YouVersion Logo
Search Icon

Езекиел 42

42
Діни қызметкерлердің қасиетті асты жейтін бөлмелері
1Содан соң әлгі хабаршы мені ішкі ауладан Солтүстік қақпа арқылы сыртқы аулаға бастап алып шықты. Сонда мені бірнеше бөлмелерге#42:1 Яғни діни қызметкерлерге арналған бөлмелерге (42:13-14). алып барды. Олар бөлектенген ішкі ауланың солтүстіктегі қабырғасына көлденең тұрды. 2Бұл бөлмелер орналасқан үйдің есігі солтүстікке қарай шығып тұрды. Ғимараттың ұзындығы жүз шынтақ, ені елу шынтақ болды.
3Жаңағы ғимараттың бір қатарындағы бөлмелер ішкі ауланың ені жиырма шынтақ болатын ашық алаңқайына, ал екінші қатардағы бөлмелер сыртқы ауладағы тас төселген жолға қарап тұрды. Бұл екі қатардың әрқайсысында үш қабаты бір-біріне бетпе-бет орналасқан бөлмелер кешені болды. 4Екі қатардағы бөлмелердің арасымен ені он шынтақ, ұзындығы жүз шынтақ ішкі жол өтті. Осы бөлмелердің есіктері солтүстікке қарап тұрды.
5Бұл ғимараттың жоғарғы қабаттардағы бөлмелерінің ені олардан төменгі бөлмелердікінен гөрі тарлау еді. Өйткені жоғарғы қабаттардағы бөлмелердің алдындағы жол үшін орын қалдыру қажет болды. 6Аулалардағы ғимараттарды тіреп тұрған бағаналар бар екен. Бірақ осы үш қабаттық ғимаратта бағаналар болмады. Сондықтан да жоғарғы қабаттардағы бөлмелердің ауданы одан төменгі қабаттағы бөлмелерге қарағанда шағындау болды.
7Бөлмелерді сыртқы ауладан бөліп тұратын сыртқы қоршау қабырға да болды. Ол бөлмелердің алдында елу шынтаққа созылып жатты. 8Сыртқы аула жақтағы бөлмелердің қатары елу шынтаққа созылып жатса, киелі үйге жақынырақ жатқан бөлмелердің қатары жүз шынтаққа созылып жатты. 9Сыртқы ауладан осы төменгі бөлмелерге шығыс жағынан апаратын бір есік болды.
10Киелі үйдің оңтүстік#42:10 Немесе: шығыс. жағындағы сыртқы ауланың қоршау қабырғасын бойлай, яғни ішкі және сыртқы аулалардың арасында, тағы сондай бөлмелер кешені орналасыпты. 11Бөлмелердің алдында жүретін ішкі жолдар бар еді. Оңтүстік жақтағы осы бөлмелер кешені солтүстік жақтағы#42:11 42:3. сияқты болды. Екі кешеннің ені, ұзындығы және басқа өлшемдері де, қақпалары мен есіктері де өзара бірдей болыпты. 12Бөлмелер арасындағы ішкі жолдың басында, сыртқы қоршау қабырға бойында бір есік бар еді. Ол арқылы бөлмелерге шығыс жақтан кіруге болатын.
13Содан соң хабаршы маған тіл қатып былай деді: «Ішкі аулаға қарап тұрған оңтүстік және солтүстік жақтағы осы бөлмелер діни қызметкерлерге арналған. Сол бөлмелерде Жаратқан Иенің алдына қызмет етуге баратын діни қызметкерлер Оған ерекше бағышталған ең қасиетті құрбандықтар мен сый-тартулардан тамақтанады. Сол бөлмелерде ең қасиетті тартулар — астық тартулары, күнәнің құнын және айыпты өтейтін тартулар сақталады. Себебі бұл бөлмелер — Жаратқан Иеге ерекше бағышталған қасиетті орын.#42:13 Леу 6:16,17,26; 7:6; 10:13; 24:9; Рул 18:9-10. 14Діни қызметкерлер сол киелі орынға кірген соң, сыртқы аулаға тікелей шықпасын. Қайта, олар алдымен Жаратқан Иеге қызмет еткен кезде киген арнайы киімдерін шешулері керек. Өйткені бұл киімдер де тек Жаратқан Иенің алдында қызмет етуге ғана арналған. Халық жүретін жерлерге шығар алдында олар киімдерін ауыстырып, кәдімгі киімдерін киюлері қажет».
Киелі ауданды кәдімгі жерден ажырататын қоршау қабырға
15Ғибадатхананың ішкі жағындағы өлшемдерді жасап болған соң, хабаршы мені Шығыс қақпа ғимараты арқылы сыртқа шығарды да, ғибадатхананың төңірегіндегі ауданды өлшей бастады. 16Сол ауданды өлшеуіш таяғымен өлшегенде шығыс, 17солтүстік, 18оңтүстік 19және батыс жақтарының ұзындығы бес жүз шынтақтан болып шықты.
20Осылайша хабаршы бүкіл ауданды төрт жағынан өлшеп шықты. Оның айналасында төрт жағынан Жаратқан Иеге ерекше бағышталған киелі ауданды кәдімгі жерден ажыратып тұратын қоршау қабырға тұрды. Оның ені мен ұзындығы бес жүз шынтақтан болды.

Currently Selected:

Езекиел 42: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in