YouVersion Logo
Search Icon

Патшалықтар 4-ж. 13

13
Солтүстік Исраилдің патшасы Жоғахаз
1Яһуда еліне Охозияхтың ұлы Жоғас патшалық құрған жиырма үшінші жылы Еху ұлы Жоғахаз Самарияда Солтүстік Исраилдің патшасы болды. Ол он жеті жыл бойы билік жүргізді. 2Жоғахаз Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп, Набат ұлы Еробоғамның Солтүстік Исраилдің халқын азғырған күнәларына#13:2 Пат3 12:28-33. еліктеп, соларды жасаудан ешқашан бас тартқан жоқ. 3Сол себепті Жаратқан Иенің қаһары Солтүстік Исраилге қарсы лап етті. Ол елді ұзақ уақыт бойы Арама патшасы Хазаилден және оның ұлы Бен-Хададтан жеңіле беретін етті.
4Сонда Жоғахаз патша Жаратқан Иенің рақым етуін жалбарына сұрап сиынды. Жаратқан Ие оған құлақ асты, өйткені Ол Арама патшасының Солтүстік Исраилді аяусыз қанай бергенін көрген болатын. 5Сондықтан Жаратқан Ие Солтүстік Исраилге бір құтқарушыны жіберді.#13:5 13:17,22-23,25. Соның бастауымен исраилдіктер Араманың бұғауынан босап, қайтадан өз үйлерінде қауіпсіз тұратын болды. 6Әйтсе де олар Еробоғам әулетінің Исраилге енгізіп кеткен күнәларынан бас тартпай, соларын жалғастыра берді. Самария қаласында жалған тәңір Ашераға арнап орнатылған ағаш бағана да сол күйі тұра берді.#13:6 Пат3 12:28-33; 16:33; 18:19; Заң 16:21.
7Ақырында Жоғахаздың әскерінен бар болғаны елу салт атты, он соғыс күймесі және он мың жаяу жасақшысы ғана қалды. Себебі басқа жауынгердің бәрін Араманың патшасы қырып-жойып, табанымен таптағандай талқандаған еді.
8Жоғахаздың қалған барлық іс-әрекеттері мен қажыр-қайраты туралы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. 9Жоғахаз көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті Самария қаласындағы қабірге қойылды. Оның ұлы Жоғас#13:9 Осы есім Иоас, Иоаш және Ехоаш деп те жазылады. орнын басып патша болды.
Солтүстік Исраилдің патшасы Жоғас
10Яһуда еліне (Охозиях ұлы) Жоғас патшалық құрған отыз жетінші жылы Жоғахаз ұлы Жоғас Самария қаласында Солтүстік Исраилдің патшасы болды. Ол он алты жыл бойы билік жүргізді. 11Жоғахаз ұлы Жоғас Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп, Набат ұлы Еробоғамның Солтүстік Исраилдің халқын азғырған күнәларының бірде-біреуінен бас тартпай, оларды жасауын жалғастыра берді.
12Жоғастың қалған барлық іс-әрекеттері және оның Яһуда патшасы Амасияхқа қарсы қажыр-қайратпен жүргізген соғысы#13:12 14:11-14. туралы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. 13Жоғас көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, (оның ұлы) Еробоғам#13:13 Яғни Еробоғам ІІ (14:23). тағына отырып патша болды. Жоғастың мәйіті Самарияда Солтүстік Исраил патшаларының жанына қабірге қойылды.
Еліше пайғамбардың ақырғы кереметтері және дүние салуы
14Еліше пайғамбар ауырып хал үстінде жатқанда, көңілін сұрай келген Солтүстік Исраилдің патшасы Жоғас көзіне жас алып:
— Әкем-ау, әкем! Исраилді қорғаушы әрі жетелеуші!#13:14 2:12. — деп қайғырды. 15Ал Еліше оған:
— Қолыңа садақ пен жебелер ал! — деп нұсқады. Патша оларды қолына алғанда 16Еліше оған: — Ал енді, атуға дайындалып, садағыңды тарт! — деп тапсырды. Ол садағын тартып жатқан кезде Еліше өзінің қолдарын патшаның қолдарының үстіне қойды. 17Еліше: «Шығысқа қарап тұрған терезені аш!» — деп бұйырды. Патша оны ашқанда, Еліше: «Енді ат!» — деді. Сонда Жоғас атып жіберді. Пайғамбар: «Бұл жебе Жаратқан Иенің жеңіс сыйлайтынын әрі елді Арамадан құтқаратынын бейнелейді! Сен арамалықтарды Әфектің маңында толығымен талқандайсың!» — деп түсіндірді. 18Содан соң ол тағы да: «Жебелерді ал!» — дегенде, патша жебелерді алды. Еліше оған: «Солармен жерді соққыла!» — деп тапсырды. Ол жерді үш рет соқты да, тоқтай қалды. 19Құдайдың пайғамбары бұған ашуланып: «Сен жерді бес немесе алты рет соғуың қажет еді! Сонда Арамаға соққы бергенде, оны толығымен талқандаған болар едің. Бірақ сен енді Арамаға тек үш рет қана соққы беретін боласың», — деді. 20Бұдан кейін Еліше қайтыс болып, қабірге қойылды.
Сол кездері моабтықтардың жасақшылар топтары жыл сайын көктем кезінде елге баса-көктеп кіріп жүретін еді. 21Бір күні біреуді қабірге қойып жатқан исраилдіктер осындай тонаушы топты байқап қалды. Олар адамның мәйітін тездетіп Елішенің қабіріне#13:21 Сол заманда қабірлердің көбі үңгірлердің ішінде болатын (Жар 23:9). лақтыра салып, қаша жөнелді. Сонда Елішенің сүйектерімен жанасқан мәйітке жан бітіп, адам қайта тіріліп, аяғына тік тұрды.
Солтүстік Исраилдің Араманы жеңіп шығуы
22Солтүстік Исраилге Жоғахаз патшалық құрған барлық кезде Арама патшасы Хазаил елге зорлық-зомбылық көрсеткен болатын.#13:22 8:12; 12:17-18; 13:3. 23Ал Жаратқан Ие исраилдіктерге рақымды да шапағатты болып Ыбырайым, Ысқақ, Жақыппен жасаған Келісіміне бола оларға мейірімімен назарын аударды. Жаратқан Ие бүгінгі күнге дейін оларды не құртқысы, не Өзінің алдынан аластатқысы да келмейді. 24Арама патшасы Хазаил қайтыс болып, оның ұлы Бен-Хадад орнына патша болды. 25Хазаил кезінде Жоғастың әкесінен тартып алған қалаларды Жоғас енді Бен-Хададтан өз билігіне кері қайтарып алды. Себебі Жоғас Бен-Хададты үш рет жеңіп шығып,#13:25 13:19. сол исраилдік қалаларды еліне қайтадан қосты.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in