YouVersion Logo
Search Icon

Патшалықтар 2-ж. 16

16
Сибаның көмегі әрі Шимейдің қарғауы
1Дәуіт зәйтүн тауының басынан сәл өте бергенде, оған Мепібошеттің қызметшісі Сиба кездесе кетті. Оның жанында екі жүз күлше нан, жүз-жүзден мейіз бен інжір бумалары және бір торсық шарап артылған, жұпталған бірнеше есегі бар еді. 2Патша Сибадан:
— Сен бұлармен не істемексің? — деп сұрады. Сиба:
— Есектер патшаның үй іші мінсін деп әкелінген, нан мен жемістер жігіттерге жеуге тағам, ал шарап елсіз далада жүріп, шаршағандардың күшін нығайтуға арналған, — деді. 3Патша:
— Ал мырзаңның ұлы Мепібосет қайда? — деп сұрағанда, Сиба мынадай жауап берді:
— Ол: «Бүгін Исраил халқы маған атам Саулдың патшалығын қайтарып береді!» деп Иерусалимде қалып қойды.#16:3 9:1-3,9-13; 19:24-30.4Сонда патша:
— Ендеше Мепібосеттің меншігінің бәрі сенікі болсын! — деді. Сиба:
— Алдыңызда бас иіп құлдық етемін, уа, патша ием. Лайым мейіріміңізге ие болсам екен, — деп алғысын білдірді.
5Дәуіт патша Бахуримге#16:5 Зәйтүн тауының шығыс беткейінде орналасқан буняминдік елді мекен (3:16; 17:18). таяп қалғанда, сол елді мекеннен Саулдың әулетіне жататын біреу шықты. Гера ұлы Шимей есімді сол адам патшаны қарғап-сілеп келе жатты. 6Шимей Дәуіт пен оның нөкерлеріне, екі жағынан да еріп келе жатқан адамдарына және мықты жауынгерлеріне тас лақтыра берді. 7Шимей қарғыс жаудырып былай деді:
— Кет, шық елден! Әй, қанішер, жексұрын! 8Сен Саулдың орнына патша болып алғаннан кейін оның әулетінің қанын төктің. Сол үшін#16:8 Шимей осында Әбенир мен Ишбосеттің қастандықпен өлтірілгендеріне (3:27-29; 4:5-12) және Саулдың жеті ұрпағының өлімге бұйырылғанына (21:1-14) сілтеген болса керек. Алғашқыларына Дәуіттің еш қатысы болмады, ал соңғы үкім Жаратқан Иенің еркіне сай болды. Жаратқан Ие сені жазалап отыр! Патшалықты ұлың Абессаломның қолына Жаратқан Ие алып берді. Сен кісі өлтірген қанішерсің, сондықтан да осы пәле басыңа түсіп отыр!
9Сонда Сарұяның ұлы Әбішай патшаға:
— Мына иттің өлімтігі#16:9 3:8; 9:8; Пат1 24:15. неге патша иемді қарғап балағаттауда?! Мен қазір-ақ барып, басын шауып тастайын! — деді. 10Бірақ патша оған былай деп тыйым салды:
— Жоқ! Сарұяның ұлдары, мұны маған не үшін айтасыңдар? Жаратқан Иенің Өзі «Дәуітті қарға!» деп айтқандықтан ол мені қарғаса, онда Шимейге ешкім де: «Қой, неге бұлай істейсің?» деп айта алмайды. — 11Дәуіт Әбішай мен барлық қызметкерлеріне мынаны қоса айтты: — Тіпті өзімнің туған ұлым жанымды алмақшы! Ендеше мына буняминдіктің#16:11 Буняминдік: Исраилдің бұрынғы патшалары Саул мен Ишбосеттің руласы. Шимей Саулдың өз әулетінен шыққан еді (16:5). мені қарғауына одан да көп себебі бар. Жаратқан Ие оған солай айтқандықтан, бұл кісіге тиіспеңдер! Мейлі, қарғай берсін!#16:11 12:10. 12Мүмкін, Жаратқан Ие менің көріп жатқан жәбіріме назар аударып, бүгін естіген қарғыстарымның орнына жақсылық сыйлар!
13Осылай Дәуіт пен оның адамдары сапарларын жалғастыра берді. Ал Шимей сайдың ар жақтағы беткейімен жол бойы қарғап, тас лақтырып, шаңды бұрқырата шашып, олардың арттарынан қалмай жүріп отырды. 14Патша мен оның қасында еріп жүрген барлық адамдары шаршап-шалдығып көздеген жерлеріне жетіп, тынығып демалуға аялдады.
Хушайдың Абессаломның сеніміне кіруі
15Абессалом Исраилдің барлық адамдарымен бірге Иерусалимге кіргенде, Ахитопел де оның қасында болды. 16Ал Дәуіттің досы әрі жеке кеңесшісі архилік Хушай Абессаломға кезігіп:
— Патша жасасын! Патша жасасын! — деп ұрандап қошеметтеді. 17Абессалом Хушайға:
— Досыңа#16:17 Яғни Дәуіт патшаға (15:32,37). деген адалдығың осы ма? Неге сен досыңмен бірге кетіп қалмадың? — деген сауал қойды. 18Хушай Абессаломға былай деп жауап берді:
— Керісінше, мен Жаратқан Иенің, мына халықтың және бүкіл Исраил елінің таңдап алған адамының жағындамын! Соған ғана қызметші болып, сонымен ғана қалғым келеді! 19Оның үстіне, баласына қызмет етпегенде, кімге қызмет етейін? Әкеңізге қалай қызмет еткен болсам, дәл солай сізге де қызмет етемін!
Абессаломның әкесінің кәнизактарымен бірге болуы
20Абессалом Ахитопелге:
— Ақылыңды айтшы, енді не істеуіміз керек? — деген сұрақ қойды. 21Ахитопел:
— Әкеңіздің сарайды қарасын деп қалдырып кеткен кәнизактарына барып, олармен жатып шығыңыз. Сонда бүкіл Исраил сіздің әкеңізді әбден қорлап, онымен ешқашан татуласпайтыныңызға көз жеткізетін болады. Осылайша өз жақтастарыңыздың бәрі де жігерленіп нығая түседі, — деп жауап қайырды. 22Сөйтіп Абессалом үшін үйдің жалпақ төбесінде шатыр тігілді. Ол бүкіл Исраилдің көз алдында соған кіріп, әкесінің кәнизактарымен бірге болды.#16:22 Осылай Абессалом өзінің әкесінің орнын басқанын да ашық көрсетті (12:8,11-12).
23Сол кездері жұрт Ахитопелдің берген кеңестеріне Құдайдың айтқан сөзіндей қарайтын. Дәуіт те, Абессалом да Ахитопелдің ақыл-кеңесін солай санайтын.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

Videos for Патшалықтар 2-ж. 16