті қала», «Адал астана» деп аталатын боласың».#1:26 32:1-2; 60:17-18,21; 62:1; Заң 1:16; Шеж1 26:14; 27:32-33.
27Осылай Жаратқан Ие Сион қаласын күнәларының құрсауынан құтқарып, әділдікті қалпына келтірмек. Сонда Ол қаланың опық жеп, теріс жолдан қайтқан тұрғындарын кешіріп, тура жолға түсіреді. 28Алайда Құдайға қарсы тұрып, күнә жасаушылардың бәрі бірдей құриды, Жаратқан Иеден безгендер қырылып жойылады!#1:28 Яки: Тәңір Иеден безгендер тозаққа түседі (66:24; Жыр 9:6). 29Сендер киелі деген емен ағаштарыңның астында және бау-бақшаларыңның ішінде жалған тәңірлерге құлшылық етуді#1:29 57:5; 65:3; 66:17. қатты ұнатып, соны таңдаған едіңдер. Міне, соларыңа бола масқараланасыңдар! 30Өйткені жапырақтары қурап кеткен емен ағашына, сусыз, кеуіп қалған бау-бақшаға ұқсайтын боласыңдар. 31Күшті адамдарың кепкен дән қауызындай, ал арам қылықтары от ұшқынындай болады. Сонда олар кенеттен лап етіп жанып, бұл өртті ешкім де сөндіре алмайды.#1:31 66:24.

Currently Selected:

Ишая 1: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in