Мысырдан шығу 12
12
Исраилдіктердің құтқарылуға дайындалуы
1Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға Мысыр елінде мына ережелерді табыстады:
2— Бұдан былай осы ай#12:2 Яғни «абиб» айы — ол наурыздың екінші жартысын және сәуірдің бірінші жартысын қамтиды (13:4). сендер үшін айлардың басы, жылдың алғашқы айы болсын. 3Исраилдің барлық қауымына мынаны айтыңдар: әрбір отағасы осы айдың оны күні жанұясы үшін бір тоқтыдан#12:3 Немесе: бір жылдық тоқты не лақ текеден (12:7). арнап бөлек қойсын. 4Егер үй ішіндегі адамдардың саны бұл малдың етін толық жей алмайтындай аз болса, онда оны іргелес көршісімен бөліссін. Тоқтының үлкен-кішілігін оны қанша адамның жей алатындығына қарап анықтауларың керек. 5Таңдап алған малдарың қойдың не ешкінің еш мінсіз, бір жылдық еркек төлі болсын.
6Осы малды айдың он төртіне дейін бағып күтіп, қастарыңда ұстаңдар. Сол күні кешке қарай Исраил халқының бүкіл қауымы тоқтыларын құрбандыққа шалсын. 7Олар тоқтының қанынан біраз алып, құрбандық асын ішейін деп отырған үйлерінің есік жақтаулары мен маңдайшаларына жақсын. 8Сол түні олар тоқтының етін отқа қақтап, ашытқысыз пісірілген нанмен және ащы шөптермен қосып жеулері керек. 9Оны не шикілей, не суға пісіріп жеуші болмаңдар,#12:9 Яки: Оны суға емес, отқа қақтап әбден пісіріп жейтін болыңдар. тұтастай бас-аяқтарымен, ішкі ағзаларымен қоса қақтаңдар. 10Таң атқанша тоқтыдан ештеңе де артылып қалмасын. Егер қалып қойса, оны өртеп жіберу қажет. 11Сендер тамақтанып жатқанда белдерің буулы, аяқкиімдерің киюлі, таяқтарың қолдарыңда болсын, тамақты тездетіп жеңдер!#12:11 Яғни Мысырдан көшіп шығуға дайын тұрыңдар (12:31-34,37-38). Бұл — Маған, Жаратқан Иеге, арналған Құтқарылу асы.#12:11 Немесе: Бұл — Жаратқан Иенің сендерге соқпай өтіп кетіп, аман қалдыруы (12:13,23,27).
12Сол түні Мен Мысыр елін аралап, ондағы адамның да, малдың да тұңғыштарын құртып, Мысырдың барлық тәңірсымақтарын әшкерелеп соттаймын.#12:12 Яки: барлық «тәңірлерінің» жалғандығы мен күшсіздігін әшкерелеп, оларды жазалаймын. Себебі Мен Жаратқан Иемін! 13Жағылған қан сендердің отырған үйлеріңді көрсететін белгі болады.#12:13 12:7,22-23. Сонда қанды көріп, соқпай өтіп кетемін. Мен Мысыр елін қырғынға ұшыратып жатқан кезде сендер бұл күйретіп жатқан соққыдан түгелдей аман қаласыңдар.
14Осы күн естеріңде қалсын. Бүкіл үрім-бұтақтарыңмен оны Жаратқан Иеге арнап мейрамдаңдар. Бұл мереке туралы ережені ұрпақтарың мәңгі берік сақтасын.
15Жеті күн бойы ашытқысыз пісірілген нан жеңдер. Алғашқы күні-ақ үйлеріңнен ашытқы атаулыны шығарып тастаңдар.#12:15 Ашытқы осы жерде ескі өмірдің қалдықтарын астарлап білдіреді (Қор1 5:8). Осы апта ішінде ашытқымен дайындалған тамақ ішкен әркім Исраил халқының арасынан аластатылуға#12:15 Немесе: құртылуға. тиіс. 16Бірінші және жетінші күндері Маған бағышталған жиналыстарың болсын. Сол екі күнде ешқандай жұмыс істемеңдер, тек жейтін тамақтарыңды дайындауларыңа ғана болады.
17Осылай «Ашымаған нан мейрамын» берік сақтаңдар! Бұл күні Менің сендерді Мысырдан лек-лектеріңмен алып шыққанымды жыл сайын еске алып отырыңдар. Келешек ұрпақтарың да бұл ережені мәңгі берік ұстансын. 18Бірінші айдың он төртінші күнінің кешінен бастап, жиырма бірінші күнінің кешіне дейін ашымаған нан жеңдер. 19Сол жеті күн бойы үйлеріңде ашытқы болмасын. Кімде-кім, мейлі елде туған исраилдік, мейлі жат жұрттық адам болсын, осы аралықта ашытқымен дайындалған тамақ ішсе, сол Исраил халқының арасынан аластатылуға тиіс. 20Қайда тұрып жатсаңдар да,#12:20 Яки: Барлық мекендеріңде (Леу 3:17; 23:3). сол күндері ешқандай ашыған тағам жеулеріңе болмайды, нанды ашытқысыз пісіріп жеңдер!
21Содан Мұса Исраилдің күллі рубасыларын шақырып алып, оларға былай деді:
— Араларыңдағы әр отбасы үшін бір-бір тоқтыдан таңдап алып, Құтқарылу мейрамына арнап сойыңдар! 22Бір байлам сайсағыз#12:22 Яки: үсоп не иссоп (шағын бұта). бұтақшасын құрбандықтың қаны жиналған ыдысқа малып алып, қанын есік жақтаулары мен маңдайшасына жағыңдар. Мұнан кейін таң атқанша ешқайсың да сыртқа шықпаңдар! 23Сол кезде Жаратқан Ие Мысырды қырғынға ұшырату үшін бүкіл елді аралап жүрмек. Сонда Ол жақтаулары мен маңдайшаларына жағылған қанды көріп, сендердің есіктеріңнің қасынан өтіп кетеді де, құртушының үйлеріңе кіріп, өлтіруіне жол бермейді.
24Бұл нұсқауды өздеріңе және келешек ұрпақтарыңа арналған ереже ретінде мәңгі берік сақтаңдар! 25Жаратқан Ие сендерге табыстаймын деп уәде еткен елге кіргеннен кейін де осы рәсімді ұстануларың керек. 26Балаларың: «Бұл не қылған рәсім?» деп сұраса, 27оларға былай деңдер: «Бұл — Жаратқан Иеге арналған Құтқарылу мейрамының құрбандығы. Жаратқан Ие мысырлықтарды қырғынға ұшыратқан кезде исраилдіктердің үйлеріне соқпай өтіп кетіп, бізді өлімнен аман алып қалды».#12:27 Яки: Бұл — Жаратқан Иеге арналған «өтіп кету құрбандығы». Жаратқан Ие ... үйлерімізге соқпай өтіп кетіп, бізді өлімнен аман қалдырды (12:11).
Мұны естіген халық Тәңір Иеге иіліп ғибадат етті. 28Содан исраилдіктер үйлеріне барып, Жаратқан Иенің Мұса мен Һаронға бұйырғанындай істеді.
Оныншы апат: мысырлық тұңғыштардың өлтірілуі
29Сол күні түн ортасында Жаратқан Ие Мысырдағы барлық тұңғыштарды — тақта отырған перғауынның тұңғышынан бастап, түрмеде жатқан тұтқынның тұңғыш ұлына дейін және мал атаулының тұңғыш төлдерін де өлтірді. 30Сол түні перғауын, оның күллі нөкерлері және барлық мысырлықтар да ұйқыларынан тұрды. Бүкіл Мысыр зарлы жоқтау жамылды, себебі өлім шықпаған бірде-бір үй болмады.
Исраилдіктердің азат етіліп, Мысырдан көшіп шығуы
31Перғауын сол түні Мұса мен Һаронды шақырып алып:
— Жолға жиналыңдар! Исраилдің үрім-бұтағын ертіп алып, халқымның арасынан аулақ кетіңдер! Барып, өз сөздеріңе сай Жаратқан Иеге ғибадат етіңдер! 32Ірілі-ұсақты малдарыңды да өздерің айтқандай ала кетіңдер. Ал маған оң баталарыңды бере көріңдер, — деп өтінді.
33Мысыр халқы да исраилдіктерге:
— Осы елден тезірек кете көріңдер, әйтпесе бәріміз де өліп қалармыз! — деп жалынып асықтырды.
34Сонда исраилдіктер қамырларын ашытпастан ыдысымен бірге киімдеріне орап, иықтарына салып көтеріп жүрді. 35Олар жолға шықпас бұрын Мұса мен Һаронның айтқандары бойынша мысырлықтардан күміс, алтын бұйымдар мен әсем киімдер сұрап алған болатын. 36Жаратқан Ие мысырлықтарды Өзінің халқына мейіріммен қаратқандықтан, олар исраилдіктердің сұрағандарын түгел берді. Мысырдың байлығын исраилдіктер осылайша олжалады.
37Сонымен Исраилдің үрім-бұтағы Рамсес қаласының#12:37 1:11; Жар 47:11. маңынан Соқотқа қарай беттеді. Әйелдері мен балаларын есептемегенде шамамен алты жүз мың еркек жаяу жолға шықты. 38Көптеген бөтен ұлттықтар да, сондай-ақ қора-қора ірілі-ұсақты малдары да бірге жүрді. 39Жұрт алып шыққан ашымаған қамырларынан жолшыбай күлше нан пісірді. Мысырдан жедел кетуге мәжбүр болғандықтан, олар сапарға тіпті тамақ та дайындап үлгермеген болатын.
40Исраилдің үрім-бұтағы Мысырда төрт жүз отыз жыл тұрды. 41Осы мерзім біткен күні-ақ Жаратқан Иенің жасағы — Оның халқы лек-легімен Мысыр елінен шықты. 42Бұл түні Жаратқан Иенің Өзі оларды Мысырдан алып шығу үшін сергек болып күзеткендіктен, осы түн Жаратқан Иеге бағышталған; оны Исраилдің барлық үрім-бұтағы мен келешек ұрпақтары да жыл сайын сергек болып ұйықтамай өткізуге тиіс.
Құтқарылу мейрамы жайлы нұсқаулар
43Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға былай деп нұсқау берді: «Құтқарылу мейрамының ережесі мынау: Арнайы мейрам асынан бірде-бір жат жұрттық ауыз тимейтін болсын. 44Ал ақшаға сатып алған құлыңды сүндеттеген болсаң, онда оның жеуіне болады. 45Бірақ араларыңда уақытша қоныстанғандар мен жалдамалы шетелдіктерге одан жеуге болмайды.
46Құрбандық сол шалынған үйде желініп, еті ешқайда шығарылмасын! Оның ешбір сүйегі де сындырылмасын!#12:46 Жох 19:36.
47Бұл мейрамды бүкіл Исраил қауымы тойлауға тиіс. 48Ал араларыңда тұрып жатқан жат жұрттық біреу Жаратқан Иеге бағышталған Құтқарылу мейрамын тойлағысы келсе, алдымен сол адамның үйіндегі барлық еркек кіндіктілерін сүндеттеңдер.#12:48 Жар 17:12. Сонда ол елдеріңнің жергілікті тұрғыны іспетті мейрам асына қатыса алады. Ал бірде-бір сүндеттелмеген адам одан ауыз тимеуге тиіс. 49Жергілікті халық үшін де, араларыңда тұрып жатқан жат жұрттықтар үшін де заң біреу болмақ».
50Сонымен барлық исраилдіктер Жаратқан Иенің Мұса мен Һаронға бұйырғанындай істеді. 51Дәл сол күні Жаратқан Ие Исраилдің үрім-бұтағын Мысыр жерінен лек-легімен алып шықты.
Currently Selected:
Мысырдан шығу 12: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.