YouVersion Logo
Search Icon

Патшалықтар 1-ж. 25

25
Самуил пайғамбардың дүние салуы
1Осы аралықта Самуил пайғамбар қайтыс болып, бүкіл Исраил халқы Рамаққа жиналды. Олар оны жоқтап аза тұтып, мәйітін үйінің қасындағы қабірге қойды.
Мұнан кейін Дәуіт Мағон маңайындағы елсіз аймаққа#25:1 (25:2) Немесе: Паран деп аталған елсіз, қыратты аймаққа (Жар 21:21; Рул 10:12; 13:3). қарай ығысты.
Ақымақ Набал бай мен оның ақылды әйелі Әбигел
2Мағон қаласында бір өте бай адам тұрып жатты. Оның үш мың қойы, бір мың ешкісі және көршілес Кәрмел қаласының#25:2 15:12; Еш 15:55. маңында жайылымдық жері де бар болатын. 3Бұл кісінің есімі Набал, әйелінің есімі Әбигел еді. Әбигел ақылды да сымбатты, ал күйеуі Набал#25:3 Набал есімі «ақымақ» дегенді білдіреді. қатыгез де қара ниетті болатын. Набал Халептің үрім-бұтағынан шыққан еді.
Сол уақытта Набал Кәрмелде қойларын қырқып жатты. 4Қыратты далада жүрген Дәуіт бұл туралы естіп, 5жас жігіттерінің онын Набалға жұмсап, оларға мынадай тапсырма берді:
— Кәрмелге көтеріліп, Набалмен амандасыңдар. Оған сәлемімді жеткізіп, 6былай деңдер: Жеке басыңызға, үй ішіңізге, бүкіл иелігіңізге амандық пен тыныштық тілейміз. 7Қазір қойларыңызды қырқып жатқаныңыз туралы естідім. Шопандарыңыз жанымызда жүргенде, біз оларға ешқандай жәбір көрсеткен емеспіз. Қайта, Кәрмелдің маңында малдарын бағып жүрген бүкіл уақытта олардан бірде-бір тұяқ жоғалған жоқ! 8Осыны қызметшілеріңізден сұрасаңыз болғаны, өздері-ақ айтып береді. Той үстіне#25:8 Әдетте қой қырқу мерзімінің соңында той өткізіліп, әркім қонақжайлылық танытатын (Пат2 13:23-24). келіп қалған екенбіз, мына жіберген жас жігіттерімді жылы шыраймен қарсы ала көріңіз. Осы қызметшілеріңіз және ініңіз Дәуітпен қолыңыздағы барыңызбен бөліссеңіз екен.
9Жігіттер Дәуіттің сәлемін Набалға түгелдей жеткізіп болып, үнсіз күтіп тұрып қалды. 10Бірақ Набал оларға дөрекі жауап беріп:
— Дәуіт деген кім өзі? Есейдің бұл баласы кім екен? Бүгінде қожаларынан қашып, босып жүрген құлдар толып жүр! 11Неліктен наным мен сусынымды, қырықтықшыларыма арнап сойылған малымның етін қайдан келе қалғаны белгісіз біреулерге бере салуым керек?! — деді.
12Жігіттері қайтып келіп, осы сөздердің барлығын Дәуітке баяндап берді. 13Сонда ол адамдарына: «Семсерлеріңді асыныңдар!» — деп бұйырды. Бәрі де, Дәуіттің өзі де семсерлерін асынып алды. Төрт жүздей адам онымен бірге аттанып, қалған екі жүзі тұрақтаған жерлерін күзетіп қалып қойды.
14Набалдың бір қызметшісі оның әйелі Әбигелге бұл туралы былай деп хабарлады: «Дәуіт қыратты аймақтан хабаршылары арқылы қожайынымызға сәлемін жолдаған еді. Бірақ ол соларды балағаттап, қайтарып жіберді! 15Алайда сол кісілер бізге көп жақсылық жасап келді. Жайлауда олардың жанында жүргенімізде бізге ешқандай жәбір көрсеткен жоқ. Бірде-бір нәрсеміз жоғалған да емес. 16Қайта, қастарында қой баққан кездерімізде бізді қамал сияқты күні-түні қорғап жүрді. 17Ал енді, не істеу керектігін өзіңіз ойланып көріңіз: мырзамызға және оның бүкіл үй ішіне қауіп төніп тұр! Қожайынымыз — арсыз адам, онымен ешкім батып сөйлесе алмайды ғой».
18Сонда Әбигел дереу екі жүз таба нан, екі мес шарап, бес қойдың етін, бір қап қуырылған бидай,#25:18 Яки: бес өлшем қуырылған дәнді дақыл (шамамен 35 литр). жүз бума мейіз және екі жүз бума кепкен інжір жемістерін алып, бәрін есектерге артты. 19Әйел қызметшілеріне: «Менен бұрын кете беріңдер! Мен арттарыңнан шығамын», — деп бұйырды. Күйеуі Набалға ол бұл туралы тіс жарған жоқ.
20Есекке мінген Әбигел таудың ық жағымен төмен түсіп бара жатқанда, Дәуіт жігіттерімен басқа жақтан оған қарсы төмен түсіп келе жатыр екен. Осылайша олар бір-бірімен кездесті. 21Ал Дәуіт Набалға қатты өшігіп: «Сол кісінің қыратты аймақтағы бүкіл мал-мүлкіне қарап, ештеңесін жоғалтпай күзеткенім бекер болыпты! Ол істеген жақсылығыма жамандықпен қайтарып отыр, міне! 22Егер таң атқанша оның иелігіндегі еркектерінің бірде-біреуін тірі қалдырсам, Құдай мені жазалаған үстіне жазаласын!» — деген болатын.
23Әбигел Дәуітті көрген бойда есегінен түсе қалып, оның алдында басын жерге дейін иіп тағзым етті. 24Оның аяғына жығылып, былай деп өтініш жасады:
— Тақсыр ием, кінә өз мойнымда! Күңіңіздің сөйлеуіне рұқсат беріп, айтқандарына құлақ түре көріңіз! 25Тақсыр ием, сол арсыз Набалға көңіл бөлмеңіз. Есімінің «Ақымақ» дегенді білдіретініндей, өзі де барып тұрған ақымақ. Ал мен жіберген жігіттеріңізді көрмей қалдым.
26Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында және сіздің алдыңызда шындықты айтамын: енді Жаратқан Ие сізді қан төгіп өз қолыңызбен кек алудан сақтап қалып отыр. Барлық жауларыңызға және сізге жамандық тілейтіндерге Құдай сол Набал тартуға тиісті жазаны тартқызсын! 27Мынау — нөкер жігіттеріңізге беру үшін мендей күңіңіздің тақсыр иесіне алып келген сыйлары.
28Тақсыр, күңіңіздің кінәсін кешіре көріңіз. Жаратқан Ие өзіңізге және әулетіңізге тұрақты патшалық құрғызады. Себебі Жаратқан Ие үшін соғысып жүрсіз, әрі өмір бойы ешбір зұлымдық жасамай келесіз.#25:28 Немесе: зұлымдық жасай көрмеңіз. 29Өлтіру үшін сізді біреу қуып жүрсе де, Құдай Иеңіз өміріңізді көзінің қарашығындай сақтайды, ал жауларыңыздың өмірлері сақпаннан атылған тас іспетті ғайып болады. 30Тақсыр, Жаратқан Ие алдын ала уәде еткен игіліктерінің бәрін сыйлап, сізді Исраилдің басшысы етіп қойған кезде, 31адам баласының қанын бекерден-бекер төгіп, кегімді қайтардым-ау#25:31 24:13. деген ой өзіңізді мазалап жегідей жемейтін болады. Лайым Жаратқан Ие сізді жарылқасын! Өзіңіз күңіңізді есіңізден шығара көрмеңіз.
32Сонда Дәуіт Әбигелге былай деп жауап берді:
— Сені бүгін маған жолықтырып отырған Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге шүкірлік! 33Зор даналығыңмен мені бүгін қан төгіп, кек алудан сақтап қалғаның үшін сені жарылқай көрсін! 34Мені өзіңе жамандық істеуден бөгеп қалған — Исраилдің мәңгі тірі Құдай Иесі. Оның Өзі мынаған куә: егер сен осылай тездетіп алдымнан шықпағаныңда, таң атқанша сол Набалдың еркектерінің бірде-біреуін тірі қалдырмаған болар едім! 35Дәуіт Әбигелдің қолынан алып келген сыйлық дәмін қабылдап: — Аман-есен үйіңе қайта бер. Сөздеріңе құлақ астым, бетіңді қайтармаймын, — деп онымен қоштасты.
36Әбигел үйіне қайтып келгенде, Набал патшаның тойындай етіп дүркіретіп той өткізіп жатыр екен. Көңілі көтеріңкі, өзі әбден мас болып алыпты. Әйелі оған таңертеңге дейін ләм-мим деген жоқ. 37Ертеңгісін Набалдың мастығы тарқағанда, әйелі оған болған жайттың бәрін айтып берді. Сонда оның жүрегі шыдамай, тастай қатып сіресіп қалды. 38Шамамен он күннен кейін Жаратқан Ие Набалға ажал жіберді.
39Дәуіт Набалдың өлгені туралы естігенде: «Жаратқан Иеге шүкірлік! Ол Набалдың мені масқаралағанын әшкерелеп, өзімді ақтады, әрі жамандық жасаудан сақтап қалды. Енді Набалдың істеген зұлымдығын оның өз басына қайтарды!» — деді. Кейін Дәуіт араға кісі салып, Әбигелге үйленбек ниетін білдірді.
40Уақыты жеткенде Дәуіттің қызметшілері Кәрмелге барып, Әбигелді:
— Дәуіт бізді сізге жіберді. Оған күйеуге шығу үшін бізге еріп жүрсеңіз екен, — деп шақырды. 41Сонда Әбигел басын жерге дейін иіп тағзым етіп:
— Тақсыр ием Дәуіттің күңімін. Оның қызметшілерінің аяқтарын жуатын күңі болуға дайынмын,#25:41 (25:23; Жар 18:4) Яғни Тақсыр иемнің ең қарапайым тапсырмаларын да орындауға дайынмын. — деді.
42Әбигел дереу жолға жиналып, есегіне мініп, қасына бес қызметші қызын ертіп алды. Осылай ол Дәуіттің жолдас жігіттеріне ілесіп барып, Дәуітке күйеуге шықты. 43Сонымен Дәуіттің екі әйелі болды, ол ізрелдік Ахиноғамға да үйленген еді. 44Ал Саул Дәуітке ұзатқан қызы Михолды Дәуіттің жоқ кезінде ғалимдық Лаиш ұлы Палти есімді біреуге қосқан болатын.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in