YouVersion Logo
Search Icon

Патшалықтар 1-ж. 4

4
1Осылай Самуилдің айтқандары бүкіл Исраил халқына кеңінен тарап жатты.
Келісім сандығының жау қолына түсуі әрі Ели мен ұлдарының жазаларын тартуы
Сол тұста исраилдік жасақшылар філістірлерге#4:1 Філістірлер: 4:9; Бил 3:3-4,31; «Жазба туралы мәліметті» де қараңыз. қарсы соғысқа аттанды. Олар Әбен-Езер қаласының маңында, ал філістірлер Әфектің қасында қостарын тікті. 2Жау жасағын сапқа тұрғызып, шабуылға шықты. Кескілескен шайқаста исраилдіктер жеңіліп, төрт мыңдай адамы ұрыс даласында қаза тапты. 3Қалғандары жасақтың қосына оралғанда, Исраилдің рубасылары ақылдасып: «Жаратқан Ие бүгін неліктен філістірлердің бізді талқандап жеңулеріне жол берді? Жаратқан Иенің Келісім сандығын Шилодан осында алдыртайық. Сонда ол ортамызда болып, бізді жау қолынан құтқарып алады», — деп ұйғарды. 4Сонымен Шилоға бірнеше адам жіберіп, олар Әлемнің Иесінің Келісім сандығын алып келді. Оның жер бетіндегі «тағы» сандық қақпағындағы керуб мүсіндерінің үстінде болды.#4:4 Құдай сол жерде Исраил халқының өкілдеріне аян беріп, Өзінің еркін білдіруге уәде берген еді. Алайда соның шарты халықтың Құдайға адал болып, мойынсұнып жүрулері еді (Мыс 19:3-6; 5:10,17-22; 27:21). Елидің ұлдары Опни мен Пінехес те сол жерге Құдайдың Келісім сандығымен бірге келген еді.
5Жаратқан Иенің Келісім сандығы жасақтың қосына жеткізілген кезде исраилдіктердің қуана салған айқайынан жер жаңғырықты. 6Айқай-шуды естіген філістірлер: «Исраилдіктердің қосындағы бұл не деген қатты айқай-шу?» — деп таңғалысты.
Олар қарсыластарының қосына Жаратқан Иенің сандығы әкелінді деген хабарды біліп алғаннан кейін 7үрейлері ұшып: «Олардың араларына Құдай келіпті!#4:7 Немесе: Олардың тәңірлері араларына келіпті! — десті. — Енді қасіретке қалармыз! Бұрын-соңды мұндай нәрсе болып көрген емес! 8Сорладық! Осы құдіретті тәңірлерден#4:8 Немесе: Құдайдан. (Көп тәңірлерге табынатын філістір халқы жалғыз шынайы Құдайды танымайтын.) бізді кім құтқара алады? Олар иен далада әр түрлі апаттар жіберіп, мысырлықтарды құртқан еді ғой! 9Кәне, філістірлер, нығайыңдар! Батыл да ержүрек болыңдар! Әйтпесе исраилдіктердің сендерге құл болып келгеніндей, енді сендер олардың құлдары боласыңдар. Ендеше нағыз батырларша жан аямай соғысыңдар!» — деп сарбаздарын жігерлендірді.
10Содан філістірлер жан сала шайқасып, исраилдіктер ойсырай жеңілді. Барлығы бытырап, әркім өз үйіне қашып кетті. Қырғынның зор болғаны сонша, отыз мың исраилдік жаяу жасақтың мәйіттері ұрыс даласында қалды. 11Бұған қоса Құдайдың сандығы жаудың қолына түсті, әрі Елидің екі ұлы Опни мен Пінехес қаза тапты.
12Шайқасып жатқандардың арасынан Бунямин руының бір адамы сытылып шығып, жүгірген бойы сол күні Шилоға жетті. Ол қатты қайғырып, көйлегінің өңірін айыра жыртып, басына топырақ сеуіп алыпты. 13Сол кезде Құдайдың сандығын уайымдап, жүрегі қобалжып елегізген Ели қақпа алдында, жол жиегіндегі орындығында отырған еді. Хабаршы қалаға келіп, болған жайдың бәрін айтып бергенде күллі халық айқай салып жоқтай бастады.
14Зарлы айқайды естіген Ели:
— Мынау не қылған айқай-шу? — деп сұрады. Сонда жаңағы кісі болған оқиғаны айтып беру үшін жүгіріп оның қасына келді. 15Елидің жасы тоқсан сегізде болатын, ол көзі көрмей, зағип болып қалған еді. 16Әлгі жігіт оған:
— Мен тікелей ұрыс даласынан келіп отырмын, бүгін ғана сол жерден сытылып шықтым, — деді. Ели:
— Не болғанын айтып берші, балам? — деп өтінді. 17Хабаршы:
— Шайқаста Исраилдің жасағы філістірлерден қашып кетті. Көп адамы қаза тауып, сіздің екі ұлыңыз Опни мен Пінехес те мерт болды. Құдайдың сандығы жаудың қолына түсті, — деп мәлімдеді.
18Құдайдың сандығына не болғаны туралы айтылғанда, Ели қақпа жанындағы отырған орындығынан#4:18 4:13. шалқалай құлап түсті. Содан желкесі үзіліп, Ели жан тапсырды.#4:18 2:31-32; 3:12-13; Леу 10:3. Себебі ол өте кәрі және денелі кісі болатын. Ели қырық жыл бойы Исраилге билік айтып келген еді.
19Бұл кезде Елидің келіні, Пінехестің әйелінің босанатын мезгілі жақындап қалған болатын. Әйел Құдайдың сандығының жау қолына түскені, әрі қайын атасы мен күйеуінің дүние салғаны туралы хабар естігенде сол жерде толғатып, босанды. Алайда толғағы өте ауыр болды. 20Хал үстінде жатқанда қасындағы әйелдер оны: «Қайғырма, ұл тудың», — деп жұбатты. Бірақ ол бұған жауап қайырмады, тіпті көңіл де бөлген жоқ. 21Құдайдың сандығы жаудың қолына түсіп, қайын атасы мен күйеуі дүние салғандықтан, әйел: «Салтанатты ұлылық Исраилді тастап кетті!» — деп, ұлына Иқабод (яғни «Ұлылық жоқ») деген ат қойды. 22Ол: «Салтанатты ұлылық Исраилді тастап кетті, себебі жау Құдайдың сандығын қолына түсірді», — деп налыды.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

Video for Патшалықтар 1-ж. 4