YouVersion Logo
Search Icon

Патшалықтар 2-ж. 15

15
Абессаломның қастандық әрекеті
1Осыдан кейін Абессалом өзіне соғыс күймесін, оған жегілетін аттар және алдында жүгіріп жүретін елу адамды#15:1 Пат1 8:11; Заң 17:16. жинады. 2Абессалом таңертең ерте тұрып алып, қала қақпасына апаратын жолда тұратын еді. Өзінің бір ісімен патшаның сотына жүгінуге біреу бара жатса, Абессалом оны шақырып алып: «Қай қаладансың?» — деп сұрайтын. Сол адам өзінің Исраилдің қай руынан екенін айтқанда, 3Абессалом оған: «Бұл істе шындық пен әділдік сенің жағыңда екенін көріп тұрмын. Бірақ патшаның сені тыңдар ешкімі жоқ!» — дейтін еді. 4Абессалом бұған тағы мынаны да қосатын: «Шіркін, мені елге төреші етіп тағайындаса ғой! Сонда арыз-шағымы не даулы ісі бар кез келген адам маған келе алар еді. Ал мен оның ісін әділдікпен шешкен болар едім!»
5Біреу оның алдына келіп, басын жерге тигізе жығылса, Абессалом қолын созып, оны бауырына тартып құшақтап сүйетін. 6Патшаның сотына әділдік іздеп келген әрбір исраилдікпен ол осылай істейтін. Сөйтіп Абессалом Исраилдің күллі ер азаматтарының жүректерін жаулап алды.
7Төрт#15:7 Немесе: Қырық (яки: Көп). жыл өткеннен кейін, Абессалом патшаға мына өтінішін білдірді:
— Маған Хебронға барып, Жаратқан Иеге антпен берген уәдемді орындауға рұқсат берсеңіз екен. 8Себебі Арама өлкесіндегі Гешурде тұрған кезінде алдыңыздағы қызметшіңіз: «Егер Жаратқан Ие мені Иерусалимге қайтарса, мен Оған Хебронда сиынып ғибадат етемін» деген уәде берген болатын. — 9Патша:
— Аман-есен бара ғой, — деп рұқсат берді. Сонда Абессалом жиналып, Хебронға бет алды.
10Алайда Абессалом бүкіл Исраилдің барлық руларына астыртын тыңшыларын жіберіп: «Керней даусын естігенде, «Абессалом Хебронда патша болды!» деп жар салыңдар!» — деген сәлемін таратқызды.
11Абессаломның жанында еріп жүрген иерусалимдік екі жүз адам бар еді. Олар шақыруды қабылдағанмен, оның астыртын мәні жайлы мүлдем бейхабар болатын. 12Абессалом құрбандықтарын ұсынып жатқан кезде, Дәуіттің кеңесшісі ғилолық Ахитопелге адам жіберіп, оны тұрған қаласы Ғилодан алдыртты. Абессаломды қолдаған адамдардың саны өсе бергендіктен, олардың астыртын іс-әрекеттері де күшейе түсті.
Дәуіттің өз баласынан қашып бас сауғалауы
13Бір хабаршы Дәуітке келіп оған: «Исраилдің адамдары Абессаломның жағына шығып кетіпті!» — дегенді айтты.
14Дәуіт Иерусалимде қасында болғандардың бәріне:
— Жиналыңдар, бізге қашып кету керек! Әйтпесе Абессаломнан ешқайсымыз құтыла алмай қалармыз! Тез кетейік! Ол тұтқиылдан шабуылдап, қаланы иемденіп алып, тұрғындарының барлығын семсермен қырып жүрер! — деп бұйырды. 15Патшаның нөкерлері:
— Патша иеміз не шешсе де, біз соны орындаймыз, — деді.
16Патша өзінің бүкіл үй ішімен жолға шығып, тек сарайды қадағалауға он кәнизагын#15:16 5:13. қалдырып кетті. 17Патша соңынан бүкіл халқын ертіп шығып, біраз жер жүргеннен кейін бір үйдің жанына келіп тоқтады. 18Патшаның барлық қызметшілері, кереттіктер мен пелеттіктер, әрі өзіне Ғаттан еріп келген алты жүз ғаттық жасақшы оның алдынан өтті. 19Сонда патша ғаттық Іттайға:
— Бізбен неге келе жатырсың? Кері қайтып, патшамен бірге бол! Өзің жат жерліксің, оның үстіне өз еліңнен жер аударылғансың. 20Сенің келгенің күні кеше ғана. Ал бүгін қайда барарымды өзім де білмей тұрғанымда, сені өзімізбен бірге тентіретуге қалайша мәжбүрлей аламын? Қой, қайт, қасыңдағы ағайындарыңды да өзіңмен бірге ала кет. Лайым Жаратқан Ие саған жар болып, берік мейірімін таныта көрсін! — деді. 21Бірақ Іттай патшаға:
— Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында және патша иемнің алдында шын айтамын: патша ием өлімге болсын, өмірге болсын, қайда барса да, алдыңыздағы қызметшіңіз де сол жерде болады! — деп ант етті. 22Сонда Дәуіт Іттайға:
— Онда өтіп, алға шық! — деді. Осылай ғаттық Іттай, оның барлық адамдары мен отбасылары патшаның алдынан өтіп, алға түсіп жүрді.
23Осы адамдардың бәрі патшаның алдынан өтіп бара жатқанда, сол аймақтың бүкіл халқы қатты дауыстап жылап тұрды. Ақыры патша да Қидрон сайынан өтіп, барлық адамдарын ертіп елсіз даланың жолына қарай бет алды.
24Бас діни қызметкер Садық пен оның қасындағы Құдайдың Келісім сандығын#15:24 6:13; 8:17. көтеріп алып келе жатқан леуілік діни қызметкерлер де сол жерде болды. Олар Құдайдың сандығын жерге қойып, Абиятар халық қаладан шығып болғанша Құдайға арнап құрбандықтар шалып, өртеп ұсынып тұрды.
25Мұнан кейін патша Садыққа былай деді: «Құдайдың сандығын қалаға қайтарыңыз. Егер Жаратқан Ие маған рақым етсе, онда мені қайтып әкеліп, Келісім сандығын да, Өзінің (жер бетіндегі) тұрағын да көруіме мүмкіндік береді. 26Ал егер Ол маған: «Саған риза емеспін!» десе, онда Ол Өзінің қалауымен маған не істесе де, соған дайынмын. — 27Патша діни қызметкер Садыққа тағы былай деді: — (Осылай дұрыс екенін) көресіз бе?#15:27 Немесе: Сіз көріпкелсіз бе? (24:11; Пат1 9:6-9; 23:9-12) Өзіңіз және Абиятар екеуіңіз де ұлдарыңызды ертіп алып, аман-есен қалаға қайта оралыңыздар! 28Ал мен Иордан алқабындағы елсіз далада өзен өткелдерінің маңында сіздерден хабар келгенше тосып тұрамын».
29Сонымен Садық пен Абиятар Құдайдың сандығын алып, Иерусалимге қайта оралып, сонда қалды.
Кеңесші Хушайдың Дәуітті құпия түрде қолдауы
30Ал Дәуіт басын жауып алып, жалаң аяқ жылаған күйі Зәйтүн тауына жоғары өрлеп бара жатты. Оның қасындағы адамдары да бастарын жауып алып, еңіреп жылап сол жолмен жоғары көтеріле берді. 31Біреу Дәуітке Ахитопелдің де Абессаломмен ауыз жаласқандығы туралы хабарлады. Сонда Дәуіт: «Уа, Жаратқан Ие, Ахитопелдің беретін ақылын ақымақтыққа айналдыра гөр!» — деп дұға етті.
32Осылайша Дәуіт халық Құдайға ғибадат ететін тау басына#15:32 Яғни Зәйтүн тауының басына (15:30; 16:1). жетті. Сол жерде көйлегінің өңірі айыра жыртылған, басына топырақ сеуіп алған өзінің досы архилік Хушай оның алдынан шықты. 33Дәуіт Хушайға былай деп нұсқау берді: «Егер менімен жүрер болсаң, маған масыл боласың. 34Одан да қалаға барып, Абессаломға: «Мен сізге қызмет етуге даярмын, уа, патша ағзам. Бұрын әкеңізге қызмет еткен едім, ал енді сізге қызмет етемін!» де. Осылай Ахитопелдің кеңесін шатастырып, маған көмектесесің. 35Діни қызметкерлер Садық пен Абиятар да қалада болады. Сарайдан не естісең, соның бәрін де Садық пен Абиятарға хабарлайтын бол. 36Садықтың Ахимағас және Абиятардың Жонатан есімді ұлдары өздерінің қастарында. Естіген жаңалықтарыңның бәрін солар арқылы маған жеткізіп тұр».
37Дәуіттің досы әрі жеке кеңесшісі#15:37 15:32; 16:16; Пат3 4:5; Шеж1 27:33. Хушай қалаға Абессалом енді ғана Иерусалимге кірейін деп жатқан кезде жетті.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

Videos for Патшалықтар 2-ж. 15