YouVersion Logo
Search Icon

Патшалықтар 2-ж. 21

21
Үш жылғы ашаршылық және Саулдың ұрпақтарының жазалануы
1Дәуіт патшаның заманында елді үш жыл бойы ашаршылық жайлады. Дәуіт Жаратқан Иеге сиынып соның себебін сұрады. Сонда Жаратқан Ие оған былай деп жауап берді: «Саулдың өзі мен әулетінің мойнында гибеондықтардың төгілген қаны бар. Себебі Саул гибеондықтардың көздерін құртқан болатын. Осы ашаршылық соның кесірінен».
2Патша гибеондықтарды шақырып алып, олармен сөйлесті. Гибеондықтар исраилдіктерге жатпайтын аморлықтардан қалған халық болатын. Ежелде исраилдіктер оларды құртпауға ант берген болса да,#21:2 Еш 9:15,19-21. Саул Исраил мен Яһуданың халқы үшін жан сала күресіп оларды толығымен құртып жіберуге тырысқан еді.#21:2 Олардың тұрған қаласы Гибеон Саулдың шыққан руының жер үлесінде орналасқан еді (Шеж1 8:29,33; 9:35,39).
3Дәуіт гибеондықтарға:
— Мен сендер үшін не істейін? Сендер Жаратқан Иенің меншікті еліне#21:3 20:19; Пат1 26:19. ақ бата берулерің үшін мен қалайша сол күнәнің құнын өтей аламын? — деген сауал қойды. 4Гибеондықтар оған:
— Саулдың әулетінен не күміс, не алтын талап етпейміз. Ал Исраилде біреуді өлтіруге еш құқымыз да жоқ! — деді. Осыны естіп, Дәуіт олардан:
— Онда өздерің үшін менің не істегенімді қалайсыңдар? — деп сұрады. 5Олар патшаға:
— Сол адам бізді толығымен құртып жіберуге тырысып, бүкіл Исраилде бізге бір табан жер де қалдырмауды көздеген еді.#21:5 4:2-3. 6Одан тараған ұрпақтардан жеті ер адам қолымызға тапсырылсын. Біз оларды Жаратқан Иенің алдында, Оның Гибеондағы тауында#21:6 (21:9; Рул 25:4) Немесе: Жаратқан Иенің таңдаулысы Саулдың мекені Гибеяда (21:9; Пат1 10:1,26). асып өлтірейік, — деді. Патша оларға:
— Мен соларды қолдарыңа тапсырамын! — деп сөз берді.
7Бірақ патша Жонатанның ұлы, Саулдың немересі Мепібосеттің өмірін сақтап қалды. Себебі Дәуіт және Саул ұлы Жонатан кезінде Жаратқан Иенің алдында бір-біріне ант беріскен болатын.#21:7 Пат1 18:3; 20:15,17,42; 23:18.
8Ал Саулдың Аях қызы Риспадан туған екі ұлы Армон мен Мепібосет,#21:8 Бұл Жонатан ұлы Мепібосеттен басқа (21:7). әрі Саулдың қызы Мераб пен мехолалық Барзилай ұлы Әдіриелдің бес ұлы бар болатын. Дәуіт патша оларды алдыртып, 9гибеондықтардың қолына тапсырды. Гибеондықтар бұларды тау басында Жаратқан Иенің алдында асып қойды. Сол жерде олардың жетеуі бірдей қазаға ұшырады. Бұл егін орағының алғашқы күндері, арпа жинау науқаны жаңа басталған кез болатын.
10Сонда Аях қызы Риспа қара мата алып, оны бір жартастың үстіне жайып өзіне пана жасап алды. Риспа егін орағының басынан бастап, аспаннан мәйіттерге жаңбыр жауған кезге дейін сол жерде отырды. Ол асулы тұрған мәйіттерге күндіз құстарды, түнде аңдарды жолатпады.
11Саул марқұмның кәнизагы Риспаның не істегені туралы хабар Дәуітке жетті. 12Содан Дәуіт барып, Ғилақадтағы Ябес қаласының адамдарынан Саул мен оның тұңғышы Жонатанның сүйектерін сұрап алды. Себебі Саулды Гелбуеде өлтірген күні філістірлер оның денесін Бет-Шанға апарып, қала алаңында іліп қойған болатын. Бірақ Ғилақадтағы Ябестің адамдары екеуінің мәйіттерін ілулі тұрған жерінен жасырын түрде шешіп алып, қалаларына әкелген еді.#21:12 Пат1 31:3,10-13. 13Енді Дәуіт сол жақтан Саул мен оның ұлы Жонатанның сүйектерін алып келді. Жаңадан асылып өлтірілгендердің мәйіттері де жиналып алынды. 14Бұлар және Саул мен Жонатанның сүйектері Бунямин жеріндегі Селада Саулдың әкесі Қиштың қабіріне қойылды. Мұның бәрі патшаның тапсырмасына сәйкес орындалды.
Осыдан кейін Құдай ел үшін жасалған мінажаттарды рақыммен қабылдады.#21:14 21:1,10; 24:25; Шеж2 7:13-14.
Філістір алыптарының күйреуі
15Філістірлер тағы да Исраилге қарсы соғыс ашқанда, Дәуіт өзінің жасақшыларымен бірге оларға қарсы жорыққа аттанды. Філістірлермен шайқасып жатқанда Дәуіттің әлі кетіп қалжырады. 16Сол сәтте алып Рафаның ұрпақтарының#21:16 Заң 2:10-11,20-21. Ишби-Беноб есімді біреуі Дәуітті өлтірмек болды. Сол алыптың сүңгісінің қола ұшының салмағы үш жүз мысқал#21:16 Шамамен 3,5 кг. болатын, ол беліне жаңа семсер буып алған екен. 17Бірақ Сарұяның ұлы Әбішай Дәуітке көмекке келді де, філістірге тап беріп, оны өлтіріп тастады. Сонда Дәуіттің адамдары одан өтініп: «Енді қайтып бізбен бірге ешқашан шайқасқа шықпасаңыз екен! Себебі Исраилдің шам-шырағын өшіруге болмайды!» — деп, бұларын антпен бекітті.
18Осыдан кейін філістірлермен жаңа бір шайқас Ғобтың маңында#21:18 Гәзер қаласының маңында (Шеж1 20:4). болды. Сол кезде хушалық Сипхай Рафаның алып ұрпақтарының тағы біреуі — Сафты жеңіп, көзін құртты.
19Ғобтың маңында філістірлермен болған басқа бір шайқаста бетлехемдік Жайыр#21:19 Осы есім Ягаре не Ягаре-Оргим деп те айтылады (Шеж1 20:5). ұлы Елханан ғаттық алып Ғолияттың бауырын өлтірді. Соның сүңгісінің сабы бақандай жуан#21:19 Яки: тоқымашының өрмегін керіп тұратын ағаштай жуан (Пат1 17:7; Шеж1 11:23; 20:5). болатын.
20Тағы басқа бір шайқас Ғат қаласының түбінде болды. Оған да өте ұзын бойлы бір адам қатысты. Соның аяқ-қолдарында алты-алтыдан, он екі саусағы мен он екі башайы бар еді. Ол да алып Рафаның ұрпағы болатын. 21Әлгі алып Исраилге тіл тигізіп оны қорлағанда, Дәуіттің ағасы Шаммахтың#21:21 (Пат1 16:9; Шеж1 2:9) Осы кісінің өзге аттары: Шимей, Сафай. ұлы Жонатан оны өлтіріп тастады.
22Осы төртеуі Ғаттағы алып Рафаның ұрпақтары болатын. Олар Дәуіт пен оның жасақшыларының қолдарынан мерт болды.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

Videos for Патшалықтар 2-ж. 21