YouVersion Logo
Search Icon

Естер 3

3
Амалектік бас уәзір Хаманның яһуди халқын құртуға тырысуы
1Осы оқиғалардан кейін Ахасуер патша Агагтың ұрпағы#3:1 Кезінде амалек патшасы Агаг Құдайдың халқына сұмдық ниетпен шабуыл жасаған еді (Пат1 14:47-48; 15:8,20). Амалек халқы тарихта Исраилдің қас жауы болды (Мыс 17:8-16; Заң 25:17-19; Бил 3:13; Пат1 30:1-4). Амадат ұлы Хаманды көтеріп, дәрежесін өсірді. Патша Хаманның лауазымын өзінің қасындағы күллі әміршілерден де жоғарылатты. 2Патшаның сарай қақпасындағы қызметкерлерінің барлығы Хаманға жерге дейін иіліп сәлем беретін. Себебі патша солай әмір еткен болатын. Бірақ Мардохай Хаманға иіліп сәлем берген жоқ.
3Патшаның сарай қақпасындағы қызметкерлері Мардохайға: «Патшаның бұйрығын неге бұзасың?» — деген сұрақ қойды. 4Олар бұны күн сайын ескерте берсе де, ол тыңдаған жоқ. Қызметкерлер Мардохай өзінің айтқан сөзінен бас тартар ма екен#3:4 Немесе: Мардохайдың айтқан сөзіне (Хаман) төзер ме екен. деп оны сынамақ болып, бұл туралы Хаманға хабар жеткізді. Ал Мардохай өзінің яһуди екенін оларға білдірген болатын. 5Хаман Мардохайдың өзіне иіліп сәлем беруден бас тартқанын естігенде, ашуға булықты. 6Бірақ Мардохайдың өзін ғана құрту оған аз болып көрінді. Өйткені оның қай ұлтқа жататынын біліп алған соң, Хаман Мардохайдың ұлттастары — яһудилердің бәрін де Ахасуердің бүкіл патшалығы бойынша жаппай жойып жіберуді ойластырды.
7Осылайша Ахасуер патшаның билік еткен он екінші жылының бірінші (яғни нисан) айында#3:7 Б.з.д. 474 ж. сәуір-мамыр айларында. Бұл Естердің патшайым болған бесінші жылы еді (2:16-17). мұны іске асырудың тиімді күні мен айын анықтау үшін Хаманның алдында «пур», демек, жеребе тасталды. Жеребе он екінші айдың (яғни адар айының) он үшінші күніне түсті.
8Содан Хаман Ахасуер патшаға былай деп ұсыныс жасады:
— Сіздің патшалығыңыздың күллі аймақтарындағы өзге халықтардың арасына шашырап кеткен, бірақ солармен араласпайтын бір ұлт бар. Бұл ұлттың әдет-ғұрыптары барлық басқалардікінен өзгеше. Олар патшаның заңдарын да орындамайды!#3:8 Хаман Құдай халқына таққан осы кінә шындыққа сай келмеген болса керек (Ерм 29:4,7). Оларды осылай қалдыра беру патша ағзамның мүддесіне қарсы. 9Егер патша ағзам мақұл көрсе, оларды құрту жайлы жарлық шығарылсын. Сонда мен басқарушы уәзірлердің қолдарына патшаның қазынасына салу үшін он мың ат басындай күмісті#3:9 Немесе: он мың талант (шамамен 345 тонна) күмісті. (Сол заманда Персия патшалығының бір жылғы кірісі шамамен 518 тонна күміс болатын.) өлшеп табыстаймын.
10Патша саусағындағы мөр басатын жүзігін#3:10 3:12; 8:2,8,10; Жар 41:42. шешіп алып, оны Амадат ұлы Хаманға берді. Хаман амалектік Агагтың ұрпағы әрі яһудилердің қас жауы болатын. 11Патша Хаманға:
— Сол күмісті де, сол ұлтты да қолыңа тапсырамын. Оларға өзің мақұл көргеніңді істе! — деді.
12Осылайша бірінші айдың он үшінші күні патшаның хатшылары шақырылды. Олар Хаманның айтқан жарлығын патшаның өлке әміршілеріне, барша аймақтардың үстінен қарайтын әкімдерге және әрбір халықтың басшыларына арнап өздерінің әліпбилерімен әрі ұлттық тілдерінде аударып жазып берді. Жарлықтың көшірмелері Ахасуер патшаның атынан жазылып, оның жүзік мөрімен бекітілді. 13Сол хаттар шабармандар арқылы патшалықтың күллі аймақтарына жіберілді. Онда он екінші айдың (демек адар айының) он үшінші күні, сол бір күннің ішінде, барлық яһудилерді: жасы мен кәрісін, әйелі мен бала-шағасын құртып жоқ қылуға, ал қалған мал-мүлкін олжалауға бұйрық берілді. 14Жарлықтың көшірмелері әрбір аймақта заң ретінде шығарылып, күллі ұлттардың адамдарына сол күнге дайын болсын деп паш етілуге тиіс болды.
15Шабармандар патшаның бұйрығымен тез аттанып кетті. Жарлық Сузы қорғанында да жарияланды. Патша мен Хаман шарап ішуге отырды, ал Сузы қаласының халқы не болғанын түсінбей абыржыды.

Currently Selected:

Естер 3: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in