YouVersion Logo
Search Icon

Патшалықтар 2-ж. 22

22
Дәуіттің Құдайды мадақтау жыры
1Осылай Жаратқан Ие Дәуітті барлық жауларынан және Саулдың қолынан құтқарды. Сол кезде Дәуіт Жаратқан Иеге арнап мына жырды айтты:
2Жаратқан — жартастай берік қорғаным,
Мені қауіп-қатерден құтқарушым,
3Құдайым — сенім артқан шың құзым,
Қалқандай қорғаушым, мықты құтқарушым,
Әрі биік таудағыдай баспанам,
Мені құтқарады зорлық-зомбылықтан!
4Мадаққа лайық Жаратқанға сиынам,
Ол мені арашалайды жауларымнан.
5Өлім толқындары жан-жақтан құрсады,
Заңсыздық тасқыны көміп тастады,
6Ажалдың шынжыры мені матады,
Өлімнің торы бұғаулап шырмады.
7Қатты қиналып Жаратқанға сиындым,
Жәрдем сұрап Құдайыма жалындым.
Киелі орнынан Ол құлақ салды,
Жалынышым Оның алдына барды.
8Сол заматта жер дірілдеп сілкінді,
Аспанның негізі шайқалып дірілдеді,
Өйткені Құдай қаһарына мінген еді.
9Қаһарынан#22:9 Немесе: Танауынан. (Осы жырда Құдай Тағаланың қаһары және Өзінің қызметкерін зор құдіретпен құтқарғаны жанартаудың атқылағанындай және жойқын дауылдың жоғарыдан соғып өткеніндей астарланып бейнеленген.) Оның түтін шықты,
От лаулап аузынан жалын атты,
Ыстық шоқ ішінен атқылады.
10Аспанды ашып Ол төмен түсті,
Қара бұлттар болды аяғының асты,
11Мықты періштелерге#22:11 Яки: Керубтер күймесінің үстіндегі тағына. (Бұл жерде астарлы мағынада қолданылған: 22:9-ға берілген сілтемені қараңыз; Жыр 79:1; 103:4; Езк 1:4-9,15-19,22-28.) мініп алды,
Желдің қанаттарында зулап ұшты,
12Түнекті айналдыра перде қылды,
Жаңбырдың қалың бұлттарын жамылды,
13Алдындағы нұрынан жай оты#22:13 Немесе: от шоғы. жалтылдады.
14Жаратқан Ие аспаннан күркіреп шақырды,
Алла Тағаланың дауысы жаңғырықты.#22:14 Немесе: Хақ Тағала қатты дауыстады.
15Жебелер атқылап жауларын шашыратты,
Найзағай жарқылдап оларды абдыратты.
16Көрінді сонда теңіздің арналары,
Әрі дүниенің негіздері ашылды,
Уа, Жаратқан Ие, қатаң сөгісіңнен,
Қаһарлы да құдіретті лебіңнен.
17Көктен қолын созып, Ол мені ұстап алды,
Терең судан Ием мені шығарып алды,
18Құтқарды мені мықты дұшпанымнан,
Өзімнен қуатты қас жауларымнан,
19Мүшкіл кезімде олар маған бас салды,
Жаратқан Ие бірақ тірегім болды,
20Кең-байтақ жерге#22:20 Яғни ашық та қауіпсіз орынға (Жыр 17:20; 30:9; 117:5). Ол мені шығарды,
Маған риза болып аман құтқарды.
21Адал жүрген мені Ием қолдады,
Пәк істерім үшін игілік сыйлады.
22Өйткені Жаратқанның жолымен жүрдім,
Арсыз болып Құдайымнан безбедім.
23Қайта, күллі шешімдері көз алдымда,
Оның ережелерінен бас тартпаймын да.
24Құдайдың алдында мінсіз болып келемін,
Күнә жасаудан сақтанып жүремін.
25Жаратқан маған берді әділдігіме қарай,
Оның көз алдындағы пәк ісіме сай.
26Ием, рақымды жанға рақым танытасың,
Адал жанға адалдықпен қарайсың,
27Таза жүрген жанмен Өзің де тазасың.
Арамзаға айламен жауап қайырасың.
28Жәбір көрген жандарды құтқарасың,
Бірақ менменді байқап, құлатасың.
29Уа, Ием, маған шырақтай нұр шашасың,#22:29 (Мих 7:8) Немесе: Уа, Жаратқан Ие, Сенің арқаңда лаулайды өмір шырағым (Нқл 13:9).
Уа, Жаратқан, түнегімді жарық қыласың.#22:29 Әйүп 29:3; Жыр 17:29; 26:1; 83:12; Иш 2:5.
30Сенің күшіңмен жау тобын жеңе аламын,
Құдайыммен қамалдың үстіне шығамын.
31Күмән жоқ, Құдайдың жолы мінсіз,
Жаратқанның сөзі де еш мүлтіксіз.
Құдайға сенім артқан бар жандарға
Ол — қалқандай қорған әрі берік баспана.
32Жаратқан Иеден басқа кім Құдай екен?
Құдайымыздан басқа кім қорғайтын құз екен?#22:32 (22:47; Жыр 17:32; 26:1) Яғни біз Жаратқан Иеден басқа кімді тау құзын паналағандай паналай аламыз?!
33Құдай мені күш-қуатқа бөлейді,
Мінсіз өмір жолымен жетелейді,
34Аяғымды бұғыдай жүйрік қылады,
Биік жерлерімде аман тұрғызады.
35Ол қолдарымды дайындайды шайқасқа,
Майыстырам тіпті қола садақты да.
36Сен құтқаруыңды#22:36 Немесе: Жеңісіңді. қалқандай сыйладың,
Жоғарылатады мені шапағатың.#22:36 Немесе: Мені жоғарылату үшін Сен еңкейіп иілесің.
37Жолда қадамдарымды ұлғайтасың,
Аяқтарымды таюдан сақтап қаласың.
38Жауларымды қуып, жойдым көздерін,
Бәрін құртпайынша кері келмедім.
39Олар жеңіліп, қайта тұра алмады,
Аяғымның астына менің құлады.
40Шайқасуға маған күш-қуат сыйладың,
Қарсыластарды алдыма бас ұрғыздың,
41Қалған жауларды қашуға мәжбүр қылдың,
Мені жек көргендердің көздерін құрттым.
42Көмекке шақырды олар, ешкім құтқармады,
Жаратқанға жалынды, Ол құлақ салмады.
43Содан жауларды жер шаңындай ұнтақтадым,
Даланың батпағындай оларды таптадым.
44Сен мені халықтың бүлігінен құтқардың,
Әрі басшысы етіп қойдың өзге ұлттардың.
Бөтен халық енді маған қызмет етеді,
45Олар да айтқанымды екі етпейді,
Бөгде ұлттар алдымда құлдық ұрады,
46Жат жұрттықтар қатты қорқып бозарады,
Дірілдеп өз қамалдарынан шығады.
47Жаратқан тірі! Құздай қорғаушым мақталсын,
Құтқарушы Құдайым лайым даңқталсын!
48Құдайым мүддемді қорғаған,#22:48 Яки: Құдай мені ақтап, кегімді қайтарған.
Әрі халықтарды маған бағындырған,
49Жауымнан өзімді аман сақтап қалған.
Жоғары қойдың мені қарсыластардан,
Сен құтқарып алдың зорлықшылдардан.
50Басқа халықтар арасында сондықтан,
Уа, Жаратқан Ием, Сені мадақтаймын,
Сенің атыңа ән-жырымды арнаймын.
51Сен Өзіңнің тағайындаған патшаңа:
Дәуітке және оның ұрпақтарына
Ұдайы ұлы жеңістер сыйлайсың,
Тұрақты мейіріміңді бағыштайсың.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

Videos for Патшалықтар 2-ж. 22