YouVersion Logo
Search Icon

Шежірелер 2-ж. 11

11
Шемаях пайғамбардың Рохабоғамды соғыс ашудан сақтандыруы
1Рохабоғам Иерусалимге қайтып келген соң, (Солтүстік) Исраилге қарсы аттанып, бүкіл патшалықты өзіне қайтарып алмақ болды. Сол үшін Яһуда мен Бунямин халқынан бір жүз сексен мың таңдаулы сарбазын жинады.
2Бірақ Құдай Ие Өзінің таңдаған адамы Шемаяхқа сөзін арнап былай деді: 3«Яһуданың патшасы Сүлеймен ұлы Рохабоғамға және Яһуда мен Буняминнің жерлерінде тұратын исраилдіктерге тіл қатып былай де: 4Жаратқан Ие мынаны айтады: Жорыққа аттанып, өз ағайындарыңмен соғыспаңдар! Барлығың да үйлеріңе қайтыңдар! Себебі мұны істеп отырған Өзіммін!»
Сонда олар Жаратқан Иенің сөздеріне құлақ асып, Еробоғамға қарсы аттанған жорықтан кері қайтты.
5Рохабоғам Иерусалимде тұрып, Яһуда елін қорғау үшін бірнеше қалаларда қамалдар салды. 6Олар: Бетлехем, Етам, Текоя, 7Бет-Сұр, Соқо, Адуллам, 8Ғат, Мареша, Зиф, 9Адораим, Лахыш, Әзека, 10Сора, Аялон, Хеброн. Осы қамалды қалалар Яһуда мен Бунямин руларының жерінде орналасқан. 11Рохабоғам сол қалалардың бекіністерін күшейтіп, қолбасшыларын тағайындап, оларда азық-түлік, зәйтүн майы және шарап қорларын дайындады. 12Сонымен қатар ол барлық қалаларды қалқан, найзалармен жабдықтап, мықтап бекітті. Осылай Яһуда мен Бунямин рулары Рохабоғамның билігінде қалды.
Леуіліктердің Құдайға адалдығы әрі Еробоғамның опасыздығы
13Исраилдің күллі аймақтарындағы діни қызметкерлер мен леуіліктер Рохабоғамды жақтады. 14Солтүстік Исраилдің патшасы Еробоғам мен оның ұлдары оларды Жаратқан Иеге қызмет етуден аластатты. Сондықтан көптеген леуіліктер мұралық жайылымдарын, үй-жайларын тастап, Яһуда мен Иерусалимге көшіп келді. 15Еробоғам жалған тәңірлердің ешкі және жас бұқа кейпіндегі мүсіндерін жасатып, солар үшін және биіктеу жерлердегі табыну орындары үшін өзінің діни қызметкерлерін тағайындады.#11:15 Пат3 12:28,31; 13:33; 14:9.
16Алайда халықтың барлық руларында Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге шын жүректен бет бұрып, Оның еркін сұраған адамдар болды. Олар ата-бабаларының сиынған Құдайы Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалу үшін Оған адал болып қалған леуіліктердің#11:16 11:14. соңынан Иерусалимге барды. 17Бұлар үш жыл бойы Яһуда патшалығын күшейтіп, Сүлеймен ұлы Рохабоғамды қолдады. Олар осы кезеңде Дәуіт пен Сүлеймен іспетті Құдай жолымен жүрді.
Рохабоғамның үй іші
18Рохабоғам Дәуіт ұлы Еримоттың қызы Махалатқа үйленді. Соның шешесі Есей ұлы Елиәбтің қызы Әбихаил еді. 19Махалаттан Егуш, Шәмәриях, Заһам атты үш ұл дүниеге келді. 20Бұдан кейін Рохабоғам Абессаломның (немере) қызы Махаға#11:20 Ол гибеялық Ұриелдің қызы еді (13:2). Осы есімнің өзге түрлері: Мағақа, Мааха. үйленіп, одан Абиях, Аттай, Зиза, Шеломит есімді төрт ұл сүйді. 21Рохабоғам Маханы өзінің басқа әйелдері мен кәнизактарына#11:21 Заң 17:17; Пат2 5:13; Пат3 11:3. қарағанда көбірек ұнатты. Рохабоғамның жалпы он сегіз әйелі, алпыс кәнизагы болды, солардан жиырма сегіз ұл, алпыс қыз көрді.
22Патша Махадан туған ұлы Абияхты патшазадалардың басшысы етіп, оны өзінің орнын басатын патша болуға тағайындады.#11:22 12:16; 13:1. 23Рохабоғам көрегендікпен әрекет етіп, өзге ұлдарын Яһуда мен Буняминнің күллі аймақтарына және барлық бекітілген қалаларға орналастырды. Оларды керек-жарағымен молынан қамтамасыз етіп, бірнеше әйел алуларына жағдай жасады.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in