Патшалықтар 2-ж. 6
6
Дәуіттің Келісім сандығын Иерусалимге әкелуі
1Кейін Дәуіт қайтадан Исраилдің күллі таңдаулы ерлерін — отыз мың адамды жинап алды. 2Барлығы Құдайдың Келісім сандығын Иерусалимге алып келуге Яһудадағы Бағалаға#6:2 Осы қаланың басқа аты: Кирият-Иғарым (Еш 15:9; Пат1 7:1; Шеж1 13:6). қарай аттанды. Сандық Әлемнің Иесіне бағышталған еді; Оның жер бетіндегі тағы (сандық қақпағындағы) екі керуб мүсінінің үстінде орналасқан.#6:2 Мыс 25:22; Пат1 4:4. 3-4Дәуіт пен оның адамдары Құдайдың сандығын жаңа арбаға орнатып, Абинадаптың төбе басындағы үйінен#6:3-4 Пат1 7:1. алып шықты. Абинадаптың екі ұлы Ұза мен Ахио Құдайдың сандығы орналасқан арбаны бастап алып жүрді. Алдында жүрген Ахио болды. 5Дәуіт пен бүкіл Исраил халқы Жаратқан Иенің алдында жан сала би билеп, шырша ағашынан жасалған әр түрлі аспаптарда, жетіген, шертер, даңғыра, шыңдауыл, асатаяқтарда ойнап, қуана әндетіп келе жатты.
6Салтанатты шеру Нахонның астық бастыратын қырманына жеткен кезде, өгіздер сүрініп, сандық шайқалды. Құлап қалмауы үшін Ұза қолын созып, Құдайдың сандығын ұстай қалды. 7Сонда Жаратқан Иенің қаһары Ұзаға қарсы лап етті. Еркінсіп сандыққа қолын тигізгені үшін Құдай оны жазалап, Ұза сол бойда Құдайдың сандығының қасында жан тапсырды.#6:7 Келісім сандығын Құдай Өзі тағайындаған Қахаттан тараған діни қызметкерлер ғана арнайы сырықтарымен көтеріп жүруге тиіс болатын. Сандықты арбаға тиеуге не басқалардың оған қол тигізіп ұстауына қатаң тиым салынған еді (Мыс 25:10-15; Рул 4:5-6,15).
8Жаратқан Иенің қаһары Ұзаға «бұзып-жара» төгілгендіктен, Дәуіт қатты абыржып қайғырды. Сол себепті осы жер бүгінге дейін Пәрес-Ұза («Ұзаны бұзып-жарған») деп аталып келеді. 9Дәуіт сол күні: «Жаратқан Иенің сандығы қасыма қалайша келе алады?» — деп уайымдап Жаратқан Иеден қорықты. 10Сондықтан ол Жаратқан Иенің сандығын өзінің шаһарына әкелгісі келмей, ғаттық Ғабит-Едомның#6:10 Немесе: Ғабит-Дардың. үйіне апарып қойды. 11Сонымен Жаратқан Иенің сандығы үш ай бойы сол үйде қалды, әрі Жаратқан Ие Ғабит-Едомды және оның бүкіл үй ішін жарылқады.
12Сонда Дәуіт патшаға: «Құдайдың сандығының арқасында Жаратқан Ие Ғабит-Едом мен оның барлық иелігіне ақ батасын қондырды!» — деген хабар жетті. Содан Дәуіт барып, Құдайдың сандығын салтанатпен қуана-қуана өзінің шаһарына алып келді.
13Жаратқан Иенің Келісім сандығын алып жүрушілер алты қадам жасаған сайын, Дәуіт бір жас бұқа мен бір семіз тоқтыны#6:13 Немесе: бордақыланған баспақты. құрбандыққа шалғызып отырды. 14Ақ бәтестен тігілген көйлек#6:14 Діни қызметкерлер және леуілік көмекшілері Жаратқан Иеге қызмет еткенде осындай киім киетін (Пат1 2:18; 22:18). киіп алған өзі Жаратқан Иенің алдында жан сала би билеп жүрді. 15Осылайша Дәуіт пен бүкіл Исраил халқы қуанышпен айқай сала, кернейлетіп Жаратқан Иенің сандығын Иерусалимге алып келе жатты.
16Жаратқан Иенің сандығы Дәуіттің шаһарына кіре бастағанда, оның әйелі Саул қызы Михол#6:16 Пат1 18:27. терезеден қарап тұрған еді. Дәуіт патшаның Жаратқан Иенің алдында секіріп, би билеп жүргенін көріп, Михол оны іштей менсінбеді.
17Осылай Жаратқан Иенің Келісім сандығы әкелініп, Дәуіт арнайы тігіп қойған шатырдың ішіне орнатылды. Содан соң Дәуіт күнәнің құнын өтеу құрбандықтарын және ризашылық құрбандықтарын шалғызып, Жаратқан Иенің алдында өртетіп ұсынды. 18Соларды ұсынып болғаннан кейін Дәуіт халыққа Әлемнің Иесінің атымен бата берді. 19Патша күллі халыққа, еркек болсын, әйел болсын, жиналған исраилдіктердің әрқайсысына бір-бір қалаш наннан, бір кесек қақталған еттен#6:19 Немесе: бір қадақ кептірілген құрмадан. және бір қадақ мейізден үлестіріп берді. Содан соң жұрт үйлеріне тарап кетті.
20Дәуіт енді өз отбасына бата берейін деп сарайына қайтып келгенде, Саул қызы Михол алдынан шығып, былай деді:
— Бүгін Исраил патшасының дәрежесі қаншама өсті! Ол нөкерлерінің, күңдерінің алдында арсыз да әдепсіз әлдекімге ұқсап шапансыз жүрді! — 21Дәуіт жауап қайтарып:
— Мен би билегенде, Жаратқан Иенің алдында биледім! Ол мені әкеңнің және оның барлық әулетінің орнына таңдап алып, өз халқы Исраилдің басшысы етіп қойды. Содан мен Жаратқан Иенің алдында көңілді ән айтып би билеймін. 22Мен өзімді бұдан бетер төмендетемін, өз көз алдымда төмен боламын. Ал сен айтып отырған күңдердің алдында сыйға бөленемін, — деді.
23Бұдан кейін Саул қызы Михол өле-өлгенше бала таппады.
Currently Selected:
Патшалықтар 2-ж. 6: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.