YouVersion Logo
Search Icon

Мысырдан шығу 11

11
Оныншы апаттан сақтандыру
1Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды:
— Мен перғауынды және Мысыр елін тағы бір апатқа душар етемін. Одан соң ол бұл жерден кетулеріңе рұқсат беріп қана қоймай, тіпті біріңді қалдырмай елінен шығуға мәжбүрлейтін болады. 2Исраилдіктерге былай де: «Сол кезде барлық еркектерің мен әйелдерің (мысырлық) көршілерінен күміс, алтын бұйымдар сұрап алсын».
3Осы уақыт жеткенде Жаратқан Ие мысырлықтарды Исраилдің үрім-бұтағына игі ниетпен қаратты. Мұсаның абыройы да Мысыр жерінде перғауынның нөкерлері мен халықтың алдында зор болды.
4(Перғауынның қасынан кетпей тұрып) Мұса оған тағы былай деген болатын:
— Жаратқан Ие мынаны айтады: «Түн ортасында Мен Мысырды аралап өтемін. 5Сонда Мысыр жеріндегі әрбір тұңғыш бала, тақта отырған перғауынның тұңғышынан бастап, қол диірменді айналдырып отырған күңнің тұңғышына дейін, сондай-ақ мал атаулының алғашқы төлдері де өлетін болады. 6Бүкіл Мысыр елі бұған дейін болмаған, енді қайтып болмайтын зар еңіреген жоқтауға толады. 7Ал исраилдіктерге келсек, олардың адамдары түгіл, малдарына қарсы иттер де үрмейтін болады. Содан сендер Жаратқан Иенің Исраил мен Мысыр халықтарына қалай түрліше қарайтынын білетін боласыңдар». 8Сол кезде мына тұрған нөкерлеріңіздің бәрі алдыма келіп, бастарын иіп былай деп жалынбақ: «Өзіңіз және басқарып жүрген халқыңыз елімізден шыға көріңіздер!» Мен содан кейін шығатын боламын.
Ашуланған Мұса осыны айтып, перғауынның қасынан шығып кетті. 9Жаратқан Ие Мұсаға бұрын мынаны да айтып қойған болатын:
— Менің Мысыр елінде көптеген кереметтер жасауым (әрі Өзімнің кім екенімді білдіруім) үшін перғауын айтқандарыңа құлақ аспайтын болады.
10Мұса мен Һарон перғауынның алдында осы кереметтерді көрсетті. Алайда Жаратқан Ие перғауынның жүрегін қасарыстырып, ол Исраил халқын елінен жібермей қойды.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in