YouVersion Logo
Search Icon

Мысырдан шығу 5

5
Перғауынның Құдайдың хабарын елемей, халықты қатты азаптауы
1Бұдан кейін Мұса мен Һарон перғауынның алдына барып, оған былай деді:
— Исраилдің сиынған Құдайы — Жаратқан Ие мынаны айтады: «Менің халқымды жібер! Олар айдалаға барып, Маған арнап мейрам өткізсін». — 2Алайда перғауын:
— Мен айтқанына құлақ асып, исраилдіктерді жіберетіндей «Жаратқан Ие» деген кім? Мен «Жаратқан Иені» білмеймін де, Исраил халқын жібермеймін де, — деп жауап қатты. 3Бірақ екеуі:
— Бізге исраилдіктердің Құдайы аян берді. Енді үш күндік жердегі айдалаға барып, Құдайымыз Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалуға рұқсат етіңіз. Әйтпесе Ол бізді індетпен не соғыспен жазалайды,#5:3 Немесе: бізді обамен не семсермен құртып-жояды. — деп нық айтты. 4Ал Мысырдың патшасы:
— Ей, Мұса, Һарон, неге халықты арандатып, міндеттерінен алаңдатасыңдар? Өз жұмыстарыңа қайтып барыңдар! — деп бұйырды. 5Ол: — Елдеріңнің халқы тым көп, ал сендер оларды жұмыстарынан қалдырып демалдырып тұрсыңдар, — деп те наразылығын білдірді.
6Сол күні перғауын елдегі құл айдаушылар мен бақылаушыларына арнап мынадай әмір берді: 7«Бұдан былай исраилдіктерге кірпіш құю үшін бұрынғыдай сабан бермеңдер! Өздері барып, жинап әкелетін болсын! 8Алайда олардың бұрынғы мөлшердегідей кірпіш құюларын талап етіп, қажетті кірпіш санын еш кемітпеңдер! Олар жалқау, сондықтан да: «Біз барып, Құдайымызға арнап құрбандық шалайық!» деп айқай салып жүр. 9Жұмыстарын қиындатыңдар! Олар құр сөздерге ден қоймай, жұмыс істесін!»
10Құл айдаушылар мен бақылаушылар барып, халыққа жар салып: «Перғауынның әмірі мынау: Бұдан былай сендерге сабан берілмейді. 11Қайдан тапсаңдар одан табыңдар, сабанды өздерің барып жинаңдар! Алайда құятын кірпіштеріңнің саны кемітілмей, сол күйінде қалады!» — деді.
12Сонда халық Мысырдың түкпір-түкпіріне тарап, сабан орнына орылған егістіктерде қалған сабақтарды жинаумен айналысты. 13Құл айдаушылар халықты: «Күнделікті атқарған жұмыс көлемдерің сабанмен қамтамасыз етілген кездегідей болсын!» — деп қыспақтай берді. 14Олар өздері тағайындаған исраилдік бақылаушыларды: «Неге сендер кеше де, бүгін де кірпіш мөлшерін бұрынғыдай етіп өткізбедіңдер?» — деп, соққының астына алды. 15Сонда исраилдік бақылаушылар перғауынның алдына барып:
— Тақсыр, құлдарыңызға неге бұлай істейсіз? 16Бізге сабан берілмейді, алайда кірпіш құю талап етіледі. Міне, құлдарыңызды ұрып-соғады, бірақ бәріне кінәлі өз халқыңыз, — деп жалбарынды. 17Бірақ перғауын:
— Жоқ, сендер еріншек, жалқаусыңдар! Сондықтан да «Біз барып, Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалайық!» дей бересіңдер. 18Барыңдар, жұмыс істеңдер! Сабан берілмейді, ал кірпіштің тиісті санын бәрібір дайындап өткізуге міндеттісіңдер! — деп кесіп айтты.
19«Күнделікті дайындалуға тиісті кірпіш санын еш кемітпейсіңдер!» деген үзілді-кесілді сөздерден исраилдік бақылаушылар халдерінің мүшкілдігін ұқты. 20Олар перғауыннан шығып келе жатқанда өздерін күтіп тұрған Мұса мен Һаронға жолығып: 21«Жаратқан Ие сендерге назар салып, үкімін шығарсын! Өйткені сендер бізді перғауын мен оның нөкерлерінің алдында сасық нәрседей жиренішті еттіңдер! Көзімізді құрту үшін олардың қолдарына қару ұстатып қойдыңдар!» — деп бұларға кінә артты.
Құдайдың халықты құтқаруы жайлы қайтадан берген уәдесі
22Содан Мұса қайтадан Жаратқан Иеге сиынып:
— Уа, Ием, бұл халықты осыншама азапқа неліктен душар еттің? Мені не үшін жібердің? 23Мен перғауынға барып, Сенің хабарыңды жеткізгеннен бері ол халықты бұрынғыдан бетер азапқа салып келеді. Ал Өзің халқыңды құтқарамын дегенмен, құтқармадың! — деп налыды.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in