YouVersion Logo
Search Icon

Патшалықтар 1-ж. 5

5
Келісім сандығын олжалаған жаудың Құдайдың қаһарына ілігуі
1Філістірлер Құдайдың Келісім сандығын қолға түсіргеннен кейін оны Әбен-Езерден Азот#5:1 Көне аты Ашдод. Ол Жерорта теңізінің жағалауына жақын орналасқан філістірлердің басты бес қаласының бірі еді (6:17; Елш 8:40). қаласына алып барды. 2Сол жерде Құдайдың сандығын өздері табынатын тәңір Дагонның ғибадатханасына кіргізіп, оның мүсінінің қасына қойды. 3Азоттықтар келесі күні ертемен тұрып, ғибадатханаға келгенде Дагонның мүсіні Жаратқан Иенің сандығының алдында етпетінен құлап жатыр екен! Олар мүсінді көтеріп, бұрынғы орнына қойды. 4Бірақ келесі күні де таң сәріде тұрып, қарағанда Дагон қайтадан Жаратқан Иенің сандығының алдында етпетінен құлаған еді. Оның шабылып түскен басы мен қолдары есіктің табалдырығында, ал денесінің қалған бөлігі жерде бөлек жатты. 5Сол себептен Дагонның діни қызметкерлері мен оның Азоттағы ғибадатханасына келушілер күні бүгінге дейін осы табалдырықты баспайды.
6Сол кезде Жаратқан Иенің құдіретті қолы Азот пен оның айналасындағыларды қатты жазалап, кесел жіберіп,#5:6 Немесе: айналасын қатты жазалап, тышқандарды (яки: егеуқұйрықтарды) қаптатып, елді ойрандатты (6:4-5). денелеріне шиқанды ісіктер қаптатып азаптады. 7Мұны көрген Азот халқы: «Исраилдің Тәңірінің сандығы бұл жерде қалмауға тиіс! Өйткені олардың Тәңірі бізді де, өз тәңіріміз Дагонды да қатты жазалап отыр», — деді. 8Сонымен олар хабаршыларын жіберіп, філістірлердің барлық әміршілерін#5:8 Сол заманда філістірлердің бес басты қаласының әрқайсысының өз әміршісі болып, солар билік жүргізетін (Еш 13:3; Бил 3:3; 16:5). шақырып алдыртты. Олардан:
— Исраилдің Құдайының сандығымен не істейміз? — деп сұрады. Әміршілер:
— Исраилдің Құдайының сандығын Ғатқа#5:8 Еш 11:22. жөнелту керек, — деп шешті де, оны сол жаққа апарғызды.
9Бірақ Келісім сандығы Ғат қаласына келгенде, Жаратқан Иенің құдіретті қолы оны да қатты жазалап, абыржытты. Жас демей, кәрі демей, Жаратқан Ие қаланың тұрғындарының бәріне бірдей індет таратты. Содан оларға жаппай#5:9 Немесе: олардың шаптарында. шиқанды ісіктер шыға бастады.
10Сонда олар Құдайдың сандығын Әкронға#5:10 Немесе: Ашқалонға (6:17). Әкрон (Еш 15:45; Бил 1:18): осы есім Ақарон деп те айтылады. жіберді, бірақ ол сол қалаға жете салысымен тұрғындары: «Бұлар Исраилдің Құдайының сандығын өзімізді де, бүкіл халқымызды да қыру үшін әкеліп отыр!» — деп айқай-шу шығарды. 11Олар кісілерін жұмсап, філістірлердің барлық әміршілерін шақыртып алып: «Өзіміздің де, халқымыздың да құрып кетпеуі үшін Исраилдің Құдайының сандығын осы жерден өз мекеніне қарай жіберіңіздер!» — деп өтінді. Ажал бүкіл қала халқын қатты үрейлендірді, себебі Құдайдың құдіретті қолы оларды қатты жазалап жатты. 12Өлмей тірі қалғандардың денелеріне шиқанды ісіктер шығып, қатты қинады. Қала тұрғындары көмек сұрап көкке қарай жалбарынды.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

Video for Патшалықтар 1-ж. 5