Езекиел 43
43
Жаратқан Иенің өз халқының арасына қайта оралуы
1Содан соң әлгі хабаршы мені шығысқа қарап тұрған қақпа ғимаратына алып келді. 2Кенеттен шығыс жақтан#43:2 Бұдан бұрын Езекиел пайғамбар Құдайдың нұрлы салтанатының киелі үйден шығыс жаққа қарай шығып кеткенін байқаған еді (10:18-19; 11:22-23). Исраилдің Құдайының келе жатқан нұрлы салтанатын көрдім. Оның үні сарқырап қатты ағып жатқан судың гүріліндей болды.#43:2 1:24. Төңіректегі бүкіл жер Оның салтанатынан нұрланып жарқырап тұрды. 3Мен көріп жатқан осы көрініс#43:3 (1:1; 8:3) Яки: осы аян. Құдайдың қаланы құртуға келген кезінде және өзім Хобар өзенінің бойында болғанда көрген көріністер#43:3 1:1-3; 3:23; 8:4; 9:1,3,5; 32:18. сияқты болды. Содан мен жерге етпетімнен жата кеттім.
4Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты киелі үйге Шығыс қақпа ғимараты арқылы енді. 5Сонда Рух мені көтеріп алды да, ішкі аулаға апарды. Міне, киелі үй Жаратқан Иенің нұрлы салтанатына кенелді.#43:5 Мыс 40:34-35; Пат3 8:10-11.
6Әлгі хабаршы әлі де қасымда тұрған кезде киелі үйдің ішінен маған сөйлеген дауысты естідім. 7Ол былай деді: Пендем, бұл орын — Менің «тағым» тұратын жер және «табан тіренішім».#43:7 1:26; 10:1; 37:26-28; 48:35; Шеж1 28:2-3; Жыр 98:5,9; 131:6-8. Мен осы орында исраилдіктердің арасында әрқашан боламын. Не Исраил халқының өзі, не олардың патшалары Менің киелі есімімді енді қайтып арамдамайтын болады. Олар биіктеу жерлеріндегі жалған тәңір мүсіндеріне және дүние салған патшаларының ескерткіш бағаналарына#43:7 23:38-39; 39:7; 43:9; Леу 26:30; Ерм 16:18. бұдан былай табынбайды. 8Олар тіпті сол табыну орындарының табалдырықтары мен жақтауларын Менің киелі үйімнің табалдырығы мен жақтауына жанамалатып жақын қойды. Менімен өздерінің арасын бөліп тұрған тек бір қабырға ғана қалды. Осылай Менің киелі есімімді өздерінің жексұрын күнәларымен қорлады. Сондықтан Мен қаһарланып, оларды құртып жібердім. 9Ал енді, олар өздерінің жалған тәңірлерінің мүсіндерін және дүние салған патшаларының бағаналарын Менің алдымнан біржола алып тастасын! Сонда Мен олардың арасында ұдайы тұрамын.
10Пендем, сонымен киелі үйді Исраил халқына суреттеп бер! Содан олар өздерінің күнәларынан ұялып, жобаға көңіл аударсын. 11Егер халық барлық істегендеріне ұялып өкінсе, оларға ғибадатхананың бүкіл жобасын: оның құрылысын, шығатын есіктері мен кіреберістерін әрі оның ережелері мен заңдарын айтып бер. Олар ғибадатхананың жобасы мен оны салудың ережелерін түгел сақтай алулары үшін соның бәрін егжей-тегжейлі сипаттап жазып қой.
12Ал енді, ғибадатханаға қатысты тағылым мынау: Сион тауының басындағы ғибадатханаға жапсарлас жатқан жердің бәрі Өзіме ерекше бағышталған, ең қасиетті болып саналады.#43:12 40:2; 42:20; Жыр 98:9; Жое 3:17. Ғибадатхана жайлы заң, міне, осындай.
Құрбандық үстелі
13Құрбандық үстелінің#43:13 Мыс 27:1-8; Шеж2 4:1. өлшемдері әдеттегі бір шынтақ пен қосымша бір тұтамнан тұратын ұзындау шынтақпен#43:13 (40:5; 41:8) Ұзындау шынтақ: 52,5 см. өлшенеді. Құрбандық үстелінің айналасында тереңдігі бір шынтақ, ені бір шынтақ науа болады. Соның сыртқы шетінде ені бір қарыс#43:13 Қарыс: 22,5 см. болатын ернеуі бар. Ал құрбандық үстелінің биіктігі мынадай: 14жердегі науадан бастап оның бірінші сатысына дейінгі биіктігі екі шынтақ, ені бір шынтақ. Кішірек сатыдан үстіндегі үлкенірек сатыға дейінгі аралық биіктігі төрт шынтақ, ені бір шынтақ. 15Құрбандық үстелінің үстіндегі құрбандық өртелетін ошақтың биіктігі төрт шынтақ. Ошақтан жоғары қарай төрт мүйіз шығып тұр. 16Осы ошақтың сырт пішіні тік төртбұрышты: ені мен ұзындығы он екі шынтақтан. 17Үстіңгі саты да тік төрт бұрышты, ені мен ұзындығы он төрт шынтақтан. Сатының ені жарты шынтақ болатын ернеуі бар. Соның жан-жағын айнала тереңдігі бір шынтақ науасы бар. Құрбандық үстеліне шығатын баспалдақ оның шығыс жағында орналасқан.
Құрбандық қанын бүркіп шашу жайлы ережелер
18Содан соң хабаршы маған былай деді: «Пендем, Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Сол құрбандық үстелі салынып болған соң, оның үстінде түгелдей өртелетін құрбандықты өртеп ұсыну және құрбандықтың қанын бүркіп шашу жайлы ережелер мыналар болсын:#43:18 Мыс 40:29; Леу 1:5,11.
19Леуінің ұрпағы Садықтан#43:19 40:46; Пат2 8:17; Пат3 1:8. тараған, Менің алдыма келіп қызмет ететін діни қызметкерлерге күнәнің құнын өтейтін құрбандық ретінде бір жас бұқа берілсін, — деп тапсырады Жаратушы Тәңір Ие. — 20Жас бұқаны құрбандыққа шалған соң, оның біраз қанын алып, құрбандық үстелінің төрт мүйізіне, жоғарғы сатының төрт бұрышына және оның қасындағы бүкіл ернеуіне жағу керек. Осылайша құрбандық үстеліне күнәнің арамдығынан тазарту рәсімі жасалады.#43:20 Леу 16:18. 21Содан соң күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа арналған жас бұқаның денесін ғибадатхананың сыртындағы арнайы орынға шығарып, сонда өртеп жіберу керек.
22Екінші күні еш мінсіз бір теке күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа шалынсын. Құрбандық үстеліне жас бұқаның қанымен істелінгендей, енді текенің қанымен де сондай тазарту рәсімі жасалсын. 23Тазарту рәсімі орындалған соң, мінсіз бір жас бұқаны және отардан алынған мінсіз бір қошқарды құрбандыққа шалу керек. 24Олар Жаратқан Иенің киелі үйінің алдына әкелініп, құрбандыққа ұсынылсын. Діни қызметкерлер оларға тұз#43:24 Леу 2:13. сеуіп, Жаратқан Иенің алдында құрбандыққа шалып, түгелдей өртеп жібереді.
25Жеті күн бойы күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа шалу үшін күн сайын бір текеден әкелінсін. Сол сияқты, бір жас бұқадан және отардан алынған бір қошқардан да берілсін. Құрбандық малдардың қай-қайсысының да міні болмасын. 26Сөйтіп жеті күн бойы құрбандық үстелін тазартып, оған күнәнің арамдығынан тазарту рәсімін жасау керек. Құрбандық үстелі осылайша Жаратқан Иеге бағышталып, қасиетті болады.
27Осы жеті күн өткеннен кейінгі сегізінші күннен бастап әрі қарай, діни қызметкерлер сол құрбандық үстелінде сендердің шалынып, түгелдей өртелетін және Жаратқан Иемен қарым-қатынастарыңа ризашылық білдіретін құрбандықтарыңды ұсынатын болсын. Сонда Мен сендерді рақыммен қабылдаймын», — деп уәде етеді Жаратушы Тәңір Ие.
Currently Selected:
Езекиел 43: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.