Аббақұқ 3
3
Пайғамбардың құдіретті Құдайға сенімін артқан мінажаты
1Аббақұқ пайғамбардың Құдайға еткен мінажаты; екпінді әуенмен айтылады.
2Уа, Жаратқан, Сенің даңқың жайлы естігенмін,
Ием, істеріңе қатты таңырқап келемін.
Осы заманда да сондайларды жасай гөр,
Тірі кезімізде оларды паш ете гөр,
Қаһарыңда мейіріміңді ескере гөр.
3Киелі Құдай Теманнан, Паран тауынан келді.#3:3 Теман: Синай түбегімен көршілес Едом жері; Паран: Синай түбегіндегі таулы аймақ (Бил 5:4; Заң 33:2).
Ұлы салтанаты Оның жапты күллі аспанды,
Оны дәріптеген мадаққа жер беті кенелді.
4Құдай нұры таң шапағындай жарқырады,
Құдіретті қолынан сәулелер жалтырады.
5Жаратқан Иенің алдында апат жүрді,
Ал соңынан күйдіргіш індет#3:5 Немесе: жалындап, күйдіріп тұрған жел (Мыс 7:2-4; 9:10; Леу 26:25; Пат2 24:15-16; Шеж2 7:13; Иш 11:15; Ерм 4:11). те ерді.
6Құдай тұра қалып, жерді сілкіндірді,
Ол қарағанда халықтар дірілдеді.
Ежелгі таулар опырылып құлады,
Атам заманғы төбелер шөгіп қалды.
Мәңгілік — Киелі Құдайдың жолдары!
7Көрдім Құшанның абыржыған шатырларын,
Дірілдеп қорыққан Мадиянның қостарын.#3:7 Құшан, Мадиян: Синай түбегіндегі жер және оны мекендеген көшпелі тайпалар (Мыс 2:15; Бил 6:1; Рул 12:1-дегі түсініктемені қ.).
8Уа, Жаратқан, өзендерге ашуландың ба,
Қаһарың ағымдарға бағытталған ба?
Сен аттарыңа мініп, атойлағанда
Теңізге қарсы қатты қаһарландың ба?
Жоқ, күймелеріңді жібердің құтқаруға!
9Сен садағыңды қынабынан шығардың,
Отты жебелерді уәдеңе сай дайындадың,
Жер бетін сай-аңғармен бөліп тастадың.
10Таулар Сені көргенде дүр сілкінді,
Су тасқыны ағып өтіп лап берді,
Түпсіз тұңғиық гүрілдеп күркіреді,
Толқындары биікке көтерілді.
11Ұшқан жебелеріңнің жарығында,
Жалтыраған найзаңның жарқылында
Тып-тыныш тұра қалды күн де, ай да.#3:11 Еш 10:12-13.
12Қаһарлана жер бетімен қадам бастың,
Ашулана халықтарды таптадың.
13Құтқаруға аттандың Сен халқыңды
Және Өзің тағайындаған патшаңды.#3:13 Яғни Өзің тағайындап, май жағу рәсімінен өткізген патшаңды (Пат1 2:10; 10:2; 16:1,12-13; Жыр 2:2); немесе: Өзің билік жүргізуге тағайындаған халқыңды (Мыс 19:5-6).
Зұлым елдің әміршісін күйреттің,
Оны толықтай ұятқа қалдырдың.#3:13 Немесе: оны аяғынан басына дейін жалаңаштадың (яғни бар күш-қуатынан және құрмет-абыройынан жұрдай қылдың).
14Жау құйындай құйғытып бізді шашпақ болғанда,
Тығылған байғұсты қуана жалмамақ болғанда,
Қолбасшының басына өз найзасын сұғып алдың,
15Аттарыңның тұяғымен теңізді таптадың,
Зәулім су иірімі арқылы жол салдың.#3:15 Мыс 14:21-22; 15:8.
16Естігенде жүрегім дүрсілдей соқты,
Зор гүрілден еріндерім қалтырады,
Сүйектерім әлсіреп, күштен айырылды,
Аяқ астым қалш-қалш етіп шайқалды.
Ал бізді тонап, талан-таражға салған
Елдің өзі апатқа ұшырап жатқан
Күнді шыдамдылықпен тосатын болам.
Қиын-қыстау кездегі сенім мен қуаныш
17Інжір ағаштары гүлдемесе де,
Бақтарда жүзім шоқтары піспесе де,
Зәйтүн ағаштары өнім бермесе де,
Егістіктерден астық жиналмаса да,
Қорада қой, табында мал қалмаса да,
18Мен бәрібір Жаратқанға шаттанамын,
Құтқарушы Құдайыма қуанамын.
19Жаратушы Тәңір күш-қуатым болады,
Ием мені бұғыдай жүйрік қылады,
Қырат жолмен жүруіме күш дарытады.
(Ән-күйдің жетекшісіне арналған, ішекті аспаптардың сүйемелдеуімен орындалады.)
Currently Selected:
Аббақұқ 3: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.