YouVersion Logo
Search Icon

Патшалықтар 2-ж. 17

17
Хушайдың Ахитопел жасаған жоспарды бұзуы
1Ахитопел Абессаломға тағы былай деді:
— Маған он екі мың адамды таңдап алып, бүгін түнде Дәуіттің соңына түсуіме рұқсат етіңіз. 2Оған қазіргі әлсіз әрі шаршап-шалдыққан кезінде шабуылдап, зәресін ұшырайын. Сонда қасындағы барлық жасағы қашып кетіп, мен тек жалғыз патшаны ғана құртамын. 3Ал қасындағы бүкіл жасақты өзіңізге қайтарып алып келемін. Сіз тек осы адамды ғана іздеп жүрсіз ғой. Осылайша бүкіл халық аман-есен болады.
4Бұл кеңес Абессаломға және Исраилдің барлық рубасыларына ұнады. 5Әйтсе де Абессалом: «Архилік Хушайды шақырыңдар! Оның да не айтатынын тыңдап көрейік!» — деді. 6Хушай келген кезде Абессалом оған:
— Ахитопел осы кеңесті беріп отыр. Оның айтқандарын орындайық па? Егер жоқ десең, өз ойыңды айт! — деді. 7Сонда Хушай Абессаломға былай деді:
— Ахитопелдің сізге осы жолы берген кеңесі онша жақсы емес. 8Әкеңнің, оның адамдарының мықты жауынгер екенін, соғысқан кезде олар далада қонжықтарынан айырылған ұрғашы аю сияқты қаһарланатынын білесіз. Оның үстіне, әкеңіз — тәжірибелі жауынгер, ол жасағынан бөлек түнейтін болар. 9Ол тіпті қазір де қандай да бір үңгірде немесе әйтеуір бір жерде тығылып отырған шығар. Егер ол әскеріңізге бірінші болып шабуыл жасап, адамдарыңыздың бірқатары қаза тапса, оны естігендер: «Абессаломның соңынан еріп жүрген жасақ ойсырай жеңіліпті!» дейтін болады. 10Сонда жүрегінің түгі бар ең батыл деген жауынгеріңіздің де зәресі ұшады. Себебі бүкіл Исраил сіздің әкеңіздің нағыз батыр және оның қасындағылардың мықты жауынгерлер екенін жақсы біледі.
11Сондықтан менің сізге беретін ақылым мынау: Сонау (солтүстіктегі) Дан мен (оңтүстіктегі) Бер-Шебаның арасындағы бүкіл Исраил елінің теңіз жағалауындағы құм қиыршықтары іспетті сансыз көп ер адамдары жаныңызға жиналсын! Сіз өзіңіз оларды шайқасқа бастап шығыңыз! 12Сонда ол қай жерде болса да, біз оған бас салып, жерге құйылған жауындай жаппай тап берейік! Онда оның өзі де, қасындағы адамдарының ешқайсысы да тірі қалмайды. 13Ал егер ол бір қалаға шегінсе, бүкіл Исраил сол қалаға арқандарын алып келсін. Біз тасының бірде-бір қиыршығы қалмағанша қаланы сайға қарай сүйреп құлатайық!
14Сонда Абессалом мен бүкіл Исраилдің адамдары:
— Архилік Хушайдың берген кеңесі Ахитопелдікінен жақсы екен! — десті. Жаратқан Ие Абессаломды күйрету үшін осылайша Ахитопелдің дана кеңесін іске асыртпай кедергі жасауға бұйырған болатын.
Хушайдың Дәуітке жіберген құпия хабары
15Бұдан кейін Хушай діни қызметкерлер Абиятар мен Садыққа мына хабарды жеткізді: «Абессалом мен Исраилдің рубасыларына Ахитопел солай деп кеңес берді, ал мен бұлай деп кеңес бердім. 16Жедел Дәуітке адам жіберіп, оған мынаны ескертіңіздер: Елсіз даладағы Иорданның өткелдерінің маңында түнемеңіз. Қайткен күнде де өзеннен тезірек өтіңіз! Әйтпесе патша мен оның қасындағы барлық жасағы жойылып кетуі мүмкін».
17Жонатан мен Ахимағас осы кезде қала сыртындағы Ен-Рогел атты қайнар көздің маңында болатын. Бір қызметші қыз оларға хабар әкеліп тұратын. Екі жігіт сол хабарды Дәуіт патшаға жіберетін. Біреу-міреу танып қояр деп екі жігіт қалаға кірмеді. 18Бір бозбала оларды бәрібір байқап қалып, сол туралы Абессаломға айтып барды. Сондықтан олар сол жерден тездетіп кетіп, Бахуримдегі біреудің үйіне бас сауғалады. Сол кісінің ауласында бір құдық бар еді. Олар соның ішіне түсіп жасырынып қалды. 19Үй иесінің әйелі құдықтың аузын жабынмен жауып, үстіне жарма төгіп тастады. Бұл жайт ешкімге аян болмады.
20Абессаломның жасақшылары оларды іздеп сол үйге келгенде, әйелден:
— Ахимағас пен Жонатан қайда? — деп сұрады. Әйел:
— Олар судан өтіп кетті, — деп жауап берді. Жасақшылар іздеп-іздеп, ешкімді таба алмай, Иерусалимге қайта оралды.
21Бұлар кетіп қалғаннан кейін әлгі екі жігіт құдықтан шығып, тездетіп Дәуіт патшаны ескертуге кетті. Олар Дәуітке барып: «Жедел жиналып, өзеннен өтіп кетіңіз! Ахитопел сізге қарсы осындай да осындай кеңес берді!» — деген хабарды жеткізді. 22Мұны ести салысымен Дәуіт пен оның қасындағы бүкіл халық жиналып, Иорданнан өте бастады. Таң атқанда өзеннен өтпеген бірде-бір адам қалмады.
23Ал өз кеңесінің іске аспағанын көрген Ахитопел есегін ерттеп, өзі тұратын қаладағы үйіне кетіп қалды. Сонда жеткеннен кейін үй ішіне соңғы өсиеттерін табыстап, асылып өлді. Оның мәйіті әкесінің қабіріне қойылды.
24Осы екі арада Дәуіт Маханайымға жетті. Кейінірек Исраилдің күллі жауынгерлерін бастап, Абессалом да Иорданның шығыс жағына өтіп келді. 25Абессалом Жоғабтың орнына Амасаны әскер қолбасшысы етіп тағайындаған болатын. Амасаның шешесі Әбигел Нахаштың қызы және Жоғабтың шешесі Сарұяның сіңлісі еді. Амасаның әкесі Етер есімді ізрелдік#17:25 Немесе: исраилдік, яки: ысмағұлдық (Шеж1 2:16). болатын. 26Абессалом басқарған Исраил жасағы Ғилақад елінде қостарын тікті.
27Дәуіт Маханайымға жеткенде, аммондықтардың Рабба қаласынан Нахаш ұлы Шоби,#17:27 10:1-2; 12:29-30. Лодыбардан Әмиел ұлы Махыр,#17:27 9:4. Рогелимнен ғилақадтық Барзилай#17:27 19:31-32. келді. Олар: 28«Елсіз далада жүргенде осы адамдар ашығып, шаршап-шалдығып, шөлдеп қалды ғой!» — деп ойлап, көрпе-көпшік пен ыдыс-аяқ әкелді. Олар, сондай-ақ, Дәуіт пен оның қасындағыларға ішіп-жеуге бидай, арпа, ұн, қуырылған дәнді дақылдар, бұршақ, жасымық, 29бал, айран, қой-ешкілер және сиыр сүтінен жасалған ірімшік алып келді.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

Videos for Патшалықтар 2-ж. 17