Мысырдан шығу 9
9
Бесінші апат: малдың қырылуы
1Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды:
— Перғауынға барып сөзімді жеткіз: «Исраилдіктердің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Маған ғибадат ету үшін халқымды жібер! 2Егер оларды жіберуден бас тартып, әрі қарай ұстап қалатын болсаң, 3онда сақ бол. Жаратқан Ие далада жүрген малдарыңа қол салып, жылқыларың, есектерің, түйелерің, мүйізді ірі қараларың және қой-ешкілерің өте жаман індетке ұшырайтын болады! 4Ал Жаратқан Ие қайтадан исраилдіктердің малдарына мысырлықтардікінен бөлек қарамақ: Исраилдің бір тұяғы да шығынға ұшырамайды! 5Жаратқан Ие уақытты белгілеп қойды: Ол мұны осы жерде күні ертең істей бастайды».
6Жаратқан Ие келесі күні солай істеді де. Мысырлықтардың малдары жаппай қырылды, ал исраилдіктердің малдарынан бірде-бір шығын болмады. 7Перғауын адамдарын жіберіп, исраилдіктердің бір тұяғының да шығынға ұшырамағанын біліп алды. Сонда да перғауынның жүрегі қасарысып, ол халықты жібермей қойды.
Алтыншы апат: шиқандар
8Содан соң Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға былай деп бұйырды:
— Пештен уыстап күл алыңдар. Мұса оны перғауынның көз алдында аспанға қарай шашып жіберсін. 9Сонда ол майда тозаң болып бүкіл Мысыр еліне тарап кетеді де, адамдар мен жан-жануарларда шиқандар пайда болады.
10Мұса мен Һарон пештен күл алып, перғауынның алдына барды. Мұса күлді аспанға қарай шашып жібергенде, адамдар мен жан-жануарларда шиқандар пайда болды. 11Абыздар Мұсаға қарсы тұра алмады. Барлық мысырлықтар сияқты олардың тәндеріне де шиқандар шыққан болатын. 12Алайда Жаратқан Ие перғауынның жүрегін қасарыстырып, ол Мұса мен Һаронның айтқандарына құлақ аспай қойды. Осылай болатынын Жаратқан Ие алдын ала айтқан да еді.
Жетінші апат: күн күркіреу мен бұршақ
13Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды:
— Ертеңгісін ерте тұрып, перғауынның алдына барып, сөзімді жеткіз: «Исраилдіктердің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Маған ғибадат ету үшін халқымды жібер! 14Мен осы жолы қасарысқан жүрегіңе, нөкерлеріңе және халқыңа қарсы ойлаған апаттарымның бәрін жіберетін боламын. Сонда сен жер бетінде Маған тең келетін ешкімнің жоқ екеніне көзің жетіп, соны білетін боласың. 15Қаласам баяғыда қолымды созып-ақ өзіңді де, халқыңды да індетке#9:15 Яки: обаға. ұшыратып, жер бетінен жоқ қылған болар едім. 16Алайда саған (істейтінім арқылы) құдіретімді көрсетіп, бүкіл жер жүзіне атымды шығару үшін ғана сені патша етіп қойдым.#9:16 Немесе: саған (Өзіме қарсы) тұруға жол бердім. 17Сен әлі де халқыма қарсы шығып, оларды жібермей келесің. 18Біліп ал: Мен ертең осы мезгілде Мысыр Мысыр болғалы күні бүгінге дейін болып көрмеген бұршақты сенің еліңе жаудырамын. 19Енді адамдарыңды жіберіп, даладағы малдарың мен меншіктеріңнің бәрін де паналарға жинатып алдырт! Үй-қораларды паналамай далада жүрген күллі адамдар мен малдар бұршақтың астында қалып, қырылмақ».
20Перғауынның нөкерлерінің кейбіреулері Жаратқан Иенің сөздерінен қорқып, қарамағындағы қызметшілері мен малдарын жедел түрде қауіпсіз жерлерге жинап алды. 21Ал Жаратқан Иенің сөзіне көңіл бөлмегендер өз қызметшілері мен малдарын далада қалдырды.
22Сонда Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйрық берді:
— Қолыңды аспанға қарай соз! Сол сәтте бүкіл Мысыр елінің үстіне, ондағы адамдардың, малдардың және даладағы өсімдіктердің бәрінің үстіне бұршақ жауатын болады.
23Мұса таяғын аспанға қарай созғанда, Жаратқан Ие күн күркіретіп, бұршақ жаудырып, жерге найзағай түсірді.#9:23 Немесе: бұршақ жаудырды, әрі от жерге төгілді. Осылайша Жаратқан Ие Мысыр елін бұршақтың астына алып, 24бұршақ жерге үздіксіз төпелеп, арасында найзағай жарқылдап тұрды. Бұршақтың мұндай күшті жауғанын Мысыр халқы ел болып, басы біріккелі көрген емес. 25Бұршақ бүкіл Мысыр даласында жүрген күллі адамдар мен малдарды қырып, өсіп тұрғанның барлығын тып-типыл қылып, ағаш атаулының бұтақтарын сындырып, быт-шыт етті. 26Тек Исраилдің үрім-бұтағы мекендеген Гөшен елінде ғана бұршақ жауған жоқ.
27Содан перғауын кісі жіберіп, Мұса мен Һаронды шақырып алып:
— Осы жолы мен күнә жасадым. Жаратқан Ие әділ, ал өзім және халқым кінәлі. 28Жаратқан Иеге сиыныңдаршы! Құдайдың қатты күн күркіретіп, бұршақ жаудырғаны тоқтаса екен! Бұған дейін басымызға түскені жетер. Сендерді жібермекпін, бұдан әрі қарай мұнда қалуға тиіс болмайсыңдар, — деді. 29Мұса:
— Қаладан шығысымен-ақ қолымды Жаратқан Иеге қарай жайып сиынамын. Сонда күн күркіреуін тоқтатып, бұршақ та жаумайтын болады. Осыдан жердің иесі Жаратқан Ие екенін#9:29 Немесе: жер бетінің (яки: әлемнің) Жаратқан Иенің меншігі екенін (8:22; 19:5; Жар 1:1; Жыр 23:1). білетін боласыз. 30Алайда өзіңіз де, нөкерлеріңіз#9:30 Яғни уәзірлеріңіз бен өзге қызметкерлеріңіз. де (шынайы) Құдайды, Жаратқан Иені, әлі де терең қастерлеп, Одан қорықпайсыздар, соны білемін, — деп жауап қатты.
31Зығыр мен арпаны бұршақ ұрып кетті, өйткені арпа масақ жарып, зығыр гүлдеп тұрған еді. 32Ал бидай мен соған ұқсас дәнді дақылдар#9:32 Яки: бидай мен полба (бидайдың бір түрі). кеш пісетін болғандықтан бұршаққа ұрыла қоймады.
33Мұса перғауыннан қаланың сыртына шығып, қолын Жаратқан Иеге қарай жайып сиынды. Сонда күн күркіреуін, бұршақ жаууын доғарып, жаңбыр да тиылды. 34Бірақ перғауын бұршақ пен жаңбырдың әрі күннің күркіреуінің тыйылғанын көргенде, күнә жасауын әрі қарай жалғастырып, өзі де, нөкерлері де жүректерін қасарыстырып алды. 35Осылай перғауын қайтадан қырсығып, Исраил халқын жібермей қойды. Солай болатынын Жаратқан Ие Мұса арқылы алдын ала айтқан да еді.
Currently Selected:
Мысырдан шығу 9: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.