Езекиел 44
44
Жаратқан Иеге бағышталған Шығыс қақпа ғимараты
1Бұдан кейін әлгі хабаршы мені қайтадан киелі үйдің шығысқа қарап тұрған сыртқы қақпа ғимаратына алып келді. Бірақ ол жабық екен. 2Сонда Жаратқан Ие маған тіл қатып былай деді: «Мына қақпа жабық тұрсын! Оны ешкімге ашуға болмайды, ол арқылы ешкім кірмеуі де керек. Мен, Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие, онымен ішке кірдім.#44:2 43:4. Сондықтан ол жабық тұруға тиіс. 3Тек әміршіге ғана оның ішімен өтетін жолда отырып, Жаратқан Иенің алдында құрбандық асынан жеуіне болады. Ол онда бағаналы кіреберіспен кіріп, сол жолмен ғана кері шығуға тиіс».
Ғибадатханаға кіруіне болмайтындар жайлы ережелер
4Содан соң әлгі хабаршы мені Солтүстік қақпа ғимараты арқылы киелі үйдің алдына алып келді. Мен қарап тұрғанда Жаратқан Иенің нұрлы салтанатының Жаратқан Иенің киелі үйін кенелтіп жатқанын көрдім де, етпетімнен жата кеттім.
5Жаратқан Ие маған тағы тіл қатып былай деді: «Пендем, Мен саған Өзімнің киелі үйіме қатысты айтатын ережелер мен заңдардың#44:5 Яки: жарлықтар мен тағылымдардың. бәріне құлақ түріп, назар аударып ден қой! Киелі үйге кіру және одан шығу жайлы ережелерге мұқият көңіл бөл!
6Бас көтергіш Исраил халқына былай де:#44:6 2:3-5. Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Жексұрын күнә жасауларың жетер енді, уа, Исраил халқы! 7Сендер жат жұрттықтарды Менің киелі үйіме кіргіздіңдер. Олардың тәні сүндеттелмеген және жүректері де Маған бағышталған емес.#44:7 Ерм 9:25. Сөйтіп сендер Маған «тамағымды»: құрбандықтың іш майы мен қанын ұсынып жатқан кездеріңде-ақ#44:7 Леу 3:3. Менің киелі үйімді арамдадыңдар. Осындай жексұрын істеріңмен Менің Келісімімді бұздыңдар. 8Менің киелі рәсімдерімді қорғауға байланысты міндеттеріңді мұқият орындаудың орнына, киелі үйдегі қорғау қызметтеріңді соған еш қатысы жоқ жат жұрттықтарға істетіп қойдыңдар.
9Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: Жүрегі Маған бағышталмаған және тәні сүндеттелмеген бірде-бір жат жұрттық Менің киелі ғибадатханама кірмесін! Сондай адам тіпті исраилдіктердің арасында тұратын болса да ғибадатханама кірмеуге тиіс».
Опасыздық жасаған леуіліктерге ескерту
10«Сондай-ақ, Исраил халқы тура жолдан адасып, өздерінің діңгек тәрізді жиренішті тәңірлеріне табынып кеткен кездері солармен бірге Менен безіп кеткен леуіліктер де өз күнәларының зардабын тартуға тиіс. 11Олардың ғибадатханамда түрлі қызметтерді атқаруларына болады: олар киелі үйдің қақпа ғимараттарын күзетсін, әрі халықтың түгелдей өртелетін құрбандыққа не басқа да тартулар ретінде ұсынған малдарын соятын болсын. Сонымен қатар леуіліктер халықтың алдында тұрып, оларға қызмет көрсетсін.#44:11 Рул 3:6-8; 18:2-3,21-22.
12Бірақ халық діңгек тәрізді жиренішті тәңірлерге табынып жүргенде леуіліктер де соларға ғибадат етіп, Исраил халқын күнәға батырды. Сондықтан Мен салтанатты түрде ант етіп былай деймін: Леуіліктер өз күнәларының зардаптарын тартатын болады! Мен, Жаратушы Тәңір Ие, осыны нық айтамын. 13Леуіліктер діни қызметкер ретінде Маған жақындаушы болмасын, не Менің киелі заттарыма, не ең киелі құрбандықтарыма да жақындамасын! Себебі олар өздерінің жексұрын күнәларының зардабын тартуға тиіс. 14Сонда да Мен киелі үйді күзетіп, ондағы істелуге қажетті күнделікті міндеттер мен жұмыстардың барлығын атқаруды леуіліктерге жүктеймін.
Діни қызметкерлерге арналған ережелер
15Тек Садықтан#44:15 40:46; 48:11; Пат3 1:8; 2:35. тараған леуіліктер ғана діни қызметкер бола алады. Өзге исраилдіктер Менен безіп кеткен кездері олар Менің киелі үйімді қорғап, міндеттерін адал атқарып жүрді. Сондықтан Садықтың ұрпақтары Менің алдыма келіп, діни қызмет атқара берсін. Олар алдымда тұрып, құрбандық малдардың іш майы мен қанын#44:15 44:7. ұсынсын! — деп бұйырады Жаратушы Тәңір Ие. — 16Тек солар ғана Менің киелі үйіме кіріп, үстеліме жақындап, алдымда қызмет атқарсын. Олар Мен тапсырған қорғауды және өзге де міндеттерін орындай берсін!
17Діни қызметкерлер қақпа ғимараттары арқылы ішкі аулаға кіргенде, үстеріндегі киімдері бәтестен#44:17 (Мыс 28:39-40; Леу 16:4) Яки: ішкиімдері де кенеп матадан болсын. тігілген болсын. Не ішкі аулада, не киелі үйде қызмет еткенде олар үстеріне жүннен тоқылған киім кимеулері керек.#44:17 44:18; Мыс 28:42; 39:27-29. 18Олар сонда бастарына бәтес матадан сәлде кисін, шалбарлары да бәтестен болсын.#44:18 Мыс 28:39-43; 39:28; Леу 16:4. Үстеріне (жүн не басқа да) терлететін ештеңе кимесін.
19Діни қызметкерлер халық жүретін сыртқы аулаға шыққанда, олар қызмет еткенде киетін киімдерін шешіп, арнайы бөлмелерде қалдырсын да, кәдімгі киімдерін киіп шықсын! Әйтпесе олар арнайы киімдерімен халыққа жанасып, солары арқылы халыққа киелілік таратып жүрер.#44:19 Яки: халықты Өзіме ерекше бағыштап, киелі етіп жүрер. (Құдайдың қызметіне айрықша тағайындалмаған адамдар содан Қорахтың тобы іспетті зиян шегер еді: 42:14; 46:20; Мыс 19:10-13,21-23; Леу 6:24-29; 16:4; Рул 16:5-11,25-33.)
20Діни қызметкерлер шаштарын не тақырлап алғызбасын, не тым ұзын қылып өсіріп те жібермесін.#44:20 Леу 21:5. Қайта, олар шаштарын қырқып қысқартып жүрсін. 21Ешбір діни қызметкер ішкі аулаға кірерде шараптан дәм татпасын!#44:21 Леу 10:9. 22Оларға не жесір әйелге, не күйеуінен ажырасқан әйелге үйленуге болмайды. Олар тек Исраил халқынан шыққан пәк қызға немесе қайтыс болған басқа діни қызметкердің жесіріне ғана үйленсін!#44:22 Леу 21:7,13-14. 23Діни қызметкерлер Менің халқыма киелі мен киелі емес жай нәрселерді бір-бірінен ажыратуды үйретіп, оларға арам мен адалды қалай айыруды көрсетсін.#44:23 22:26; Леу 10:10,11; Соф 3:4; Хақ 2:11-13; Мал 2:6-7.
24Діни қызметкерлер кез келген дауларға Менің шешімдеріме сай билік айтуға міндетті.#44:24 Заң 17:8-13; Шеж1 23:4; Шеж2 19:8-10. Олар, сондай-ақ, Менің белгілеген мейрамдарыма байланысты заңдар мен ережелерімді сақтап, демалыс күндерімді ұстанып қастерлеулері керек.#44:24 20:12; Леу 23:2; Иш 58:13-14.
25Діни қызметкер қайтыс болған адамның мәйітіне жақындап өзін арамдамасын. Бірақ егер оның әке-шешесі, ұл-қызы, туған аға-інісі немесе тұрмыс құрмаған әпке-қарындасының біреуі қайтыс болған болса, соның мәйітіне жақындап, таза емес күйге түсуіне болады.#44:25 Леу 21:1-4. 26Алайда содан соң тазару рәсімінен өтіп, тағы жеті күн күткеннен#44:26 Рул 19:11-13. кейін ғана оған ғибадатханадағы міндеттеріне қайтадан кірісуіне болады. 27Ол ғибадатхананың ішкі ауласына қызмет атқаруға баратын күні өзі үшін күнәнің құнын өтейтін құрбандық ұсынуға тиіс, — деп бұйырады Жаратушы Тәңір Ие.
Құдайдың діни қызметкерлерге қамқорлық жасауы
28Діни қызметкерлердің мұралық жері жөніндегі ереже мынау: олардың мұралық үлесі Менмін. Оларға Исраилден ешқандай меншікті жер аймағы үлестірілмесін, себебі олардың үлесі Өзіммін.#44:28 Рул 18:20-21; Заң 18:1-5; Еш 13:33. 29Діни қызметкерлер халықтың ғибадатханаға алып келген сый-тартуларынан өздеріне тиісті бөліктерін алып, күндерін көретін болады: астық тартуларының, күнәнің құнын және айыпты өтейтін құрбандықтардың белгілі бөліктері оларға тиесілі. Сонымен қатар Исраилде Жаратқан Иеге бағышталған нәрселердің бәрі олардікі болмақ.#44:29 Леу 14:13; 27:21; Рул 18:9,14. 30Барлық алғашқы өнімдерің мен арнайы тартуларыңның ең жақсылары да діни қызметкерлердікі болады. Үйдегі диірменде бидай тартқанда, оның бірінші үлесін де соларға беріңдер! Сонда сендердің шаңырақтарыңа Менің ақ батам қонады.#44:30 Рул 15:20-21; 18:11-12; Шеж2 31:4-6; Нех 10:35-37.
31Діни қызметкерлер арам өлген не жыртқыш аңдарға таланып өлген ешқандай құстың, малдың, не басқа хайуанның етін жемесін!#44:31 Леу 17:15; 22:8.
Currently Selected:
Езекиел 44: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.