Патшалықтар 1-ж. 24
24
Дәуіттің адалдығына көзі жеткен Саулдың ұялуы
1 # 24:1 Ескерту: Кейбір аудармаларда бұл аят 23:29 деп белгіленіп, осы тараудың қалған аяттарының таңбаларында бір санға айырмашылық бар. Дәуіт сол аймақты тастап, Ен-Геди маңындағы елсіз қыраттың қауіпсіз жерлеріне#24:1 Яки: Ен-Геди шұратының (оазисінің) маңындағы бой тасалап, бекінуге ыңғайлы қыратты, елсіз жерлерде. орналасты. 2Саул філістірлерді қуып тастап, қайта оралғаннан кейін, «Дәуіт Ен-Гедидің елсіз қыратында жүр» деген хабар алды. 3Ол бүкіл Исраилден үш мың таңдаулы жасақшыны жинап, Дәуіт пен оның адамдарын «Жабайы Ешкілер» жартастарының маңынан іздеуге шықты. 4Жол жиегіндегі қой қораларының қасында бір үңгір бар екен. Саул түзге отыру үшін соған кірді. Дәл сол үңгірдің түкпірінде Дәуіт пен жігіттері жасырынып отырған еді. 5Жігіттері Дәуітке сыбырлап былай деді:
— Жаратқан Иенің сізге: «Мен қас жауыңды қолыңа тапсырамын, оған қалағаныңды істе» дегені, міне, бүгін іске асып тұр!
Сонда Дәуіт орнынан тұрып, Саулға жақындап барып, білдірмей шапанының бір шетін кесіп қана алды. 6Бұдан кейін мұнысына да ар-ұжданының алдында ұят сезінді. 7Дәуіт серіктеріне қайта оралып:
— Жаратқан Ие тағайындаған#24:7 Яки: Жаратқан Ие (патша болуға тағайындап) май жағу рәсімінен өткізген (10:1; 24:11). тақсыр иеме қарсы көтеріліп, оған қол жұмсаудан Құдай сақтасын! Бұл Жаратқан Ие тағайындаған патша ғой! — деп 8тыйым салып, олардың Саулға бас салуларына жол бермеді.
Саул орнынан тұрып, үңгірден шыққаннан кейін 9Дәуіт те үңгірден шығып, Саулдың соңынан:
— Уа, патша ием! — деп айқайлады. Саул артына қараған кезде Дәуіт басын жерге дейін иіп тағзым етіп, 10Саулға: — Біреулердің «Дәуіт сізге қастық ойлап жүр» дегендеріне неге сенесіз? — деп дауыстады. — 11Үңгірде болғаныңызда Жаратқан Ие сізді қолыма тапсырып-ақ еді, соған енді көз жеткізе аласыз. Маған «Көзін құртыңыз!» деді, бірақ мен: «Тақсыр иеме қол жұмсамаймын, ол Жаратқан Иенің тағайындаған патшасы ғой!» деп, сізге жаным ашыды. 12Қараңызшы, әке, шапаныңыздың бір шеті, міне, менің қолымда! Оны жаңа ғана шапаныңыздан кесіп алдым, бірақ өзіңізді өлтірмедім. Содан менің сізге ешқандай қастық не бүлік жасамағанымды біліп алыңыз.
Сізге істеген ешбір жамандығым жоқ, ал өзіңіз қалайда жанымды алу үшін артымнан қалмай жүрсіз. 13Екеуіміздің арамызда Жаратқан Ие төрелік етсін! Істеген істеріңізге қарай Жаратқан Иенің Өзі сізді жазаламақ.#24:13 Немесе: сізден кегімді қайтармақ. Бірақ мен сізге қолымның ұшын да тигізбеймін. 14Ата-бабамыз: «Зұлымдықты зұлымдар жасар» деп мақалдап айтып кеткен емес пе? Сондықтан мен сізге қолымның ұшын да тигізбеймін!
15Исраил елінің патшасы кімге қарсы аттанды? Сіз кімді қуып жүрсіз? Бір иттің өлімтігін#24:15 Пат2 9:8; 16:9. яки титтей бүргені емес пе? 16Жаратқан Ие төреміз болып арамыздағы дауды шешіп берсін! Оның Өзі ісімді қарап, қорғап, мені қолыңызға түсірмей, ақтап шығара көрсін! — деді.
17Дәуіт осы сөздерді айтып болғанда, Саул:
— Дәуіт, балам-ау, бұл сен бе едің? — деп дауыс көтере сұрап, егіле жылады. 18Содан кейін ол: — Сен менен әлдеқайда әділсің! Өзіңе істеген зұлымдықтарыма жақсылықпен жауап қайтардың. 19Сен бүгін де маған жақсылық жасап, соныңды ісіңмен дәлелдедің. Жаратқан Ие қолыңа беріп тұрғанның өзінде, сен мені өлтірмедің! 20Қас жауы қолына түскен қандай адам оны аман-есен жібере салады? Маған бүгін істегеніңді Жаратқан Ие саған да жақсылықпен қайтара көрсін!
21Сенің шүбәсіз патшалық құрып, Исраил патшалығының билігі қолыңда берік болатынын енді білдім. 22Ал қазір менен кейінгі ұрпақтарымды құртпауға, әрі әкемнің әулетінің ішінде есімімді өшірмеуге маған Жаратқан Иенің алдында ант бер! — деді.
23Дәуіт осылайша Саулға ант берді. Бұдан соң Саул сарайына қайтып, Дәуіт адамдарын ертіп қыраттағы паналайтын жерлеріне көтерілді.
Currently Selected:
Патшалықтар 1-ж. 24: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.