YouVersion Logo
Search Icon

Шежірелер 2-ж. 20

20
Құдайға сенген Жосапаттың үш әскерді жеңіп шығуы
1Осылардан кейін моабтық пен аммондық әскерлері бірсыпыра меундіктермен#20:1 Меундіктер: ежелде Едом халқымен көршілес болып Өлі теңіздің оңтүстік жағындағы Сейір тауларын мекендейтін тайпа (20:10; 26:7; Шеж1 4:41). Немесе: бірсыпыра мағондықтар (Бил 10:12). қосылып, Жосапат патшаға қарсы соғысқа шықты.
2Бірнеше адам Жосапаттың алдына келіп, мына хабарды жеткізді: «Сізге қарсы Өлі теңіздің оңтүстік жағындағы Едом елінен үлкен қол келе жатыр! Қазірдің өзінде олар Хасасон-Тамарға жетіп қалды!» Сол жер Ен-Геді деп те аталатын.#20:2 Өлі теңіздің батыс жағасындағы шұрат (оазис) (Жар 14:7; Пат1 24:1; Езк 47:10). 3Жосапат қатты қауіптеніп Жаратқан Иеге бет бұрып, Оның еркін сұрап сиынды. Патша, сондай-ақ, бүкіл Яһуда елінде ораза тұту керек деген жарлық та шығарды. 4Сонда Яһуда халқы Жаратқан Иеден көмек сұрау үшін елдің күллі қалаларынан ағылып келіп, Иерусалимге жиналды.
5Жосапат Яһуда мен Иерусалим халқының жиналысында Жаратқан Иенің киелі үйінің жаңа ауласында тұрып, былай деп дұға етті: 6«Уа, Жаратқан Ие, ата-бабаларымыздың сиынған Құдайы! Көктегі Құдай Сен емессің бе? Барлық халықтардың патшалықтарына Сен билік жүргізесің. Күш-қуат пен құдірет Сенің қолыңда, ешкім де Саған қарсы тұра алмайды. 7Уа, Құдайымыз, осы елдің бұрынғы тұрғындарын өз халқың Исраилдің алдынан қуып шығып, елді өз досың Ыбырайымның#20:7 Жар 12:1-3; 15:1,4-7; 17:7-8; 18:17-19; Иш 41:8. ұрпақтарына мәңгілікке табыстаған Сен емессің бе? 8Содан халқың осы елге қоныстанып, Сенің есіміңе арнап мына киелі үйді салды да, Саған былай деп сиынды: 9«Егер басымызға бір апат: соғыс, індет немесе аштық түсе қалса, осы киелі үйіңе келіп, Сенің алдыңда тұратын боламыз. Өйткені осы үй Сенің атыңмен аталған. Біз қиыншылық көріп, Саған жалбарынған кезімізде Сен бізді естіп, құтқаратын боласың».#20:9 Түп атасы Сүлеймен патшаның мінажатына сілтеме (6:14-42; 7:12-22).
10Ал енді, Аммон мен Моаб елдерінен және Сейір тауынан аттанып келген сол жасақшылардың не істеп жатқандарына назар аудара көрші! Ежелде Исраил халқы Мысырдан көшіп шыққанда Сен халқыңа сол ұлттардың жерлеріне басып кіруге тыйым салғансың. Халқың сырт айналып өтіп, соларды құртып жібермеді. 11Енді, міне, солардың ұрпақтары біздің жақсылығымызға жамандықпен жауап беріп отыр. Өзің бізге мұралық меншігіміз болуға табыстаған Сенің осы еліңнен олар бізді қуып шығу үшін аттанып келе жатыр! 12Уа, Құдайымыз, Сен оларға үкім шығара гөр! Бізге қарсы аттанып келе жатқан осы ғаламат зор тобырдың алдында әлсізбіз. Не істерімізді білмей, Саған қарап Өзіңе үміт артамыз».
13Осы кезде Яһуданың күллі халқы кішкентай нәрестелері, әйелдері және балаларымен бірге Жаратқан Иенің алдында тұрды. 14Сонда Жаратқан Иенің Рухы жамағаттың ортасында тұрған Яхазиелге қонды. Асафтың үрім-бұтағынан шыққан сол леуілік Маттанияхтың шөпшегі, Игиелдің шөбересі, Бенаяхтың немересі, Зәкәрияның ұлы еді. 15Яхазиел жамағатқа тіл қатып былай деді:
— Тыңдаңдар, бүкіл Яһуда мен Иерусалимнің тұрғындары! Жосапат патша, сіз де тыңдаңыз! Жаратқан Ие мынаны айтады: Сол қалың тобырдан үрейленіп қорықпаңдар! Бұл шайқасты сендер емес, Құдайдың Өзі жүргізеді!#20:15 32:7-8; Заң 20:1-4; Пат1 17:47.
16Ертең оларға қарсы шығыңдар! Олар Систегі өрлеу жолымен келе жатыр. Еруел даласына апаратын сайдың соңына таман оларды кездестіресіңдер. 17Осы жолы шайқасатын сендер емессіңдер. Тек сол жерге барып, берік тұрыңдар! Сонда Жаратқан Иенің өздеріңді құтқаруын көресіңдер, уа, Яһуда мен Иерусалим халқы! Үрейленіп қорықпаңдар! Ертең оларға қарсы шығыңдар! Жаратқан Ие сендермен бірге жүріп жар болады.#20:17 15:2; Мыс 14:13.
18Сонда Жосапат басын жерге дейін иді, жиналған Яһуда мен Иерусалим халқы да Жаратқан Иенің алдында етпетінен жерге жатып, Оны дәріптеді. 19Қахат пен Қорахтан тараған леуіліктер біраздан кейін орындарынан тұрып, Исраилдің Құдай Иесін бар дауыстарымен мадақтай берді.
20Яһуда жасағы келесі күні ерте тұрып, Текоя#20:20 11:6; Пат2 14:2; 23:26. маңындағы елсіз далаға шықты. Шығып бара жатқан кезде Жосапат оларға тіл қатып былай деді: «Уа, Яһуда мен Иерусалимнің тұрғындары, сөзіме құлақ салыңдар! Құдайларың Жаратқан Иеге сенім артыңдар! Сонда берік боласыңдар. Оның пайғамбарларына да сеніңдер! Сонда табысқа жетесіңдер!» — 21Патша халықпен кеңесіп алып, әскердің алдында жүретін әншілерді тағайындаған еді. Арнайы салтанатты киім киіп алған олар Жаратқан Иеге ән-жырмен мақтау айтып жүрді: «Мадақтаңдар Жаратқан Иемізді, мәңгіге ұласады Оның мейірімі!»#20:21 Жыр 105:1; Шеж1 16:34,41.
22Олар қуанышты да лепті үнмен ән-жыр айтып, мадақтай бастаған сәтте Жаратқан Ие Яһуда еліне қарсы Аммон мен Моаб елдерінен және Сейір тауынан аттанып келген жауынгерлерге тұтқиылдан тап беріп, олардың өз араларында келіспеушілік туғызды. Содан олар талқандалды. 23Себебі аммондық және моабтық жасақшылар Сейір тауын мекендейтін жасақшыларға жолда бас салып, оларды қырып тастады. Соларды құртып болған соң, олар өзара да шайқасып, бір-бірін құртып жоя бастады. 24Яһудалықтар шөл даладағы бақылау мұнарасына жетіп, жау тобырына көз тастағанда, олардың бәрінің жерде сұлап жатқан денелерін көрді. Бірде-біреуі қашып құтылмапты. 25Жосапат пен қасындағы әскері олардан қалғанды олжалауға келгенде, мол құрал-сайман, киім-кешек және өзге де құнды заттардың үстінен түсті. Олар бұларды көтеріп жүре алғандарынша әкетті. Олжаның көп болғаны сонша, оның бәрін жинап, тасып әкетуге үш күн қажет болды. 26Төртінші күні халық Бераха аңғарында жиналды. Сол жерде олар Жаратқан Иені мадақтап, ризашылықтарын білдірді. Сондықтан осы аңғар күні бүгінге дейін Бераха (яки Мадақ, Береке) деп аталып келеді. 27Содан соң Яһуда мен Иерусалимнің адамдары Жосапаттың соңынан еріп, зор қуанышпен Иерусалимге қайта оралды. Себебі Жаратқан Ие халқының жауларын жеңіп, оларды шаттыққа кенелткен еді. 28Олар Иерусалим қаласына кіріп, Жаратқан Иенің киелі үйіне барғанда, леуіліктер шертерде, жетігенде ойнап, керней тартумен болды. 29Күллі елдер мен патшалықтар Исраилдің жауларына қарсы Жаратқан Иенің Өзі соғысқанын естігенде қатты қорқып қалды. 30Содан Жосапаттың патшалығындағы халық бейбіт өмір сүрді. Себебі Құдай оларды барлық жағынан қорғап, тыныштық сыйлады.#20:30 14:6-7; 15:15.
Жосапаттың өмірінің соңы
31Жосапат Яһуда еліне осылайша билік жүргізді. Патша болған кезде ол отыз бес жаста еді. Жосапат Иерусалимде жиырма бес жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні Сілхи қызы Азуба болатын.
32Жосапат әкесі Асаның жолымен жүріп, одан еш таймай, Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеді. 33Алайда оның заманында биіктеу жерлердегі табыну орындары қиратылмай қала берді. Халық ата-бабаларының сиынған Құдайына әлі де шын жүректен сенімдерін артпаған еді.
34Жосапаттың қалған іс-әрекеттері басынан аяғына дейін Ханани ұлы Еху пайғамбардың#20:34 19:2. жылнамаларында баяндалған. Олар «Исраилдің патшаларының кітабына»#20:34 16:11; 25:26; Шеж1 9:1. енгізілген.
35Кейінірек Яһуда патшасы Жосапат Солтүстік Исраилдің көп зұлымдық жасаған патшасы Охозияхпен#20:35 Пат3 22:52-53; Пат4 1:2-4,9. одақтасты. 36Жосапат онымен келісіп, алысқа#20:36 Немесе: Тарсиске (9:21-дегі түсініктемені қ.). жүзіп бара алатын үлкен сауда кемелерін жасатты. Мұны (Қызыл теңіздің бір шығанағында орналасқан) кеме тоқтайтын Есион-Гәбер#20:36 Пат3 9:26; 22:48. қаласында істетті. 37Ал марешалық Додауа ұлы Елиезер Жосапатқа Құдайдың хабарын жеткізіп: «Сіздің Охозияхпен одақтасқаныңызға бола Жаратқан Ие осы ісіңізді құртатын болады!» — деді. Содан кемелер апатқа ұшырап, алыс сапарға шыға алмай қалды.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in